САҚШЫ ҮЛГІ БОЛУЫ ТИІС

- Мен 11 жылдан бері көлік жүргізіп келемін. Жол бойында құқық қорғау саласының қызметкерімен күнделікті бетпе-бет келетін кездер болады. Сондықтан, мен үшін сақшының қаншалықты тәжірибелі немесе жас маман екендігі бірден байқалып тұрады. Сақшылардың қоғамдық тәртіпті сақтаудағы үлкен еңбегін айту – міндет. Дегенмен, мына жағдайға да назар аударған жөн: Өмірден көріп жүрміз, кейбір жас қызметкерлер тұрғындармен тілдескенде дөрекі түрде сөйлейді, көпшілікпен тіл табыса алмай жатады.

Тағы бір айтайын дегенім, кейбір полицейлердің, оның ішінде жол бойында тұратын сақшылардың сыртқы келбетіне қатысты болып тұр. Полиция – мемлекеттің адамы, ол қойылған қандай талапқа да сай болуы тиіс. Олар сымдай тартылып тұрса, көрер көзге тамаша емес пе? Ал, күнделікті өмірде бұған керісінше жағдайды көріп жүрміз. Сол себепті, погондылардың дене бітіміне, спортпен айналысуына арнайы аттестациялар кезінде емес, үнемі көңіл бөлінсе дұрыс болар еді. Оған қарап қоғамның құрметі артар еді, кейінгі ұрпақ бой түзер еді.

Бибігүл ЕГІЗБАЕВА, такси жүргізушісі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз