«КҮНШУАҚТАН» КҮЛІМДЕП ҚАЙТТЫ

Жуырда Алматы қаласында «Күншуақ» халықаралық фестиваль-байқауы өтті. Еліміздің әр қиырынан дарынды өнерпаздарының басын біріктіретін бұл байқау жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Облысымыздан Еркінқала саз мектебі, мектептен тыс жұмыс орталығы және Құрманғазы атындағы өнер мектебінен жалпы 30-ға жуық өнерпаз қатысып қайтты.
Байқау қорытындысы бойынша бес Гран-при, екі бірінші орын, төрт екінші орын және бес үшінші орындар атыраулықтардың еншісіне тиді. Облыс абыройын асқақтатқан жас өнерпаздарды «Алматы-Атырау» бағытындағы пойызынан ата-аналары, ұстаздары және Атырау қалалық әкімдігінің қызметкерлері қарсылап алды. 
Байқау ережесі бойынша 9-21 жас аралығындағы өнерпаздар өнерлерін ортаға салған болатын. Еркінқала саз мектебінен 17 өнерпаз жүлделі орындарды иеленді. Соның ішінде, екі ұстаз да бар. Сонымен қатар, аталмыш саз мектебінің фортепиано класының оқушысы, Гран-при жүлдегері Әйгерім Қадыр (жетекшісі Нұргүл Қалекешова) ең жас қатысушы болып отыр. Өнерге жеті жасында келген ол И.С.Бахтың «Инвенсиясын» және Б.Гайдың «Сонатасын» орындап, қазылар алқасының көңілінен шықты.
– «Күншуақ» байқауына бірінші рет қатынасып тұрмын, – дейді Еркінқала саз мектебінің оқушысы, байқаудың Гран-при иегері Назерке Ерқосаева. – Терме сыныбын бітірдім, бірақ, бұл жарыста «Күнге табыну» және «Көзіңнің мөлдірін-ай» әндерін орындадым. Бұл жетістікке жетуіме жетекшім Бақыт Құмарғалиеваның үлкен көмегі тиді. Жарысқа бір ай көлемінде қызу дайындалдық. Осындай үлкен сахнаға шығу – менің бұрыннан бергі арманым еді.
Ал, байқауда аспапта ойнау номинациясында домбыраның үні арқылы Қазанғаптың және Тәттімбеттің күйлерін өз нақышына келтіріп орындаған Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің оқушысы Айтуар Мадиев жүлделі ІІІ орынды еншіледі. Оның айтуынша, бұл жүлде алға қарай ұмтылуына үлкен септігін тигізбек.
Жансая ИГРАШИНА,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
университетінің студенті.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз