Жарық жүйелері қашан ретке келеді?

zheli Инфрақұрылым

Жел тұрып, жаңбыр жауса жарық жиі өшетін мұнайлы өлкеде электр энергиясы мәселесі өткір тұр. Ал, тозығы жеткен желілерді қайта жаңғырту үшін қыруар қаражат қажет. Жуырда Атырау облыстық мәслихаты бюджет, қаржы, экономика және өңірлік даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының кезекті мәжілісінде осы саланың проблемалары айтылып, шешу жолдары талқыға түсті. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Айдулат Кенжебековтың айтуынша, 7 мекеме арқылы тәулігіне 800-850 МВт электр энергиясы өндіріледі. Энергия көздері «КЕGOC» акционерлік қоғамының жоғары кернеулі және «Атырау Жарық» АҚ-ның желілері арқылы жеткізіледі екен.

Турбоагрегат іске қосылады

– «Атырау жылу электр орталығы» акционерлік қоғамындағы 11 турбоагрегаттың қазір 6-уы жұмыс жасап тұр, 2-еуі резервте, 3-еуі жөндеуде. Атап айтсақ, №7 турбоагрегат бойынша жөндеу жұмыстары аяқталып, іске қосу жұмыстары жүруде. №10 турбоагрегатты жөндеу 18 қазанда басталып, 15 қарашада аяқталуы тиіс. Жаңадан салынған резервтік 65 МВт-ты құрайтын №13 турбоагрегат жақында іске қосылды. Мекеменің арнайы жоспарына сәйкес, жаңадан 25 МВт-тық №11 турбоагрегат іске қосылмақшы, – дейді Айдулат Жанатұлы.

Басқарма басшысының мәліметінше, мекеменің электр және жылу энергиясын өндіруі үшін жазғы мезгілде тәулігіне 260 мың текше метр, қысқы маусымда 170 мың текше метр көлемде су пайдаланылады екен. Ал, қондырғыларды салқындату үшін градирня салу қажет. Осы мақсатта Энергетика министрлігіне ұсыныс хат жолданыпты.

Тозығы жеткен желілер

Облыс бойынша 16 мың шақырымға жуық электр желісі болса, оның 40 пайызының тозығы жеткен. Бүгінде «Атырау Жарық» АҚ жоспарланған 819 шақырымдық электр желісіне қажетті жөндеуді жасапты. Сондай-ақ 123 трансформаторлық станцияға жөндеу және ауыстыру шаралары жасалған. Бекітілген инвестициялық жоспарға сәйкес, 2024-2025 жылдарға 2 қосалқы станцияны жаңғырту, 36 шақырым 110 кВт әуе желісін жаңғырту, 3 трансформаторлық, 6 қосалқы трансформаторлық станцияны жөндеу жоспарланыпты. Соның нәтижесінде тозу деңгейі 2 пайызға төмендейді деп күтілуде.

«Атырау Жарық» АҚ-мен бірлесіп, облыс тұтынушыларын электрмен жабдықтау кезінде апаттық жағдайларды төмендету бағытында шаралар да әзірленген. Облыс әкімі Серік Шәпкеновтың тапсырмасына сәйкес, бүгінде 2191 тұтынушыға тексеру жүргізіліп, нұсқамалар берілген. Оның бірнешеуінде ақаулар жойылған. Тоғыз нысан кемшілікті қалпына келтірмегені үшін электр көзінен ажыратылған.

– Теміржол желісіне жақын орналасқан 13 елді мекенде 15,6 миллиард теңге «Қазақстан Темір жолы» Ұлттық компаниясының Атырау электрмен жабдықтау дистанциясына (ЭЧ-4) қарасты электр желілері ауыстырылып жатыр. Қазір 7 ауылда электр желілері ауыстырылды. Ал, Кенбай, Томан, Сағыз, Ақкөл, Мақат елді мекендері мен Атырау қаласында құрылыс жүріп жатыр. Доссор кентіндегі электр желісі биыл аяқталса, Кенбай, Томан ауылдарында жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Қалған елді мекендер жобаларға өзгерістер енгізілуіне байланысты құрылыс келесі жылы жалғаспақ. Сонда елді мекендердегі 245 шақырым желі толық жаңартылады. Облыс бойынша коммуналдық меншіктегі желілерді күтіп ұстау үшін бюджеттен бөлінген 640,5 миллион теңгеге тиісті жұмыстар ұйымдастырылуда. Былтыр алынған 90 трансформатордың 50-і орнатылды. Жыл соңына дейін 10 трансформатор орнату жоспарланып, бүгінде 7-уі орнатылды. Қалған 30 дана трансформатор қалалық әкімдік арқылы келесі жылы орнатылады, – деді баяндамашы.

Шағынауданға – қосалқы станция

Тұрғындар тарапынан наразылық туғызып отырған тағы бір мәселе – бағаналардың әбден ескіруі. Тіпті, бұл мәселені қоғам белсенділері әлеуметтік желіде жиі көтеріп, «өткен дәуірдің сарқыншағынан әлі құтыла алмай келеміз» деп сынға алғаны да бар. Басқарма басшысы облыста әбден тозған 3949 бағананың анықталғанын айтты. Оларды ауыстыруға бөлінген 277 миллион теңгеге Исатай, Құрманғазы, Қызылқоға, Жылыой аудандарында жұмыс басталды. Махамбет ауданында және қала аумағында 1409 дана бағана ауыстыруға конкурс өтіп жатыр.

Ал, қаланың бұқар жағын электрмен тұрақты қамтамасыз ету үшін 32 МВттық «Нұрсая-Самал» қосалқы станциясының жобасына оң қорытынды алыныпты. Келесі жылға республикалық бюджеттен жалпы құны – 3,2 миллиард теңге қаражат бөлуді сұрап, өтінім жолданған.

«Береке» шағынауданында жүргізілуі тиіс 51 шақырым электр желісінің 46 шақырымы тартылған. Жыл соңына дейін 5 трансформаторлық, 1 тарату подстанциясы салынбақшы. Сарыөзек елді мекенінде 24 шақырым әуе электр желісі, 6 трансформаторлық подстанцияны биыл тапсыру жоспарланып отырған көрінеді. Зарослый ауылында 66,3 шақырым әуе электр желісі, 10 трансформаторлық подстанция қондырылып, 8,9 шақырым жерасты электр желісі қосылмақшы.

– КЕGОC АҚ қазір Батыс аймағының электр желісін кеңейту мақсатында жүргізіліп жатқан 220 кВ «Орал–Атырау–Құлсары–Бейнеу» 792 шақырым желісінің екінші тізбегін жыл соңына дейін аяқтау жоспарлаған, жалпы құны – 63,8 миллиард теңге. Желі іске қосылса, Ресей Федерациясынан 200 МВт электр қуатын алуға мүмкіндік бар. Батыс өңірлер ғана елдің орталық электр жүйесіне қосылмаған. Осы мәселені шешу үшін техника-экономикалық негіздеме жасақталып, келесі жылы жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жоспарлануда. Жоба бойынша Ақтөбе облысынан 500 кВ әуе желісі тартылып, 2028 жылы қосалқы станция құрылысы салынады. Ол жүзеге асса, республикалық электр жүйесіне қосылуға мүмкіндік береді, – дейді А.Кенжебеков.

Басқарма басшысы атап өткендей, облыс көлеміндегі жаңартылған энергия көздерін дамыту мақсатында ірі жобаның бірі – Исатай ауданындағы Манаш ауылы маңынан қуаты 52,8 МВт электр энергиясы өндіріледі.

Мақат ауданы Доссор кенті маңында «Дивитэл» ЖШС-нің инвестициясына құны 23 миллиард теңге, қуаты 48 МВт болатын әрқайсысы 2 МВттық 24 жел электр қондырғысын қондыру арқылы жел электр станциясы салынып жатыр. Қазір подстанцияны қосу жұмыстары жүргізілуде, жыл соңына дейін ол да пайдалануға берілмек. Ал, Құлсары қаласының маңынан «Zhal zhan» компаниясы 50 МВт жел электр станциясын салады екен.

Мәжіліс барысында облыстық мәслихаттың депутаты Жеңіс Әбілқарес облыстағы электр энергиясы желілерінің әбден тозғанын, ал, «Karabatan Utility Solutions» ЖШС әуел баста полипропилен шығаратын «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» компаниясы зауытын электр қуатымен қамту үшін ашылғанын жеткізді.

– Баяндамада бәрі «қатып» тұр. Бірақ жаңбыр жауып, жел соқса жарық өшеді. Біз осы проблемадан қашан құтыламыз? Тіпті, сонау 90-ыншы жылдардың күйін кешіп жүрміз деуге де болады. Қазірдің өзінде мұнай тасымалдаушы мекемелерде де 5-6 МВт қуат тапшы деген мәліметтер бар. ТШО-ның «қара алтынының» уақытылы экспортқа шықпағаны – бізге салықтың түспегені дегенді білдіреді. Неге жаңадан кабельдік әуе желісі тартылмайды? – деді депутат.

Басқарма басшысы мұндай желілер бюджетке айтарлықтай салмақ салатынын атап көрсетті. Осыған байланысты, «KUS»-қа 104 МВт-қа жобалық-сметалық құжаттама жасақталып жатқанын да тілге тиек етті. Апаттық жағдайларды болдырмас үшін келесі жылдың бірінші жартыжылдығында құны 1 миллиард теңгеге жуық арнайы қондырғы сатып алынады екен.

Атырау қалалық мәслихатының төрағасы Нұрбол Құрман осы саладағы кейбір мекемелердің қызметінен жұртшылық бейхабар екенін жасырмады. Айталық, «Энергонадзор» деген мекеменің немен айналысып жатқанын ешкім білмейді. Сол себепті, маңызды мәселеге айрықша назар аударылуы тиіс.

Айбөпе САБЫРОВА

Суретті түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

* Сіз не дейсіз?

Абдолла ИДРЕСОВ,

комиссия төрағасы, «AMANAT» партиясы атынан сайланған                                                    облыстық мәслихат депутаты:

– Облыс тұрғындары үшін электр энергиясы – өзекті мәселе. Былтыр қыста оны бәріміз көрдік. Қаһарлы қыста бүкіл облыс жарықсыз қалды. Маңғыстау облысында Атом-энергетика комбинатының проблемасы туындағанда, Атырау өңірінде де жағдайы қиын болды. Квазимемлекеттік сектордағы мұнай өндіру көлемінің төмендеп кетуі де біздегі жағдайдың мәз еместігін айқын көрсетті емес пе? Жұртшылық осы мәселені де жиі көтеріп жүр. Сондықтан, бұл проблемалардың соңғы нүктесін қоятын кез келді.

Облыс бойынша электр энергиясын тұтыну көлемі – 812 Мвт. Оның ішінде:

– «Атырау жылу-электр орталығы» АҚ – 166 МВт;

– KUS – 270 МВт;

– Атырау мұнай өңдеу зауыты – 2 МВт;

– NCOC – 127 МВт;

– Теңізшевройл – 232 МВт;

– Манаш – 15 МВт;

– Транзит – 220 кВт.

Халықтың тұтыну көлемі – 400-450 МВт

Өңірдегі тозығы жеткен электр желілері:

 9792,3 км –

«Атырау Жарық» АҚ;

1764,013 км – КЕGОC» АҚ;

1241,2 км –

жеке тұтынушылардың меншігінде.

1368 км –

ЭЧ-4 мекемесі;

1882 км  –

коммуналдық меншікте;

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз