Әлем мейірімділермен әдемі!

izobrazhenie 2020 12 08 151645 COVID-19: Соңғы поштадан...

Еріктілік – ежелден қазақ қанына сіңген қасиет. Қай кезде де қиыншылықта қалған жанға қол ұшын созу, қайырымдылық танытып, көмектесу ежелден келе жатқан «Асар» дәстүрі арқылы да бірнеше ғасырдан бері біте қайнасып келеді. Ал, биыл Президент Жарлығымен Волонтер жылы деп жарияланған соң осынау игі дәстүр жаңаша сипат алып, жандана түсті. Тұтас әлемді әуреге салған пандемия кезінде де еріктілер ауқымды жұмыс атқарып, қолдау білдірді. Үлкен жүректі, шынайы ниетті, осынау жандар бүгінгі қоғамды мейірімді ете түсті.

Ол – үлкен жүрек иесі. Қай кезде де оның атқарып жүрген жұмыст ары осыны дəлелдейді. Өзгеге қол ұшын созып, қиындыққа тап болғандардың қасынан табылуды парызы санайтын осынау мейірімді жанды жарнамалап, таныстырудың қажеті жоқ. Əмина Жəрдемқызы жасап жүрген игілікті істер көпке таныс. Ізгі істің басы-қасында жүргеніне 8 жылға жуықтаған ол «Жүректен жүрекке» қоғамдық қорының тізгінін ұстап, қашан да қайырымдылықтан қалыс қалмай, алғыс арқалады.

Ал, пандемия салқыны елді шарпыған тұста, Атырау волонтерлар штабын құрып, ауқымды жұмыстарға ұйытқы болды. Жастары 18-ден енді асқан жалынды буын мен 60-тан асқан ерікті жандарды бір мақсат, бір мүддеге тоғыстыра білді. Жалпы, Атырау волонтерлар штабы осы жылдың наурыз айында Азаматтық орталықтың жанынан құрылған. Құрамында «Қызыл ай», «Самға жүрегім», «Жүректен жүрекке», «Ынтымақ», «Иман жастары», «Біз де адамбыз», тағы да бірнеше қоғамдық бірлестік мүшелері бар штаб карантиндік шектеулер алғаш енгізілген кезде, яғни, наурыз, сəуір, мамыр айларында еріктілердің күшімен 2005 отбасыға азық-түлік, қорғаныш құралдары сияқты қажетті заттарды жеткізді.

Айтуға оңай болғанымен, бұл істің ауқымды, жауапты екені сөзсіз. Өйткені, тиісті құрылымдар жасақтаған тізімдегі əр адамға 12- 15 мың теңге көлеміндегі қаражатқа жинақталған қажеттіліктер себетін уақытылы жеткізіп, мұқтаж жандарға қолғабыс ету көзделген меже еді. Əмина Жəрдемқызы жетекшілік ететін аталған штабтың құрамындағы əр адам осынау сын сағатта жауапты жұмысқа жұмылып, жемісті еңбек етті.

Бұдан кейін штабтың қолға алған тағы бір игі ісі – облыстық əкімдіктің қолдауымен жасақталған дəрі-дəрмектер жиынтығының 3 мың отбасыға жеткізілуі. Бір жеңнен қол шығарып, жұмыла жүргізілген жұмыс та өз нəтижесін берді. Əркез көмек қолын созуға дайын тұратын Əминаның бастамашы болуымен жүзеге асырған жақсы істердің бұл бір пəресі ғана.

***

Жа с а ғ а н і с і н а қ ы – п ұ л с ы з атқаратын жомарттардың жəне бірі – атыраулық Арман Қасымов. Мұнайлы өңірдің тумасы екенін айрықша атауымызды да себебі жоқ емес. Өйткені, ол күллі Қазақстанға танымал, «Қазақстанның үздік еріктісі2019» сыйлығының медицинадағы ерлігі үшін аталымын иеленуші. Он жылдан астам уақыттан бері облыстық жедел жəрдем бекетінде ерікті болып қызмет көрсетіп жүрген ол шетелдік жоғары оқу орнын мұнайшы мамандығы бойынша бітірген.

Волонтерлік қадамын қатардағы ерікті-санитар болып бастаған Арман алғашқыда жедел жəрдем көліктерін жуған-ды. Өз айналасына мүдделес жандарды топтастыра жүріп, елдегі тұңғыш рет мектеп оқушыларынан құралған алғашқы көмек көрсетуші еріктілер тобының құрылуына да белсене атсалысты. Көптеген адамның жақсылық жасауына бастамашы болған ол қазір де осы саладағы істерін белсенді жалғап келеді.

***

Ад а м б а л а с ы м а ң д а й ы н а жазылған тағдырдан ешқайда қашып құтыла алмайды. Аяқ астынан ауыр жарақат алып, көлік апатының салдарынан мүгедек арбасына таңылған атыраулық ерікті, қоғам белсендісі, «Біз де адамбыз» қоғамдық қорының жетекшісі Гүлназ Қосмурзиева да – пандемия кезінде ғана емес, басқа уақытта да қол ұшын созуға дайын тұратын еріктінің бірі. Жақсылыққа жаны құмар жан өз мүмкіндігі мен қауіпсіздігін ысырып қойып, көмек көрсетуге бел шеше кірісті. Қайсарлығы мен өжеттігі сеп болып, арбамен мың бұрала билегендер арасынан да жүлделі орындарға қол жеткізіп жүргені – өршіл рухының көрінісі.

Дүйім жұртты дүрліктірген вирустың бетін қайтаруға септесіп, дəрі-дəрмек, азық-түлік, қорғаныш заттары сынды қажеттіліктердің тізімдегі əр адамға нақты жеткізілуіне себепші болғаны да оның биік болмысының шынайы көрінісі емес пе?! Жұмысты жүйелеу, жəрдем көрсеткісі келгендерді бір арнаға тоғыстыру арқылы үлкен жұмысты атқарып, беймаза шақтар артта қалған кезде Президент Жарлығымен «Халық алғысы» медалін иеленді. Бұл да – еріктінің ерен еңбегінің лайықты өтеуі.

***

Об л ы с т ы қ ау р у х а н а д а ғ ы науқастар саны сағат санап артып, қиын-қыстау шақ туындағанда «сыртқы жұмыстарға жұмыламыз» деген ниетпен барған бір топ ерікті «қызыл жолақтың» ішіне өтіп, көмекке ұмтылды. Бүгінгі күннің батырларына баланған, уақытпен санаспай қызмет еткен Мира Есниязова, Асхат Ахатұлы, Талғат Тұрғанбаев сынды тағы да бір топ волонтерлар үлкен жүрек пен нағыз батырлықты қажет ететін жұмысқа еш ойланбастан араласа кетті.

Індет өршіген шақта отбасына оралмастан қызмет етіп жүрген ақ халатты абзал жандарға көмек көрсетіп, науқастарға жəрдемдескен осы жандардың еңбегі мақтауға да, мақтануға да тұрарлық. «Індетті бірге жеңеміз!» деген зор үміттері ақиқатқа айналып, білек сыбана күрескен олар сол кездерде өң мен түстей күн кешті. Алғашқыда отбасы мүшелеріне де айтпастан, ауруханаға аттанған олар ең бірінші орынға өз отбасы, өз саулығы, өз қауіпсіздігі емес, дертті бірлесе тезірек жеңуді ғана қоя білді. Қазір олардың қайсысы да кəдуілгі тірлігіне оралған. «Ауру өршімей-ақ қойсын, бірақ, көмегіміз қажет болса, біз баруға дайынбыз!» дейді бірауыздан.

***

Ауруханадағы науқаст арға оттегі баллонын тасымалдау, жеткізу ісіне жұмылғандардың қатарын облыс көлеміндегі спортшылар да толықтырды. Дене шынықтыру жəне спорт басқармасының басшысы Ринат Ибрагимовтың бастамасымен шілде айының алғашқы күндері көмекке ұмтылғандардың қатарында олимпиадалық дайындау орталығының əдіскері Нұрлыбек Даралиев те болды. Алғашқы болып жеткен көмекшілер тобын толықтырғандардың қатары күн санап көбейіп, спортшылар бірауыздан ауруханадағы ғана емес, жалпы облыс бойынша көмек қажет етілген жұмыстарға ұмтылды.

Негізгі мамандығы мұнай саласына қатысты, кəсіби спортшы Тыныс Бисалиев те – осы қатардан көрініп, көмек қолын созғандардың бірі. Мектепте алғашқы əскери дайындық сабағынан дəріс беретін əкесі Жақсылықтың темірдей тəртіпті ұстануының арқасында спортқа етене жақын болып өскен ол өзінің ауырғанына қарамастан, ауруханадағы əріптестеріне көмектесуге асыққанын айтады. Джиуджитсудан 2018 жылы Чехиядан əлем чемпионы танылып, спорттың бұл түрінен Атырауда тұңғыш əлем чемпионы атанған Тыныс Жақсылықұлына маусым айында «екіжақты пневмония» диагнозы қойылыпты. Алайда, ауруды жеңіп, аяғына тұрған ол дереу ауруханаға асығып, қызыл аймақтағы еріктілер қатарына қосылды.

– 17 шілде күні спортшылардан хабар алмасып, өзімнің де сол жаққа барғым келетінін айттым. Олар «дереу Нұрлыбекке хабарлас» деді. Ол өз кезегінде «таңертең 7 жарымнан қалмай, аурухана алдына келіңіз, күндізгі сменаға барасыз» деді. Сөйтіп, менімен бірге үш ерікті Таңат, Бердібек, Аманбек келіп, 18 шілде күні жұмысымызды бастадық, – дейді ол.

– «Шілденің басынан бастап, тамызға дейін спортшылар командасы, федерация мүшелері, спорттық қауымдастық өкілдері аурухана сыртында халыққа көмек көрсету үшін жүрді. Басқармаға қарасты спортшылар екі ауысыммен жұмыс жасап, жалпы саны 200-дей спортшы көмекке ұмтылды. Тыныс Бисалиев 4 тамыз күні оттегі баллонының ең соңғысын жаңа жасақталған орталыққа тасып, ауруханадан шыққанын айтады. 25 жыл бойына спорт саласында жүрген кəсіби спортшы – жаңадан құрылған облыстық «Комбат» дзюдзюцу федерациясының директоры. Шығыс спорттық жекпе-жегімен айналысқанына ширек ғасыр болған ол – екі дүркін əлем чемпионы. Былтыр спорттағы карьерасын аяқтады. Қазір шəкірт тəрбиелеп жатыр.

«Ауруды жеңуіме бірден-бір себепші – спорт» деген кейіпкеріміз – Отанын сүйетін шынайы патриот. Өз ісін ерлікке баламай, «бұл – менің азаматтық парызым» дейді.

Айта кетейік, ерікті болу жасқа қарамайды. Тыныс Бисалиев – соның айқын дəлелі. 42 жастағы спортшы «талай додада топ жарып, бас бəйгені қанжығалап жүргенім бір төбе, пандемия аяқталған тұста облыс əкімінің Алғыс хатын алғаным бір төбе» дейді.

Ә­лем мейірімділермен әдемі. Дүние жүзін дүрліктірген дауасыз дертпен күресте жүкті жұмыла көтеріп, жеңілдетуге ұмтылғандардың бұл – бір ғана тобы. Атын атамастан, қолдау білдіріп жүрген Атымтай жомарттар қаншама!? Ерікті болып, ерлік көрсеткендердің ізгілікті ісі әлі де жалғаса бермек. Өйткені, әдетте жаттанды сөздей естілетін тіркестің бұл күнде мәні ақиқатқа айналды. Көп адам дерттен бойын аулақ салып, оқшауланып жүрген шақта еріктілер ауруханаларды аралап, көмек қолдарын созды. Облыстық әкімдік тарапынан ұйымдастырылған қолдау түрлерінің халыққа жетуіне де жәрдемдескен осы топ өкілдері. «Волонтерлік уақытша науқан емес, ол он мыңдаған азаматтарымыздың жан тебіренісі» деген Президент сөзінің жаны бар. Жарасымды жұмыстар қашан да жалғаса бермек!

Гүлжан ƏМІРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз