Республикалық ардагерлер ұйымына – 35 жыл (+ФОТО)

img 20220527 wa0072 Мәдениет

«Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» дейді үлкендер. Айтса айтқандай, жастары бірнеше ондықты алқымдап отырса да, қолынан қара домбырасы мен баянын тастамаған мына жандарға қуана да, қызыға да қол соғасың. Олар әуелете ән салғанда, үлкен сахналарда жүрген танымал өнер шеберлерінен кем түспейді. Бүгіндері құрметті еңбек демалысында жүрген аға-апалардың өнермен бірге есейіп, көпшіліктің құрметі мен қошеметіне бөленіп келе жатқанына марқаясың, кейінгілерге үлгі етесің.   

Тәуелсіз еліміздегі іргелі шаңырақтың бірі – республикалық ардагерлер ұйымы. Ол осыдан 35 жыл бұрын, сонау 1987 жылы құрылып, өз жұмысын бастаған-ды. Туған Қазақстанымыздың осы аралықта өткен жолы, қоғамдық-саяси дамуы, оң өзгерістері – бәрі-бәрі ардагерлер ұйымының жұмысымен біте қайнасып келе жатыр. Қоғамнан өзіндік орнын алып отырған бұл ұйым мүшелерінің беделі жоғары, берері мол. Әсіресе, жас ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеп, патриоттыққа баулуда аға буын өкілдерінің еңбегі ерекше. Сонымен қатар, ардагерлер ұйымы мемлекеттік органдармен, отандық, бірлескен және шетелдік компаниялармен, демеушілермен, түрлі бірлестіктермен, үкіметтік емес ұйымдармен, кейінгі лекпен ынтымақтастық қарым-қатынаста. Осылай деген Атырау облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Мұрат Өтешов: 

– Қазақ өнермен бірге туған. Біздің қанымызға сіңген өнерді ардагерлеріміз әлі күнге өздерімен бірге алып келеді. Өнер – адамға қуат береді, ерекше күйге бөлейді. Бүгінгі сахна төрінде ән-жыр десе, ішкен асын жерге қоятын, делебесі қозатын ылғи өнерпаздар шығатын болады. Осындай әншілеріміз бен күйшілеріміз шалғай ауылдарда да көп. Жергілікті жердегі аудан, ауыл әкімдері өнерпаз үлкендерді тауып, халықтың алдына шығарулары керек. Бұл оларға үлкен күш береді, ал көрерменге рухани азық сыйлайды, – деді. 

…Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармония ішінде ине шаншар орын жоқ. Өйткені, мұнда «Ардагерлер әуендері -V» атты облыстық фестиваль өтуде. Бәрі де ардагерлердің өнерін тамашалауға, үздіксіз қол соғуға келіпті. Тек Атырау қаласынан емес, сондай-ақ, өнерпаздар келген шалғай аудандардан да көрермендер баршылық. Солардың бірі – құлсарылық  Нұрыш Сағынғалиева. Әңгіме арасында ол: «Қандай тамаша, жастарының біразға келгеніне қарамастан, бәрі шетінен өнерлі екен. Екі сағаттан астам уақыттың қалай өткенін сезбей қалдық. Керемет болды. Тек шара өткен жер шағындау болып, біраз көрермен түрегеп тұрды…» деген ойын жасыра алмады. 

Расымен де, сахнада өнер көрсеткен әнші, күйшілердің «осы қалайы» болмады. Олар – жылыойлық Жексен Имашов, индерлік Бақытжан Иманғалиев, атыраулық Айжан Қанатова, 85 жастағы исатайлық күйші-сазгер Нұрпейіс Молдақұлов, ерлі-зайыпты махамбеттік өнерпаздар – Борис және Антонина Дюсуповтар, исатайлық «Мирас», атыраулық «Шынар-ай», «Ақ әжелер», «Ардагерлер» хоры, индерлік «Ару ана, әжелер», атыраулық «Былина», мақаттық ардагерлер, корейлер мәдени бірлестігі ансамбльдері – бәрі көрермен қошеметіне бөленді. Өнер айдынында еркін жүзген өнерпаздарды облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Мұрат Өтешов марапаттап, ең ізгі тілегін білдірді.  

Лиза СЕЙТІМОВА

Фото: Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз