АТАДАН ДАРЫҒАН ҚАСИЕТ

Жақсы адамның бойында жаныңа азық етер асыл қасиеттер болады. Ондай адамның жанында жүргенде өзіңді рухани ләззат алғандай сезінесің. Әңгімесін тыңдай отырып мөлдір бұлақтың кәусар суынан шөл қандыра сусындағандай күй кешесің. Ғаділ Зайденұлы – сондай азамат. Сырт қарағанда ол қарапайым жандай көрінеді. Ал, ішкі әлеміне үңілсеңіз, тұнып тұрған қазына. Биік адамгершілік қасиеттердің қазынасы. Бұл Ғадекеңнің әке қаны, ана сүтімен дарыған табиғи болмысы.

Ол ұлағаты мол ұяда өсті. Әкесі Зайден аға да, анасы Қапиза жеңгей де ұстаз болған, шәкірт тәрбиелеген жандар. Ғаділ сол кісілердің тұңғышы. Бірақ, ана құрсағында жатқанда-ақ оны әжесі еншілеп қойған-ды. Алғашқы немересін Меңді әжей өз бауырына басты,әжелік мейірімін төкті. Маңдайына шаң тигізбей мәпеледі. Қайда барса да жетегіне ілестіріп, өзімен бірге ала жүретін. Немересінің саз әлеміне әуестігін алғаш аңғарған да сол кісі. Ән әуенін естісе әже жетегіне көндікпей, тұра қалып тыңдайтын. Сәби сыртқы әлемді ана құрсағында жатып танитыны рас. Ғаділ жарық дүниенің есігін ашпай жатып ән тыңдап өсті. Анасы Қапиза жеңгей тамылжыта ән салғанда кәнігі әншілерден кем түспейтін. Әкесі Зайден ағай да өнерлі болды. Скрипкада, домбырада тамаша ойнайтын. Міне, Ғаділдің өнерге құштарлығының құпиясы әріде жатыр.

Әрине, өнерге құштарлық бар да, қабілет бар. Екеуі екі дүние. Ғаділде осы қасиеттер астасып жатыр. Оның музыкалық қабілеті бала күнінде-ақ көпті қайран қалдырған-ды. Күрделі музыкалық шығармаларды алғашқы ноталардан ажырататын. Ол сазды аспаптардың ішінен сырнайды таңдады. Оған себепші болған нағашысы Қабдол ағай еді. Бірде сол кісінің сырнайда ойнағанын тыңдай отырып, саз әуеніне еліткені соншалық, қиял көгінде қалықтап кетсе керек. Сол қиялдың жетегінде қалалық пионерлер үйі жанындағы сырнайшылар үйірмесіне жазылды.Ол кезде үшінші сыныпта оқитын. Сырнайдың сырын үйреткен, тілін меңгерткен алғашқы ұстазы Николай Георгиевич Катковты Ғадекең әрдайым жылылықпен еске алады.

Кейін Ғадекең осы мамандық бойынша Гурьев музыка училищесін бітіріп (артынан Гурьев педагогика институтын тәмамдады), Балықшы ауданындағы Ғ.Мұратбаев атындағы №23 орта мектепте ұстаздық етті.

Жетпісінші жылдардың басы болатын. «Дос Мұқасан» ансамблінің өрге жүзген тұсы. Сол кезде оларға еліктемеген өнерпаз жастар болмаған шығар,сірә. Балықшы мәдениет үйі жанынан сазгер Мұхиден Ғаббасов «Қызғалдақ» вокалды аспаптар ансамблін ұйымдастырды. Ғадекең ансамбльдің музыкалық жетекшісі болды. Бұл облысымыздағы бірінші кәсіби деңгейдегі ұжым еді. Сатым Бұрышбаев гитарада, Мұрат Қожантаев барабанда, Ғаділ  Дүйсенғалиев клавишада, Мұхиден Ғаббасов бас гитарада өнер көрсетті. «Бақытқа барар жолда» әнін айтып, лауреат атанған Айсұлу Айтқазиева осы ансамбльдің әншісі еді, артынан Ғадекеңнің жары болды. Екеуін өнер табыстырып, өмірде бастарын қосты.

Біртоп өнерпаздардың басын біріктіріп, Ғадекең енді өз ансамблін ұйымдастырды. Ол «Жетіген» деп аталды. Керемет қоңыр дауыстың иесі, сазгер Манарбек Әубекеров, Салават Сәрсенов, Қалыбай Сәрсенғалиев, Фархат Сагенов, Құттыгерей Дүйсеев сынды өнер майталмандары ансамбль құрамында өнер көрсетті. Ұжым республикалық телевизиялық патриоттық әндер байқауының лауреаты атанды. Әр кезеңнің танымал тұлғалары болады. Міне, бұл жігіттер де өз заманының жұлдыздары еді. Өкінішке орай, бүгінде біразы ортамызда жоқ.

1982-1990 жылдар аралығында Ғадекең «Атырау» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің музыкалық жетекшісі болды. Ансамбль бүкілодақтық, республикалық, халықаралық фестивальдардың лауреаты атанса мұнда Ғаділ Зайденұлының өлшеусіз еңбегі бар. Бірқатар ұжымдармен талай мәрте шетелдерде болып, қазақ өнерін паш етуге атсалысты.

Сексенінші жылдарда ел таныған сазгер Әсет Бейсеуов пен айтулы әнші Суат Әбусейітов гастрольдік сапармен Атырау өңірін аралапты. Кәсіби деңгейі жоғары сырнайшы керек болып, Ғаділді өздерімен бірге ала кетсе керек. Сонда оның сырнайдағы ойнау шеберлігіне тәнті болған атақты ағаларымыз Ғаділді Алматыға шақырған екен. Аузымен құс тістеген тағы бір өнер иесі, жерлес әншіміз Ғафиз Есімовке де сырнаймен сүйемелдеу жасаған. Сонда ағамыз «сен баланың әндерді күн сайын әртүрлі кіріспемен бастауың керемет қой, әнді айтқанда жалықтырмайды» деп таңданыс танытыпты.

Танымал өнер тарланы Орақ Жауыров Ғаділ Зайденұлының биік адамгершілік қасиетін, кәсіби шеберлігін шынайы ризашылықпен әңгімелей отырып, мынадай бір жағдайды еске алған-ды. Англияға барған гастрольдік сапарларында Лондонның жанындағы шағын бір қалада концерт қойыпты. Концерт аяқталып, көрермендер тарай бастаған тұста Ғаділ сахна төрінде тұрған сирек кездесетін рояльға қызығып кетсе керек. Отыра қалып Абайдың «Көзімнің қарасын» ойнай жөнеліпті. Залдан шығып бара жатқан бір топ қыз-келіншек әуенді естігенде кері оралып, рояльдың жанына жиналыпты. Көңілдері босап, көздеріне жас алыпты. Сөйтсе олар Германияда тұратын қазақтар екен. Жастар жағы қазақ тілін мүлдем білмейтін көрінеді. Тілді түсінбесе де олардың елге деген сағыныш сезімін оятқан музыка құдіреті десек, сол құдіретті жүректерге жеткізе білген Ғаділдің орындаушылық шеберлігі.

Атырау әнұранының авторы, сазгер Болат Қохаманов Ғадекең туралы пікірін толқи тұрып айтты. Өзінің, өзі тұстас іні буынның ол кісіні ұстаз санайтынын, ол тек шебер орындаушы ғана емес, тамаша музыка өңдеушісі екендігін мақтан етті.

Ғаділ Зайденұлының бойындағы тағы бір таптырмайтын қасиет –ұйымдастырушылық қабілеті. Кім-кіммен де тіл табыса білетін, көптің қамын ойлап, жоғын жоқтап жүретін азамат. Балықшы аудандық балалар музыка мектебінің директоры, Балықшы аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары, Құрманғазы атындағы балалар музыка мектебі директорының орынбасары қызметін атқарған жылдарында ол өзін ұжым басшысы ғана емес, жанашыры ретінде де көрсете білді. Соңғы жеті-сегіз жылдан бері Атыраудың өнер ордасы – Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияның директоры. Осы жылдарда филармонияда оңды өзгерістер,тың жаңалықтар болды. Көп жылдар кенде қалып келген би жанры жанданып, «Інжу-Маржан», «Зерде» би топтары құрылып қала, облыс, республикалық шаралардың көркіне айналды. «Ара-Атырау» әзіл-сықақ театры ашылды. «Мұрагер» ансамблі кеңейтілді. Жаңадан саз аспаптары алынды.

Әдетте өнер адамдарының арасында бақталастық болады деген ұғым бар. Ал, филармония ұжымының ауызбіршілігі, тату тірлігі үлгі еткендей. Ол, асылы, басшының жақсылығы. Ешкімді бір-бірінен алаламай, әрқайсысына қамқор көзқараспен қарап, шығармашылық мүмкіндіктерін шыңдауға жағдай жасап отырғандығы – Ғадекеңнің парасаттылығы.

Ғаділ Зайденұлы шын мәнінде адамгершілік қасиеті ажарын ашқан болмысы биік тұлға. Бойынан тектіліктің лебі есіп тұрады. Жоғары этика, биік мәдениеттің иесі. Ғадекеңнің азаматтық келбетін қалыптастыруға әкесінің ағасы Өтешқали ағамыз көп ықпал еткені рас. Атамбаев Өтешқали Дүйсенғалиұлы қазақтың біртуар ұлы. Әр жылдарда қаржы министрі, Қазақ ССР Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары, Қазақстанның Ресейдегі елшісі қызметтерін атқарған. Қазір Атырауда ағаның атында көше бар. Сол кісі Ғаділді ерекше жақсы көретін. Бойынан кісілік келбетін байқайтын. Айсұлу ең сүйікті келіні атанды. Айсұлу демекші, Ғадекеңнің отағалық тұғыры да құрметке лайық.

Кезінде оларды өнер табыстырды. Әйтсе де, Айсұлу ұстаздық жолды таңдады. Ұзақ жылдар шәкірт тәрбиесімен айналысты. Қазір де қол үзген жоқ. Ғаділ ел сыйлаған азамат биігіне көтерілсе, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанса , мақтан етуге лайық осы жетістіктерде Айсұлудың да үлесі бар. Азаматын ардақтай білді, елмен бірге еркелете білді. Екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Қызын ұзатып тұрмысқа берді, ұлын үйлендіріп келін түсірді. Солардан екі немере, екі жиен сүйді.

Еңбегің жанып елге еленсең, шаңырағың шалқып, қуанышқа кенелсең – өмір бақыты деген сол емес пе!? Ендеше, Ғаділ Зайденұлы бақытты жан. Біз Ғадекеңді асқаралы алпыстың биігіне шыққан мерейлі жасымен шын жүректен құттықтаймыз. «Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек…» демекші, ол – мақтауға да, мақтануға да лайықты азамат.

 

Әндіржан МҰҚАНҒАЛИЕВ,

Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз