ТӨРТЕУ ТҮГЕЛ БОЛСА…

Кез келген діннің негізгі ұстанымы – кісілік келбет, имандылық, ізгілік пен жақсылықты насихаттау, мемлекеттің тұрақтылығы мен бірлігі, тыныштығына ықпал ету болып табылады. Олай болса, елдің бірегейлігіне қол жеткізуде отбасында берілетін тәлім-тәрбиенің маңызы зор.

Мәселен, «ибалы, иманды жан екен» деген тіркес «әдепті, адамгершілігі мол адам» деген мағынаны береді. Бұл орайда бесікті түзеудің маңызы зор. Өйткені, ел болудың бірінші шарты да – осы, бесік. Яғни, ана тәрбиесі арқылы келетін мінез мәселесіне тіреледі. Әл-Фараби бабамыз «адамзатқа тәрбие біліммен қоса берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп бекер айтпаса керек.

Біздің еліміздің сан ғасырдан келе жатқан дәстүрлі діні бар. Айталық, Қараханид  дәуірінде Ислам діні елімізге кеңінен қанат жайып қана қоймай, ресми мемлекеттік дін ретінде қабылданды. Сонау түркі дәуірінің ірі ғұламалары Махмуд Қашқари мен Жүсіп Баласағұндар шығармашылығынан бастау алып, Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердиев, Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынов дәуіріне жетіп, бүгінге дейін жалғасын тапқан жас ұрпаққа тағылым, мәдени мұра қалдыру жүйесі – ұлттық мәдениетіміздің құрамдас бөлігі. Мұның барлығы қазақ халқының тарихи санасының тұнықтығы мен намысының мықтылығын көрсетеді. Өйткені, бабаларымыздың ұлттық тәуелсіздік жолындағы үлкен күресі, қажырлы еңбегінің нәтижесінде біз егеменді ел атанып, «өнер-білімі бар жұрттардың» қатарына қосылдық.

Халқымызда Ислам дінінің қағидаттарымен астасып жатқан даналық сөздер мен мақал-мәтелдер өте көп. Мәселен, «Ата-анаң жынды болса, байлап бақ» деген мақалдың төркіні қасиетті Құранмен тығыз байланысты. «Исра» сүресінің 23-24 аяттарында «Раббың, өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал, егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: «Түһ» деме (кейіс білдірме). Сондай-ақ, ол екеуіне зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле. Ол екеуіне кішірейіп мәрхамет құшағын жай да: «Раббым! Ол екеуі мені кішкентайда тәрбиелегендей Сен де оларды мәхаметіңе бөлей көр!», – деп жазылған.

Сондай-ақ, қазақта «Сәлем түзелмей, әлем  түзелмейді» деген әдемі сөз бар. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистерінде сәлемдесу туралы «Бір кісі ардақты Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп: «Уа, Алланың елшісі! Исламдағы ең жақсы істі айтыңызшы», – деді. Сонда Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Тамақ жегізуің және танитындарыңа да, танымайтындарыңа да сәлем беруің», – деп жауап берген екен. Міне, пайғамбарымыз с.ғ.с осылайша үн қатып, сәлемдесудің маңызы жөнінде сөз қалдырып еді.

Ислам дініндегі рухани қайнардан сусындай алмай, ахлақ, әдеп мәселесінде дәстүрге қарсы көңілге кірбің салатын әрекеттерге барып жатқан топтар тірлігі өзекті күйінде қалып келеді. Сондықтан да, исламның көркем мінезден бастау алатынын ескеріп, діндегі тағылым, тәрбиеге толы рухани білім көзін пайдалана білуіміз керек. Қазақ даласының құтқа толуы ағайын арасының ажырамай, бір жағадан бас, бір қолдан жең шығара білетін ауызбірлігіне байланысты. Ендеше, адам мінезінің көркем болуы – елдің мерейі.

Сансызбай САБЫР,

дінтанушы.

Атырау қаласы.

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және Хақ жолы осы деп әділетті.

Абай ҚҰНАНБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз