Мәжіліс депутаты Ойылды құтқару бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды айтты

whatsapp image 2021 07 07 at 22.42.05 Жаңалықтар

«Атырау­-Ақпарат» ЖШС-нің баспасөз клубында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғанов бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізді. Халық қалаулысы өз кезегінде өңіріміз үшін маңызы зор өзекті мәселелерге көңіл бөлді.

Әңгімесін Парламет қабырғасында қабылданған заң жобалары мен депутат ретінде өз атына азаматтардан келіп түскен арыз-шағым, өтініш-саулдардың қаралу жайынан бастаған Дүйсенбай Нұрбайұлы бұған дейін баспасөз беттерінде көтеріліп жүрген Атырау аймағының экологиялық ахуалы, Жайық өзені мен Ойыл, Жем, Сағыз сияқты кіші өзендер бойынша қалыптасқан проблемалар мен олардың шешілу жағдайына назар аударды.

Келесі кезекте ол журналистерді ел Үкіметінен бастап, салалық министрліктерге, облыс әкімдіктеріне, Бас прокуратураға жолдаған депутаттық сауалдарына орай алған жауаптардың мәтін-мазмұнымен таныстырды.

Мәжіліс депутатының мәлімдеуінше, жүргізілген зерттеу-зерделеу жұмыстарының нәтижесінде Ойыл өзенінің Ақтөбе облысына қарасты аумағында қазіргі уақытта қожасыз тұрған 34 гидроқондырғының, 5 көпір мен сонша бұлақтың бары анықталған.  Бұл нысандардың бәрі тазалауға жатады. Соның ішінде, 10 гидроқондырғыны жергілікті әкімшілік коммуналдық меншікке алуды жоспарлаған. Үшеуі осы уақытқа дейін жойылған. Және үшеуін жою жоспарланыпты. Қалған 18-і бойынша (негізінен бұзылған бөгеттер) арнасын аршып, астын қаулап өскен қалың шөптен тазарту жұмыстарын жүргізу көзделген.

Одан бөлек, Ойыл өзенінің бойындағы қолдан салынған 1 және «Ақтөбе-Атырау» автотрассасы арқылы өтетін 2 көпір жойылатын болыпты. Ал Шиелі мен Шұбарлы секілді шағын өзендерде орналасқан екі көпірде тазарту шаралары қолға алынады. Дәл осындай жұмыстарды Шибұлақ 1 және 2, Талдысай, Егіндібұлақ, Көздібұлақ деп аталатын бұлақтарда жүргізу көзделіпті.

Осы ақпараттарды алға тартқан Дүйсенбайұлының айтуынша, жақында ғана осында  бассейндік кеңестің кезекті отырысы өткізілген. Онда Ойыл өзені суының таязданып, тартылуының себеп-салдарын айқындап, айдын суының гидрологиялық режимін жақсарту, соған байланысты атқарылатын іс-шаралардың технико-экономикалық негіздемесін әзірлеу, т.б. жоспарлы жұмыстарға мамандандырылған кәсіпорын-мекемелерді тарту жөнінде шешім қабылданған. Жоғарыдағыдай жағдайлардың орын алуына кінәлі деп танылған үш ауылдық округтің әкімі тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Әрине, мұнымен жергілікті тұрғындарды, қалаберді Мәжіліс депутатын мазалап отырған мәселе түпкілікті шешімін тапты деуге де болмайды. Дүйсенбай Нұрбайұлының түйіндеуінше, жолданған сауалдарға орай берілетін жауаптар көбінесе сырғытпа, шығарып салу үлгісінде болып келеді. Нақты қандай шара алынғаны, қандай қарекет жасалып жатқаны айтылмайды. Оның үстіне, осы өзендер мәселесі (әсіресе, трансшекаралық су айдыны саналатын Жайық өзені бойынша Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы Экология  министрліктерінің өкілдерінің қатысуымен қабылданған мемлекеттік бағдарлама да да Жайыққа қатысты қордаланған проблеманың шешімін табуы тараптардың қандай нақты шараларды жүзеге асырытындығы айқындалмаған, барының орындалу мерзімі дәл көрсетілмеген, басқа да қайта қарап, пысықтауды қажетсінетін тұстары аз емес.

Өзекті тақырыптқа арқау болған өзендерден бөлек, Мәжіліс депутаты өңірдегі жерасты су көздерінің қорын анықтап кәдеге жарату,  электр энергетикасы, қуат өндіруші және тасымалдап жеткізуші кәсіпорындар мен желілердің мүмкіндігін арттыру, еліміздің бірыңғай энергетика жүйесіне біріктіру,  Каспий теңізінің қайраңын игерумен байланысты туындаған экологиялық мәселелердің шешімін табу жолдары төңірегіндегі ой-пікір, ұсыныстарымен ортақтасып, қойылған сұрақтарға жауап қайтарды.    

  

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз