Атырауға Ресейдің Астрахань облысынан делегация келді

7979 Жаңалықтар

Атырау өңіріне іссапармен Ресей Федерациясы Астрахань облысының делегациясы келді. Абай орталығында облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев  шекаралас аймақтан ат басын тіреген әріптестермен кездесіп, сәттілік тіледі.

 –Өткен жылдың мамыр айында атыраулық делегация Астрахань облысына барып, әр сала бойынша әріптестік қарым-қатынас орнатқан болатын. Биыл сол бастама жалғасын тауып отыр. Осы іссапар барысында да қос аймаққа тиімді келіссөздер жүргізіліп, маңызды жобалар бастауын алады деп сенемін, – деді облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев.

Кездесу барысында Астрахань облысы Үкіметі төрағасының орынбасары Казбек Хадиков делегация құрамында кәсіпкерлік, денсаулық сақтау, мәдениет, ауылшаруашылығы салалары бойынша өкілдер келгенін атап өтті.  Бұл іссапар қос ел арасындағы әріптестік байланысты нығайтып, жаңа серіктестіктер табуға үлкен мүмкіндік екенін жеткізді.

Бұл Астрахань облысы Ауыл шаруашылығы министрі Руслан Пашаевтың Атырау облысына алғашқы сапары. Ол бекіретұқымдас балық өсіруде өз аймағының әдіс-тәсілдерімен бөлісіп, мал, егін шаруашылығы бойынша тәжірие алмаспақшы.

–Екі күнде бірнеше зауыт, кәсіпорынды аралау жоспарымыз бар. Әсіресе, балықшы әріптестерімізбен кездесіп, әңгімелескіміз келеді. Жалпы, бұл салада Жайық бойын жағалаған өңірмен ұқсастығымыз көп. Бізден кефаль балығы ғана шықпайды. Басқасының бәрі бар. Сондықтан, басы мақсат–қарым-қатынасымызды одан әрі нығайту. Атырауда бекіре тұқымдас балық түрлерін өңдеу бойынша іргелі зауытттар бар екенін білеміз. Су маржандарын ашық айдынға жіберу, уылдырық алу, оларды өсіру бойынша тәжірие алмасамыз деген ойдамын, – дейді Р. Пашаев.

123321

Жалпы, қос өңір арасында әріптестік байланыс орнаған. Жыл сайын тауар айналымының көлемі артып келеді. Кедендік мәліметтерге сүйенсек, жыл басында мұнайлы өлке мен көрші ел арасындағы сыртқы сауда айналымы 30 млн.АҚШ долларына жеткен. Экспорт – 6,2 млн.АҚШ доллары, импорт – 23,5 млн.АҚШ долларын құрайды.

Бүгінде өңірде ресейлік капиталдың қатысуымен 500-ден астам кәсіпорын табысты жұмыс істейді. Олардың қатырында мұнай-газ саласы, құрылыс, құрал-жабдықтар мен механизм тасымалдау, ақпараттық технология бар. Өңірдегі азық-түліктің басым бөлігі көтерме бағамен Астрахань облысынан жеткізіледі. Алдағы уақытта мұнайлы өңір шекаралас аймақпен шағын және орта кәсіпкерлікті дамытып, құрылыс, ауылшаруашылығы, денсаулық сақтау, құрылыс индустриясы бағыттары бойынша тиімді келіссөздер орнатпақ ниетте.

Айбөпе САБЫРОВА

фото Әнуар Әблғазиев

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз