Ұлттық рухты асқақтатқан «Алаш» тобы

bez imeni5354 Мәдениет

Жыл сайын Наурыз мерекесінде Атырау қаласындағы Томарлы мәдениет үйі өнер жұлдыздарын «құпия қонақ» ретінде шақыруды дәстүрге айналдырған. Биыл да осы дәстүрді жалғастырған мәдени ұжым ауыл тұрғындарына тосын сый жасап, өр қазақтың рухын көтеретін әндерімен танылған «Алаш» тобын шақырды.
Этно-фольклорлық топтың әуезді әнін тыңдаған өнерсүйер қауым еріксіз кешегі өткен бабалар рухымен қуаттанғандай болды. Сондай-ақ «Алаш» тобымен бірге сахнада Көк Туды асқақтатқан ТМД және еліміз бойынша алып адам Парасат Нұрғалиев тыңдарманның ықыласына бөленді.
Мерекелік шарада Қайыршақты ауылдық округінің әкімі Шапхат Қалиев ауыл тұрғындарын құттықтап, биыл Наурыз мерекесінің ерекше форматта тойланып жатқанына маңыз берді.
–«Ырыс алды – ынтымақ» деген қазақпыз ғой, Ұлыстың ұлы күні еліміз бен жеріміз үшін ырыс пен берекенің, бақыт пен тұрақтылықтың, жаңару мен жаңғырудың бастауы болғай. Бірлігі жарасқан елдің еңсесі де биік болады, – деп, ақжарма тілегін білдірді.
Көтеріңкі көңіл-күйді республикалық байқаулардың лауреаты, дәстүрлі ән мамандығының ұстазы Гүлзада Нәбиқызы «Айдай» ансамблінің сүйемелдеуімен жалғастырды. Жергілікті өнерпаздар мен «Гүлдер» би ансамблі де өнерлерін паш етті.
Наурыз тойға келген қонақтар наурыз көже мен бауырсақтан дәм татты. Риза болған тұрғындар бір-біріне «Жақсылық пен ізгіліктің бастауы болған Наурыз мейрамы баршаға берекелі болғай!» деген тілек-баталарын арнады.


Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз