Ерекше балаларға арналған ауылымыз көктемде ашылады

40vystavka Жаңалықтар

 Atr. kz / 12 – ақпан. Қазақстан жас мемлекет. Десе де, жастығына қарамастан, еліміз әлеуметтік салада үлкен табыстарға қол жеткізді.

Қазір жасаймын деген адамға барлық мүмкіндік бар. Бизнес ашқыңыз келе ме? Мархабат, арнайы мемлекеттік бағдарламамен жеңілдетілген несие алыңыз. Біліктілігіңізді арттыру қажет болса, арнайы тегін курстар, оқу бағдарламалары бар. «Атырау. Маленькая страна» қоғамдық ұйымы осы сөзіміздің шынайы дәлелі.

40vystavka

Жүйке жүйесі зақымданған қаншама балаларымыз қазір қоғамға қосылып, балабақша, мектепке барып жатыр. Бұл үлкен көрсеткіш. Қазіргі таңда біздің ұйымнан тұрақты ем алып жүрген сәбилеріміздің саны 400-ге жуықтады. Енді, көктемде осындай ерекше балаларымызға арналған арнайы ауылымыз ашылғалы отыр.
Күллі Атырау халқы атсалысып отырған бұл ауыл дүниежүзі бойынша үшінші жоба. Бұл жоба қазіргі таңда Ұлыбритания мен Ресейде жұмысты істеп жатыр. Енді, үшінші нысан Қазақстанда, өзіміздің Атырау жерінде ашылады. Жоба ерекше балалардың саулығын жақсартып, олардың интеллектуалдық тұрғыда дамуына максималды түрде мүмкіндік жасауға бағытталған.
Біздің ауылымызда «дәрігер» жылқыларымыз болады. Ерекше жылқыларымыздың көмегімен балалардың саулығын жақсартамыз. Және ауылымызда еңбекке баулу, өзін өзі қамту бағытында жұмыстар ұйымдастырылады. Яғни, арнайы бау-бақша егіледі. Онда өзге емес, өзіміздің балаларымыз жұмыс істейтін болады. Және гидропоника жүйесі жұмыс істейді. Бұл өз алдына үлкен жаңалық.
Қазір ауылымызда гидропоника айлағының ғимараты салынды. Қажетті құрал-жабдық сатып алынды. Мысалы, арпа иә жүгері дәнін егетін болсақ, гидропоника жүйесінің көмегімен бір аптаның ішінде егін аламыз. Осылай жылқыларымызды асыраймыз. Әрі балаларымыз шаруашылықтың мәнін түсінетін болады.
Бірге болсақ, біз қашан да үлкен күшпіз. Ендеше, игіліктер жолында бірігейік.
Ерлан КҮМІСҚАЛИЕВ,
«Атырау. Маленькая страна» қоғамдық ұйымының төрағасы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз