БІР ЖЕРДЕ КӨГЕРГЕН ДАРАҚ

Сәбит ОРАЗБАЕВ,

Қазақстанның Халық әртісі,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,

«Отан» және «Парасат» ордендерінің иегері.

«Малдәрігерлік... әншілік... сосын актерлыққа тапсырдым»

– Сәбит аға, жарты ғасырдан астам уақыттан бері сахнада үзіліссіз өнер көрсетіп келесіз. Өнер әлемінде өзін-өзі түсіну мен өзін өзгеге түсіндіру – сирек құбылыс. Сіз өзіңізді өзгеге түсіндіре алған актерсіз. Сол өткенге бүгінгі уақыт биігінен көз салыңызшы...

– Рас, қызым. «Әкем (М.Әуезов театры. ҚБ.) театрға» қызмет жасап келе жатқаныма 55 жыл! Күні кеше ғана сияқты ед, зымыраған уақыт-ай, десеңші… Театр факультетін бітірген бойда келіп ем. Қазақ қара сөзінің абыройын иманындай көріп, соңғы демдері үзілгенше өнерге деген адалдықтарын қылаусыз танытқан қазақтың марғасқаларымен сахналас болдым, дидарластым, өмірлік тәжірибе алдым. Осындай қайталанбас дария-дарындардың ізін басқан соң, әу бастан-ақ құдай абырой беріп, халықтың сүйіктісіне айналсам, еткен еңбегіме риза болса деген арман болды. Аллаға шүкір, сол арманның біразы орындалыпты.

Өнерге деген ынта мектеп жасында басталған. Мұнымды ағайын-туысқа ашып айтпағаныммен, шешем іштей сезетін. Өзімнің туып-өскен жерім Шымкенттің іргесіндегі Сайрам ауданы, «Қызыл әскер» елді мекені, сондағы онжылдық мектепте оқыдым. Бүгінгі Қазақстанның халық әртісі Ақсақал Қалмырзаев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ошат Рахимовтар менімен бірге оқыған.

Сонымен аттестатты қолға алып, үйге келген соң ағайын-туыстан үлкендерді жимақ болдым. Себебі, әкем дүниеден ертерек кеткен, жалғыз ағам соғыста қаза тапқан, әпкем тұрмысқа шығып, өз орнын тапқан. Сол кездегі үрдіс бойынша ағайындардың алдынан өту – парыз. Оларға өнерді қалайтынымды айтқаным сол, бірауыздан құптамады. «Малдәрігерлік институтқа түс. Ауылда мал дәрігері жоқ, малдың бәрі қырылуда, ауырса сойыңдар, сойыңдар деп, ауылда қара мал қалмады» деп Әбдіқадыр көкем біраз тулап алды. Қарсыласпадым. Ол заманда үлкеннің айтқанына бағынбай көр! «Баланың ырқын көрмейсіздер ме, мүмкін, өнер жағынан бағы жанатын шығар…» деп күбірлеген анама «Құрманбек сияқты дәйді болып кетед. Балаңды оған еліктірме. Олар көп әйел алатын болады, ел қыдырады, ауылды ұмытады. Елдің ду қол шапалағы мен лепірме мақтаулары қосылғанда… балаңды таба алмай қаласың» деп апамды қорқытып, сөйлеткізбей тастады.

«Құрманбек сияқты» деп отырғаны атақты актер Құрманбек Жандарбеков. Ол кісі біздің ауылға көршілес Теспе ауылынан.

– Сонымен, Алматыға келдіңіз…

– Сонымен Алматыға келдім. Үлкендердің мықтап тапсыруымен малдәрігерлік оқуға тапсырдым. Мұнда бір туыс, я танысым жоқ. Шымкентте бірге келген Жақып досым екеуміз бір татардың үйінде уақытша тұрдық. Бас көтермей бір ай бойына оқуға дайындалып, емтиханнан мүдірмей өтіп, оқуға қабылдандым. Оқуға түсіп, арқа-басым кеңіп, енді Алматыны дұрыстап аралап көрейінші деп көшеге шыққам. Қазіргі Абылайхан көшесінің бойымен келе жатсам, нәзік үнді скрипканың дауысы құлағыма келді. Тоқтай қап тыңдасам, скрипка ғана емес, домбыраның, одан қыз-жігіттердің ән айтқан дауыстары естілді. Жақындап барсам, консерватория! Ол кезде ол оқу орны консерватория деп аталмайтын. Мынадай дауыстарды естіп, ішімде бұғып жатқан арманым қайта селт етіп, ойым бұзылды. Тәуекел деп ішке кірдім. Кілең өзім сықылды жастар. Қандай оқу орны, мұнда қандай мамандықтар дайындайтынын сұрап білдім. Малдәрігерлік институттан әрең дегенде құжаттарымды алып, әншілік факультеттің дайындық курсына тапсырдым. Ауылда ешкімге айтпадым.

Бірінші курсты бітіріп, әнші болуға қадам басқалы тұрғанымда, «ойбай, не дейсің, театрға актерлар дайындайтын факультет ашылыпты. Асқар Тоқпанов қыздар мен ұлдарды қабылдайды екен» деген хабар жетті құлағыма. Құжаттарымды қайта алып, сонда тапсырдым. Қарасам, қазіргі құдіретті атақтыларымыздың бәрі Асанәлі, Фарида, Райымбек, Бекен, т.б. сонда жүр.

Әңгімелесу сынағы үшін Тоқпановтың алдына кірдім. Басымнан шашым үлкен болатын. Ол кісінің бірден айтқаны «шашың дұрыс бала, басыңды қайдам, қазір тексереміз» деп, сұрақтарын жаудыртты. Емтиханды жақсы тапсырып, түсіп кеттім. Студенттік жылдар басталды. Сайын Мұратбеков те, Оспанхан Әубәкіров те бізбен оқыды. Кейін бірі атақты жазушы, бірі сатирик болып кетті. Екінші курста Қытайдан Фарида Шәріпова келді. Ол «Хасен Жәмила» фильмінің басты кейіпкері болған. Сол кездің өзінде оның атағы дүние жүзіне танылған еді. Ахмет Жұбанов Қытайға барған кезінде Фариданы көріп, талантты жас актрисаның өз елінде өнерін паш ету керектігін түсіндіріп, келуіне себепкер болған, әрі сол жылдары сырттағы қазақтар елге ептеп келе бастаған болатын. Фарида өте еңбекқор, ізденімпаз, бәрімізге үлгі болатын, өте жақсы оқыды.

Асқар Тоқпанов алдыңғы шептегі бүкіл өнер қайраткерлерінің ұстазы болды. Қазақстандағы кез келген Халық әртісі сол кісінің шәкірті еді. Ол кісі сексенге жетпей дүниеден кетті. «Абайды оқы, адам боламын десеңдер, Абайды оқыңдар» дейтін. Ол кісі Абайдың барлық қара сөздері мен өлеңдерін жатқа айтатын. Өте парасатты жан еді.

Өзім арман еткен өнердің оқуына түскенімді айтып, анама хат жаздым. Ағамның баласы Мәулен хатты оқып беріп отырып «Апа, Сәбит көкем әртіс болыпты ғой, әнші ме, әртіс па болам деп еді, ақыр сонда кетіпті ғой» дегенде, апам «Ойбай, үндеме, әлі белгісіз ғой» депті дауысын бәсеңдетіп, ешкім естіп қоймады ма дегендей. Сондағы Мәуленнің аузының беріктігіне әлі ризамын, кіп-кішкентай болса да, үлкендер өздері естігенше айтпаған. Артынан ағайындар естіді, ешқайсысы реніштерін ашық білдірмеді. Кейін оқуымды аяқтап, диплом алып, отбасылы болдым. Әуезов театрына жұмысқа тұрдым. Сонда туыстарым келіп, «дұрыс екен, бағың ашылсын» деді. 

«Искусствода ағайынгершілік жүрмейді…» деді

– Кәлимадай қайталап ауызға алатын ауылыңыз артта қалды. Ал, қара шаңырақты сақтап қала алдыңыз ба, әлдекімге аманаттадыңыз ба?

– Дәл өзім тұрмасам да қара шаңырақты өз ағайынымызға аманаттадық. Апам ауылда қалғанда ауылдағы көбік ауыздылар «Жалғыз балаң сені жалғыз тастап кетті. Шақырмайсың ба ауылға, не керегі бар енді?» деп мазасын ала берген. Сонда мен өмірімде жасамаған ерлік жасадым. (Аға, еріксіз рахаттана күліп алды. ҚБ.) Екінші курсты аяқтаған бойда апамды Алматыға алып келдім. Үй-жай жоқ, дайын тұрған ешнәрсе жоқ. Болса да бойдақпын. Жалпы қызға икемім де болмады. Оқуды бітірер кезде осы үйдегі жеңгеңе кездестім. Кейбіреулер «осы кіші жүздің талай қызын алып шатасып жатқан адамдар бар. Сіз қалайша кіші жүзге бір көргеннен ғашық боп, әрі жақсысын алғансыз» дейді.

Қойшы, әлгілерге апам «оқысын, әзірге бойымда қуатым бар» деп жауап берсе керек. Біз кетерде «шығарып саламыз, той жасамайсың ба?» дегендерге апам «ешнәрсе жасамаймын, алдымызда не күтіп тұрғанын білмеймін. Баланың өзі ниет білдірді. Апарам деп отыр, мүмкін бір жылдан кейін қайтып келермін» депті. Ауылдағылар біздерді шығарып салды. Жерімізді Болатбек дейтін ағамызға бердік. Өзім еккен жүз түптей ағаштарым кетер кезде сондай биік, көз тартар болып өсіп тұрған. Әбдіқадыр көкем «әй, Болатбек, мыналар Алматыға кетіп барады. Үй-жай жоқ, мына ағаштың әрқайсысынан үйіңе страпль жасайсың, сен бұларға ақша бер» деді. Болатбек көке ақша берді бізге. Үйде қара қазан болатын, апам қоймай соны қырып, тазалап жуып, ақ матаға орап алды. «Апа, қайтесіз оны?» десем, «қара қазан барда, біз аш болмаймыз» дейді апам жарықтық. Алматыда оқитын ауылдың бір-екі жігітіне апамды әкелетінімді айтып кеткем. Солар бізді күтіп алды. Бірі көрпе-жастықты, бірі қазанды көтеріп дегендей. Өздері «Академия науктың» подвалында тұратын. Бізді сонда апарды. Апамның сол батырлығына әліге дейін таң қалып, әрі сағынышпен еске алып отырам. Ештеңеге мойын бұрып қарамастан менімен ілесіп келе бергеніне. Әлгі достарым «екі бөлмелі» үйді босатып, өздері кетпек болып еді, апам оларға «Қайда кетесіңдер, бізбен тұрыңдар. Сендер сабаққа барасыңдар, мен тамақ пісіріп қоямын» деді. Апам айтқанындай күнде тамақ әзірлеп қояды. Сондағы ішетініміз – кеспе көже. Ауылдың ең маңызды тамағы. Ептеп апам да қалаға үйрене бастады. Сол маңайдан өзіне құрбылар тауып алды. Бейнетке көп қызмет жасаған апам адамдармен тез тіл табысушы еді. Сөйтіп жүргенде, шымкенттік бір кемпірмен танысып, екеуі апалы-сіңлілідей араласады. Ұлы Медеу ауданында прокурор екен. Сол кемпір «біздің қасымызда бір бөлмелі үй бар, соған кіріңдер. Подвалдан ауырасыңдар» дейді. «Өлмегенге өлі балық жолығады» демекші, сол үйге орналасып алдық. Екі үй бір отбасындай араласып кеттік. Ол үйге қонақтар келеді, мен домбыра тартып, ән айтам. Сабақтан кейін екі үйдің әншісі болам.

Кейде демалыс күндері Садыхан, Үмбет, Нығмет атты жігіттермен бәріміз вокзалға барып, кешкісін жұмыс істейміз. Цемент түсіреміз. Ол заманда цемент дегенің қапшықпен болмайтын. Одан қалса, аузы-басымызды майкамызбен жауып алып сексеуіл түсіреміз вагоннан. Содан бір болгар кездесіп қап, еліне кетіп бара жатқанын, қолындағы фотоаппаратын сататынын айтты. Ол кезде мұндай сапасы өте жоғары фотоаппарат оңайлықпен табыла бермейтін. Тиын-тебендеп жинаған қаражатыма әлгі фотоаппаратты сатып алдым. Күнкөріс қамын жасау керек. Қаланың ішіндегі бір балалар бақшасының меңгерушісіне, ұмытпасам, Шәрипа есімді апаймен танысып, сөйлестім. Ол кісі «Балам, түсіре бер, егер суреттерді сапалы етіп шығарып тұрсаң, балалардың ата-аналарынан еңбегіңді жинап беремін» деді. Сурет шығару «ходовой» товар екен. Студент кезімде осылайша фотограф та болдым.

Сосын студенттік шақта театрда көпшілік сахнасына қатысып жүретінмін. Бірде «Шоқан Уәлиханов» қойылымына қатысып жүргенімді жақсы араласатын жерлес екі досым көріп, атап өтейік деп болмады. Ресторанға шақырды. Ол кезде ресторанға бару өте сирек кездесетін. Тамақтандық, олар шарап ішіп отырған. «Сен де ішіп көр, бұл тәтті су сияқты» деп болмастан маған да ішкізді. Дәмін көрмеген затым. Шынында да, тәтті екен. Бірінен кейін бірі кетіп жатты. Бір кезде қайтайық десем, аяғым жұмыс істемейді. Далада аяз. Қар қалың. Ана екеуі де қызып қалса керек. Олар мені үйге апарып тастаймыз деп уәде берген. Үйімді айтам, тілім де «дұрыс жұмыс істемейді». Бір уақытта біреудің «эй, вставай, вставай!» деген дауысынан көзімді ашсам, академия науктың қасындағы кішкентай арықта жатырмын. Мені тұрғызып жатқан аула сыпырушы орыс шал екен. Сонда мені аяздан алып қалған – кеудеше тоным. Ауылда ішімізден киіп жүретін тонға ұқсас өте жылы киім болушы еді ғой. Сол тоным ішімде болатын.

Үйге келсем, анам отыр. Үн жоқ. «Балам-ау, мұның не, масқара ғой…» деген сияқты бір ауыз тіл қату жоқ. Шай берді, кеспе көже берді. Ішіп жатырмын, ішіп жатырмын. Апам екеуміздің арамызда сөз жоқ. Маған апам ұзақ қарап отырды… Бір кезде: «Балам, мен бәрін түсіндім. Елді дүркіретіп, той жасап шықпағанымыз дұрыс болыпты. Олар баласы шешесін Алматыға алып кетті деп аспандатуда. Бірақ, не де болса, мен елге қайтайын. Мынау тіршілік болмайды. Саған айттым не, айтпадым не, ішкенің жақсы болмады» деді. Ойпырмай, апам-ай, әйелдігіне салып дауыс та шығармады ғой. Басым мең-зең болып, «мұны неге іштім?» деп өзіме ызам кеп отыр. Апама болған жайтты бүкпей айттым да, «енді ішпеймін» деп уәде бердім. «Жарайды, балам, сөзіңде тұрсаң, сенейін, тұрмасаң елге кетем, өкпелемейсің» деген соңғы сөзін кесіп айтты. Сол содан ішімдік атаулыны аузыма татып алмадым. Баяғыда Сәкен Жүнісов маған: «Сен не сыра, не арақ ішпейсің, не темекі тартпайсың. Үлкен кісілердің қасында жүру керек, араласу керек. Өзіңнің жақсы актер болатын түрің бар. Бүйтіп жүре берсең, өспей қаласың» дейтін. Құдайға шүкір, онсыз да жаман болғаным жоқ. Жасыратыны жоқ, небір марғасқа таланттардың өмірін арақ жалмады. Өкінішті. Кейбіреулері елдің қошеметі мен марапаттауына еліріп ішетін. Бұл дерт екен. Жалпы, ақылын серік ете білмеген жанға актерлық – қауіпті мамандық.

Содан апам дүниеден өткенше қасымда болды. Апам отырған орынды қара шаңырақ санадым. Менен кейін Асанәлі де, Райымбек те аналарын осында алып келген. Бәрімізді шешелеріміз «жалғызым» деп отыратын.

– Құрманбек Жандарбековтің аты дүркіреп шығып тұрғанда сіз мектеп оқушысымын дедіңіз. Ол кісімен жерлес ретінде араластыңыз ба?

– Студент болып жүргенімде Құрманбек Жандарбеков опера театрының директоры еді. Құрекеңнің Әбиба деген апасы шешемнің қыз кезіндегі құрбысы екен. Әбиба апамның Алматыда екенін естіп, тауып алып, бір-бірімен араласып кетті. Әбиба апа Құрекеңе «Құрбымның жалғыз ұлы, сен оған көзіңнің қырын салып жүр» деп айтса керек. Бір күні Құрекеңді іздеп опера театрына бардым, кіре алмадым. Екінші рет барғанымда алдына тағы да кіре алмай қайттым. Үшінші күні кірдім. Кіргеніммен ол кісі сондай маған алыс боп көрінді… «Иә, бала халің қалай?» деді. «Жаман емес, үшінші курста оқимын» дедім. «Бала», – деді, – искусствода ағайынгершілік жүрмейді. Талантың болса, еңбекқор болсаң, адам боласың. Ал, енді мұның бәрі оңай ғой деп, өлең айтып, «сәхәкумен» жүретін болсаң, қалып қойғаныңды білмей қаласың», – деді. «Білем, білем» деп жауап қатқандай болдым. Мұның алдында Асқар Тоқпанов ұстазымнан мені сұраған екен. Асқар ағам «тәртібі де, өнері де дұрыс» деп айтқан болуы керек. «Егер оперный театрға қатысам десең, мен пәленшеге айтып қоям. Көпшілік сахнасына қатысасың, азын-аулақ тиын-тебен аласың» деді. «Жарайды» деп уәде беріп шықтым. Опера театрындағы қойылымдарға қатысып, еңбегімді алып тұрдым.

Бір күні не дейсің, Құрманбек Жандарбеков Әуезов театрының директоры болыпты деген сөз шықты. Оқуымды аяқтап жатқам. Мені Гурьевке бөліпті. Апамды тастап қайда барам. Фарида ғана Әуезов театрында қалады екен. Пысықтары Шымкентке баратын боп келіскен. Сонда бітіретін кезде ғана ес жинадым. Үйленуім керек. Асанәлі де, Райымбек те қыздарын тауып, үйленіп алды. Ал, мен болсам, әлі жүрмін қызға сөз айтпай. Үш-төрт ай қыз іздедім, кездесер емес. Дипломды алуға дайынмын, бірақ үйленейін десем қыз жоқ. Өзіміздің факультетте қыздар көп болды. Ал, біз үшін олар қатардағы достар сияқты көрінетін. Оның үстіне қыздар да біздерге бойжеткендей көзқарас танытпапты. Қазір Нүкетай «Сендерге қарамай ақымақ екенбіз ғой» дейді. Құдайдың бұйрығы болар.

Бірде факультетаралық волейболдан жарыс болды. Біздер жанкүйер болып айқайлап отырмыз. Бір кезде қатты соғылған доп мен отырған тұсқа кеп түсті. Допты ұстай бергенімде қасымдағы қыз да ұстағалы жатыр екен. Екеуміздің бастарымыз бір-бірімізге түйісе кеткені. Ол маған, мен оған қарадым. Сөйтсем, қазақтың қара торы қызы. Соншалықты бейғамдығым ғой, қасымдағы қызды да байқамағам. Бір-бірімізге қарап күлдік те қойдық. Артынан байқап қарасам, ұзын бойлы, қараторының әп-әдемісі. Тап сол арада сезім оянды, таныстым. Өзімізде консерваторияның бірінші курсында оқитын біреудің жалғыз қызы екен. Достасып, араласып кеттік. Апаммен таныстырдым, ұнатты, үйлендім. Келер жылы үлкен ұлым Әділ дүниеге келді. Театр екі бөлмелі үй берді.

Үйді бергенде де қызық болды. Апам, келіншегім балалармен Атыраудағы құдаларына қыдырып кеткен. Кенжебек деген кісі «пәтер бөлінеді, сен әзірге Алматыдан кетпегін» деп шегелеп айтқан соң қалып қойғанмын. Пәтер алдым. Қуанышымды біреуге айтқым келеді, қасымда танитын ешкім жоқ. Көшеде келе жатырмын, танитын ешкім кездеспейді, ішіме сыймай бара жатыр. Ол кезде көшеде орыстар көп болатын. Қазақ анда-санда көрінетін. Қазіргі ТЮЗ-дің орнындағы шағын асханаға кіріп айран ішпек болдым. Қасыма бір орыс келді. Әлгіге «вы знаете, я квартил получил» деппін ғой. «Что?» деді ол түсінбей. Мен болса пәтер алғанымды қайталап айтып жатырмын. «О-о-о, я вас поздравляю» деді көтеріңкі дауыспен. «Знаете, все хорошо, но кухня у нас общий» деппін. «Ничего, это все для начало» деді. Сөйтсем, көше бойына сыйғыза алмай келген қуанышымды бөліскен орысым совминде реферант, үлкен қызметте істейді екен. Қазір ол үйлердің бәрі бұзылып кеткен, саман үй болатын. 

«Жеңіл дүние актерді тереңдігінен айырады»

– Кез келген актердің тек театрдың ғана актері болып қалуы өте сирек екен. Себебі, актерлар киноға, біресе теледидарға шақырылып, сан саққа жүгіріп кетеді. Сізді әріптестеріңіз таза театрдың актері деп бағалайды.

– Айтарыңды түсіндім, қызым. Расында да, мен киноға барған жоқпын. Сол замандарда ақша табу үшін көпшілігі киноға барып, дубляждар жасауға атсалысып жүрді. Тіпті, «киноға түссең, тез таныласың, халық та таниды, үкіметтің де назарына түсесің» деп өзіме де ақыл айтқандар болды. Неге екенін білмеймін, ниеттеніп ұмтылмадым. Бір себептен, дубляжды таң атқанша жасайтындар таңертең қалғып-мүлгіп, өлейін деп сүйретіліп, әрең репетицияға келетін. Алғашында екі-үш рет барып байқадым да, «жоқ, бұлай дүние таппай-ақ қояйын» деп шорт шешім шығарғам. Ол жерде карта ойнайды, ішеді. Әртістердің бас қосқан жері белгілі ғой.

Сөйтіп жүргенде «Қымызханаға» шақырылдым. Бардым. Бұл хабар арқылы кеңінен таныла бердік. Бірде жазушы Сафуан Шаймерденов: «Шырағым, бұл жеңіл-желпі нәрсе актерді тереңдігінен айырады. Сен бұған үйреніп кеткен соң, кейін сахнаға барғанда алған образыңның тереңдігіне бойлай алмай қаласың. Өйткені, мынау барып жүргенің тез жатталып, тез айтылып өте шығатын нәрсе. Бұған дағдыланып кетпе» деп ескерткендей болды. Өте дұрыс айтыпты. Кейін «Қымызхананы» да қойдым. Тек Әуезов театрындағы образдармен өзімді шыңдадым. Біреулер «сіз неге киноға түспегенсіз?» деп сұраса, «мұрның үлкен екен деп түсірмеді» деп қалжыңдаймын.

Жалпы театрда 150-ге жуық рөлдерді ойнаппын. Теледидары бар, радиосы бар 200-ден асып кетеді.

– Әшірбек Сығайдың «бір жерде көгерген дарақ» деп сізді айтып жүргені сол екен ғой…

– Иә. Кезінде маған мемлекеттік қызметтер ұсынылды. Оның ішінде осы театрдың басшылығы қызметі де болды, бас тарттым.. Тіпті Мәдениет министрлігіне де. Жастау кезімде театрдың комсомол ұйымының хатшысы болғаным бар. Горкомнан келгендер «партия қызметіне дайындауға өте ыңғайлы екенсің» деп әлгідей түрлі қызметтер ұсынған. Әйтеуір, қызметке қызықпаппын. Өмірімде істеген «ақылды» жұмысым осы болды. (күлді).

– Жастау кезімде мына рөлді ойнай алмай қалдым, ал кемеліме келген тұсымда мына рөлді алып шығу маған бұйырмай қалды деген сияқты көкірегіңізде ащы өкініштер қалып қоймады ма?

– Жас актер кезімде ойнай алмай қалдым деген рөл менде болмапты. Мұның басты себебі, оқуымды біткен бойдан келіп, осы театрдың ауыр жүгін көтерген актерлардың бірімін. Ал, өзіме берілген рөлдердің бәрін ойнап шықтым. Керек десең, жап-жас кезімде 80-дегі Сүйеу қарттың («Қан мен тер») рөлін ойнадым. Бұл сахна өмірімдегі үлкен құбылыс болды сол кезде. «Қан мен тер» негізінде Елубай Өмірзақовқа арналып жазылған пьеса болатын. Сол кісі Сүйеу қартты ойнайтын. Ол науқастанып қалып, ауруы ұзаққа созылып кетті. Спектакльге бір апта қалғанда Әзірбайжан «шалды енді сен ойнайсың» деді. Жалпы театрда үлкен қиындыққа түсетін рөлдер болады. Көп ізденіп, ұзақ «ауруға» тура келеді. Өзіңнің табиғат берген мінезіңнен безіп, кейіпкеріңнің кейпіне ену кім-кімге де оңай емес.

Сүйеу шалды ойнау үшін базарда жүрген шалдарды бақыладым. Ауылдағы Жорабай ақсақалдың әрекеттерін салып көрдім. Жасамағаным жоқ, іздендім. Бір күні Әзірбайжан «осы.. осы жолмен жүре бер… бірдеңе көрініп келе жатыр» деп көрген кемшіліктерін айтты. Сүйеу ақсақал бейнесі үшін мен күрделі «операцияны» бастан өткердім. Сол шалды ойнай берген соң ба тез қартайып кеттім. (қалжыңы.)

– Грек ойшылы Фалес «Бәрінен де күштісі – уақыт өткені, ол бәрінің де сырын ашады» депті. Уақыты келгенде сіздің қандай айтылмаған сырларыңыз ашылуы мүмкін…

– Әр адамның өзі – құпия. Әсіресе, сөйлемей тұрғанда. Бір данышпан «әйелдің ең сұлуы – сөйлемей тұрған кезі. Қалай сөйледі, содан белгілі болады» депті. Тағы бір данышпан «мен он минуттай сөйлеген соң, кімнің кім екенін танимын» депті. Жалпы адам баласын Аллаһ тағалам шебер жасаған. Шеберлігі сол, адам жатқан құпия. Онысын өзге түгілі адамның өзі де білмей жатады. Кейде күтпеген жерден өзіңнің керемет қасиеттеріңді көрсетіп жібересің. Мұндайда өзіңе-өзің таңырқап, артынан риза боласың өзіңе.

– Ал, енді қиындық аяққа оралғы болғанда қалай жол тауып шығушы едіңіз…

– Ертеректе жігіттік шағымда өмірдің қиындығы аяққа оралғы болған сайын, жалғыздығым есіме түсіп жабырқай беретінмін. Жалғыздық деген адам баласының мойнына Алланың қолымен артыла салған көтере алмас жүк әрі жаза шығар деп пайымдаушы едім. Уақыт өте келе ол түсініктің бояуы оңа берді.

Жалпы, біз анам екеуміз көп қиындық көрдік. Әлі есімде, мектепке баратын жылы неге екенін қайдам, біздің ауылдың адамдары үдере көшіп, Арыс өзенінің жағасына қоныс аударды. Кімнің кім екендігін, дәулеттің қандай екендігін алғаш рет мен сонда байқадым. Тұрмысы жақсы адамдар хан сарайындай үй тұрғызып алды. Біз болсақ, бір бөлмелі үй соқтық та, соны қанағат етіп қала бердік.

Қазіргі балаларды айтам да, тым әлжуаз боп барады. Он үшінде баспын дейтіндердің заманы өтіп, отызында жаспын деп желік қуған желөкпе жастардың қатары көбейе бастағандай.

 

Сұхбаттасқан Қызжібек БӘКІР.

(Арнайы «Атырау» газеті үшін)

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз