КТК жоспарлы жөндеу жұмыстарын бастады

mvmv 1 Экономика

Бүгін елімізден экспортталатын «қара алтынның» 80 пайызын тасымалдайтын Теңіз-Новороссийск магистралдық мұнай құбыры жоспарлы жөндеу жұмыстарына тоқтады. Бұл туралы «Каспий Құбыр Консорциумы-К» акционерлік қоғамының баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Мамандардың айтуынша, 72 сағатқа созылатын жөндеу шаралары жылына екі рет болады. Оның кестесі барлық мұнай тиеуші компаниялармен, Энергетика министрлігімен алын-ала келісіледі. Жоспарлы тоқтаулар техникалық қызмет көрсету үшін, бұрын пайдаланылмаған жабдықты қайта қосуға бағытталған.

Бұл жолы КТК 266 километр болатын Атырау-Астрахань тас жолының астында орналасқан өткелдегі құбырдың жаңа учаскесін пайдалануға береді. Сондай-ақ, сорғы станциясындағы бірқатар өшіру клапандары ауыстырылып, қысымды реттеу блогы қайта жабдықталмақ. Кейбір басқа да клапандар жаңартылады. 

Қазір КТК теңіз терминалында мұнай жөнелту жұмыстары тоқтап тұр. Компанияның баспасөз қызметі оны 11 сәуірде қайта қосу жоспарланып отырғанын жеткізді.

Айбөпе САБЫРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз