Авиценнадан бүгінге дейін… (ТОЛҒАУ)

Жаңалықтар Журналистік зерделеу Медицина

Аtr.kz/22 маусым, 2020 жыл. Шындығында, ұмытшақ жылдар қанша өзеннің ағысын кері бұрмады, қаншама шыңы көк тіреген тауларды жермен жексен етіп, жазиралы даланы құлазыған қу медиенге айналдырмады?!

Бірақ, ел аузындағы аңыз- әфсаналарға кейіпкер болып Лұқпан хакімнің есімі қалды. Халық қанша зобалаң мен нәубетті жылдарға тап болса-дағы елді түрлі аурудан емдеп жазған Лұқпан хакім туралы әңгімелерді ұрпақтан ұрпаққа мұра қылғаны рас.

 Ел үшін жүрегіндегі махаббат пен мейірімді аямаған ұлы перзенттеріне ескерткіш халықтың ест е л і г і н е н соғылады. Құран Кәрімнің 31-сүресі «Лұқман сүресі» деп аталған. Онда Лұқпан хакімге шүкіршілік ету үшін даналық берілгендігі, оның пайғамбар емес дәрігер екендігі, сондай- ақ, Лұқпан Хакімнің ұлына айтқан өсиеті баяндалған.

Бағалай білгенге медицина қызметкерлері – тұғыры таймас биік тұлға. Жалпы, ақ халатты абзал жан мамандығын таңдау адамға жарық сыйлау деген сөз іспетті. Ол – өте жауапты мамандық. Олардың қолында адам тағдыры тұрғандықтан, өмірінде бір рет те қателесуге жол берілмеуі тиіс. Бұл ретте дәрігерлер үнемі білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде болып, өз саласында ем жүргізудің барлық тәсілдерін жетік меңгеруі керек-ақ.

Адам баласына Жаратқан ие берген басты байлық – денсаулық болса, сол байлығымыздың қадірін ұқтырып, басымыз ау­ырып, балтырымыз сыздай қалса, жанымыздан табыла­тын дәрігерлерге жүгінеміз. Ал, сол адам жанының араша­сы атанған жандарға қандай құрмет көрсетілсе де лайықты және әділетті екендігіне жаһан халқына тажалдай болып көрінген пандемия кезінде көз жеткіздік.

 Бүкіл әлемде жұқпалы вирустың ұшқыны қаулаған сын сағаттарда дәрігерлердің Гиппократ антына адалдығы айқын көрінгені анық. Адамзат тарихында өнер мен мәдениет ренессансы деп аталатын мәдени төңкерістің ошағы болған Италия, Дон Кихот сынды батыр мен Кармен Лопе де Веги персонаждары, Веласкеса және Гойи сияқты ұлы өнер туындылары, теңдесі жоқ Монтсеррат Кабалье мен атақты «Реал» футбол командасы арқылы танымал.

 Испания індеттен зардап шегіп жатқан тұста дәрігерлердің жанқиярлық еңбегі мен теңдесі жоқ қажыр-қайраттарына сүйсінбеген, таңырқамаған жан болмағаны жасырын емес. Өздеріне «тәжтажал» вирусын жұқтырып алу қаупі төніп тұрғанына қарамастан уақытқа қарамай, науқастардың жанында отырып дем берді, аранын ашып тұрған ажалды жеңуге күш берді.

Сол бір 2019 жылдың желтоқсанынан басталған арпалыс қазақ даласына да жетпей қалмады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусты пандемия деп жариялауына байланысты елімізде төтенше жағдай орын алды. Мемлекет басшысы осындай халық басына қара бұлт үйіріліп, қиын-қыстау жағдай орын алғанда дәрігерлерге сенім артты.

Иә, сенімнен шығып, жауапкершілік жүгін көтеру де оңай емес. Бірақ, дәрігерлер осынау сын кезеңде абдырамады, етек-жеңдерін жинап, қолдағы құрал- жабдықтарын сайлап, ортақ жау –COVID-19 індетіне қарсы тұрды. Түнде ұйқыны, күндіз күлкіні ұмытты. Инфекционист дәрігерлер отбасына бармастан, ауруханада қалып, нағыз отаншылдықтың, өзі қалаған мамандығына адалдықтың үлгісін көрсетті.

Иә, олар нағыз қайнаған вирустың қақ ортасында жүріп, көзбен көріп, қолмен ұстай алмайтын «жендетпен» шайқасты. Инфекциялық ауруханалар нағыз майдан алаңына айналды. Сол бір сәттерде олардың ойында тек адамзатты жұту үшін аждаһадай жаланып келген «тәжтажалды» жеңу ғана болғаны анық. Иә, кейде пендешілікпен дәрігерлер туралы әртүрлі сөздерді айтып жататынымыз шындық.

Байыбынабармастанкүйеніжаға салуға да әзір тұратынымызды мойындағанымыз жөн. Бірақ, ақ халатты абзал жандардың да екі аяқты, бір басты кәдімгі пенде екеніне көз жіберіп, ойланбайтынымыз өкінішті. Пандемия белең алған сәттерге дейін қоғамдағы дәрігерлердің орнына, олардың алатын жалақысы мен дәрігерлер м ә р т е б е с і н е к ө п м ә н берілмегені жасырын емес. Алайда, кімнің кім екені сыналатын тұста қазақстандық дәрігерлер де бүкіл әлемдегі әріптестері сияқты өздерінің терең білімі мен біліктілігін, адам өмірі үшін ешнәрседен аянбайтын мейірімге толы жүрегін танытты.

Ақхалаттылардың жалақысы экономикадағы орташа жалақыдан 2,5 есе артық болуы керектігі туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 3-отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шегелеп тұрып айтты.

«Коронавирус пандемиясы бүкіл әлемдегі денсаулық сақтау жүйесі үшін шын мәнінде ауыр сынақ болды. Бұл ахуал елімізде кәсіби дәрігердің тапшы екендігін анық аңғартты. Бұған еңбекақының аздығы, мамандықтың беделді болмауы, дәрігерлер құқығының қорғалмауы себеп болып отыр. Түрлі сала мамандары ішінде ең төмен жалақыны дәрігерлер алады» деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда, Қазақстан Республикасының Президенті Үкіметке биылдан бастап дәрігерлердің еңбекақысын кезең-кезеңмен арттыруды тапсырды.

«Олардың айлығы экономикадағы орташа жалақыдан 2,5 есе артық болуы керек. Бұл көрсеткішке 2023 жылға қарай қол жеткізу қажет. Осы күрделі кезеңде баршамыз медицина мамандарының қажырлы еңбегіне куә болдық» деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы соңғы кезде қоғамда қазақстандық медицина туралы жағымсыз пікірлер көп айтылып жүргенін де сөз етті. Оның айтуынша, медицина қызметкерлері өз міндетін орындау барысында жасаған қателігі үшін тартылатын қылмыстық жауапкершіліктің қаншалықты орынды екеніне сыни көзбен қарап көрген жөн. «Соңғы кездері дәрігерлердің заңсыз, әділетсіз қудаланған оқиғалары жиі қайталанып жүр.

Менің ойымша, осы мәселені қайта қарастырғанымыз жөн. Медицина қызметкерлерін қылмыстық жауапкершілікке тарту қаншалықты орынды? Тергеу барысында дәрігер немқұрайлылығының деңгейін анықтап-білу өте қиын» деді ел Президенті. Оның сөзінше, қазірдің өзінде қаншама дәрігерлер қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Клиникалық зерттеулер жүргізу тәртібінің бұзылғаны үшін қылмыстық жазаға тарту мәселесін қайта қарастыру қажет. Өйткені, жазаға тартылу қаупі медицина қызметкерлерінің ғылымнан бас тартуына себеп болуы әбден мүмкін. Ал, халықтың, бүкіл әлемнің болашағы үшін медицина ғылымы алға қарай қарыштап дамуы керек.

«…әлемді құтқаратын ғалымдар» деген Қасым- Жомарт Кемелұлының сөзінің астарында қаншама мән жатыр десеңізші!

 P.S. Халық денсаулығының мықты болуы еліміздің медицина саласында еңбек етіп жүрген дәрігерлердің қолында екендігі мәлім. Сондықтан, адам жанына араша түсіп, сырқат жанға қолынан келер көмегін аямай, дертіне дауа, жанына шипа беріп жүрген ақ халаттыларға – айрықша құрмет! Дүние желі бір орында тұрмайтыны анық. Мың құбылып, бағытын өзгертеді. Сынаптай сырғыған уақыт жолындағының бәрін жұтып әкетеді. Ұйтқыған желдей, аққан селдей, көшкен құмдай бір орында тұрмайтын дүние шіркіннің өңін кіргізетін, пенделерге осынау жалғанда анасындай аяулы, әкесіндей ардақты жан болса, ол – дәрігер. Сол биіктен түспегей, лайым!

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған