ҚҰҚЫМДЫ ҚАЛАЙ ҚОРҒАЙМЫН?

Еліміздегі әр азаматтың құқығы заңмен қорғалатындықтан, әділетсіздік орнаған жағдайда кез келген адам тиісті органдарға хабарласып шағымдана алады. «Нұр Отан» партиясының жергілікті филиалында қабылдау жүргізген Атырау қаласы прокурорының міндетін атқарушы Владимир Малахов заңдық тұрғыда кеңес сұрай келген бір топ азаматтың мәселесіне құлақ түрді.

 

Солардың бірі қала тұрғыны Әсел Досаманова өзі еңбек ететін компания басшылығына байланысты шағымын айта келген. Келісім-шарттар менеджері болып қызмет атқаратын ол еш себепсіз жұмыстан шығару жөнінде ескерту қағазын алғандығын айтты. Қызметтен өз еркімен кету жөнінде ескерту алған оның не себепті жұмыстан шығатыны жайында ешкім нақты жауап бермеген. Мұны заңсыз әрекет деп түсінген ол прокурордан кеңес сұрай келіпті. Әр азамат жұмыс орнын сақтап қалуға тырысатын бүгінгідей уақытта қызметінен қол үзгелі тұрған Әселге заң саласының өкілі еңбек инспекциясына жүгіну керектігін айтты.

Ал, қабылдауда болған жеке кәсіпкер Сергей Власов екінші деңгейлі банктердің бірінің әрекетінің заңсыз екенін айтып, қолында бар айқын дәйектермен мән-жайды түсіндірді.

Сондай-ақ, қоғамдық қабылдауда  баспана, жер мәселелерін айта келген өзге де азаматтарға прокурор тарапынан нақты түсініктер берілді.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА.  

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз