Атыраулық спортшылар Азия ойындарына қатысады

2a62a325 7dd7 4cf5 8e3c 1e35e9d2431f Спорт

Қытай Халық Республикасының Ханчжоу қаласында өтетін Азия ойындарына 524 қазақстандық қатысады. Оның 12-сі Атырау облысының намысын қорғамақ. Төрт жылдықтың басты бәсекесі 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында өтеді.

Азия ойындарында табысты өнер көрсету маңызы өте жоғары. Өйткені бұл сында спорттың 8 түрі бойынша бақ сынайтындар Париж Олимпиадасына лицензияға ие болады.

Қазақстандық спортшылар ХІХ жазғы Азия ойындарының бағдарламасына қосылған 40 спорт түрінің 30-нан бақ сынайды. Соның ішінде атыраулықтар 5 спорт түрінен өз өнерлерін көрсетеді.

Қытай елінің төрінде шеберліктерін танытатын жерлестеріміздің қатарында волейболдан ұлттық құраманың мүшелері Жақсылық Тілеулин, Борис Кемпа, Нодирхан Кадірханов, дзюдодан ұлттық құраманың мүшелері Әбиба Әбужақынова (48 келі), Есімгүл Куюлова (63 келі), баскетболдан ұлттық құрама мүшелері Марат Әділхан, Богдан Рабченюк, таеквондодан ұлттық құрама мүшелері Нұрай Құсайынова (67 келі) мен Мария Севостьянова (57 келі), е-спорттан ұлттық құрама мүшелері ағайынды Сырым және Батыр Төлеуіштер, су добынан ұлттық құрама мүшесі Егор Белоусов бар.

dbcf2bbf 79ae 436e 89af 4a60fa550de0

Республика туризм және спорт министрлігі Азия ойындарында жүлде алған спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына берілетін ақшалай ынталандыру мөлшерін жария етті. Атап айтқанда, құрлық чемпионы атанған спортшыға 10 мың АҚШ доллары көлемінде ақшалай сыйақы беріледі. Ал, алтын медаль иегерін жарысқа дайындаған жаттықтырушыға 5 мың АҚШ доллары қарастырылып отыр. Күміс жүлдегерге 5 мың, ал оның жаттықтырушысына 3 мың АҚШ доллары тиесілі. Сондай-ақ қола медаль еншілеген құрама спортшысына 3 мың, оның жаттықтырушысына 2 мың АҚШ доллары көлемінде ақшалай ынталандыру белгіленген.

Азия ойындарының ашылу салтанаты сенбі күні Олимпиада спорт орталығы стадионында өтеді.

Сары құрлықтағы додаға қатысатын жерлестеріміздің ең үлкені Жақсылық Тілеулин 38 жаста болса, ең кішісі Егор Белоусов – 16 жаста.

Әлем көз тіккен бәсекеде спортшыларға табыс тілейміз.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз