«Басты мақсат – сапалы білім беру»

білім Шаһар шырайы

білім Нұрсәуле САЙЛАУОВА,
Атырау облыстық білім беру басқармасының басшысы:

 Биыл мектеп табалдырығын аттайтын балалардың барлығы бірдей жаңартылған білім беру жүйесі бойынша оқиды. Саладағы осы және өзге де жаңалықтар жөнінде облыстық білім беру басқармасының басшысы Нұрсәуле Сайлауовадан сұрап білген едік.

ОҚУ ЖЫЛЫНДАҒЫ ҮШ ЕРЕКШЕЛІК

– Әлемдік білім беру кеңістігіне кірігудің стратегиялық мәселелерінің бірі – он екі жылдық оқытуға көшу. Аталмыш жүйе облыста қалай жүзеге асырылуда?
– Ең басты ерекшелік – білім беру жүйесі мазмұнының жаңартылуы. Тәжірибеге алынған Исатай ауданындағы Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектеп пен Атыраудағы №17 мектеп-лицейі жаңартылған білім жүйесі бойынша тәжірибеден ойдағыдай өтті. Сөйтіп, жаңа оқу жылынан бастап, 1-ші сынып оқушылары бес күндік оқу жүйесімен Назарбаев Зияткерлік мектебінің тәжірибесі бойынша оқиды. Жаңартылған бағдарламалардың барлық деңгейіне «Мәңгілік ел» идеясының құндылықтары енгізілген.
Екінші ерекшелік — Білім және ғылым министрлігі биылдан бастап міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекітті. Бұрын мұндай нақты талап болмаған еді.
Үшінші ерекшелік – жаңа оқу жылында көпшілік мектептерде «Робот техникасы» курсы енгізіледі. Бұл курс ғылым, технология, инжиниринг және математика бойынша оқытылады. «Робот техникасы» курсын оқыту – оқушылардың инженерлік және дизайндық-ойлау, математикалық модельдеу дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді. Биыл жетпіс педагог «Робототехника» курсын тәмамдаса, 53 педагог «Жаңашыл мұғалім – жеке тұлғаны қалыптастырудың сәулетшісі» тақырыбындағы ағылшын тілін меңгеру курсында біліктілігін арттырды.

МЕКТЕПТЕРГЕ – КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ

– Осы ретте білім беру ұйымдарының базалық деңгейіне тоқталып өтсеңіз…
– Әр азаматтың сапалы білімге қол жеткізуі үшін облыста ағымдағы жылы 35 білім беру нысанына 1,3 млрд. теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазір бір жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілді, 8 мектептің құрылысы жалғасуда.
– Өткен оқу жылы білім саласы үшін табысты болды. Үздік ұстаздар мен оқушылардың жетістігі – әркез құрметке лайық. Білім көрсеткішін саралайтын Ұлттық бірыңғай тестілеудің жүйесі өзгергені рас па?
– Иә, биылғы оқу жылынан бастап, Ұлттық бірыңғай тестілеу екі бағытта өтеді. Біріншісі – мектепте, екінші кезеңі бітірушінің өзі таңдаған оқу орнында бейіндік пәніне қарай тестілеу түрінде өткізілмекші.
Сөзіңізді жалғай кетейін, өткен жыл жемісті болды. Атап айтқанда, Үндістанда өткен «Ментальды арифметика» байқауы мен 1-7 сынып аралығындағы республикалық «Зерде» ғылыми-зерттеу сайысында барлығы он сегіз бала және «Жас музыканттар» республикалық байқауында отыз тоғыз оқушы жүлдегер атанды. Дарынды оқушыларды қолдау мақсатында облыста тоғыз жыл қатарынан Ресей Федерациясының Новосібір мемлекеттік университетінің жазғы физика-математика мектебінің жұмысы ұйымдастырылып келеді. Биыл жазғы мектепте 150 шәкірт білім алды.
Өткен оқу жылында облыс мектептерінде 104 мыңдай оқушы білім алып, оқу сапасы 52 пайызды көрсетті. 41 оқушы халықаралық олимпиада және ғылыми сайыстардың, 35 оқушы республикалық жарыстардың жүлдегері атанды. Оқушыларымыздың түрлі пәндік олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда жеңіске жетуі – қазақстандық білім беру жүйесінің әлемдік деңгейде көрінгенінің дәлелі.

БАЛАЛАРҒА ҚАМҚОРЛЫҚ

– «Ерекше білім беру қажеттілігі бар» балалармен жұмыс қалай ұйымдастырылуда?
– Мүмкіндігі шектеулі балаларды өмірге бейімдеу – оқыту, тәрбиелеу жұмыстарымен бірге, барлық қолдауды талап етеді. Өткен оқу жылында тілі мүкіс балаларға арналған мектеп-интернатының оқушыларын тасымалдауға 45 орындық екі автобус бөлінді. Есту мүшесі зақымдалған балаларға арналған арнайы мектеп-интернат қала ортасына көшірілді.
Көзі нашар көретіндер үшін облыстық есту органы зақымдалған балаларға арналған мектеп-интернаты базасында ашылған төрт арнайы (коррекциялық) сыныпта білім алу мүмкіндігі бар.
Бірінші қыркүйектен бастап Атырау-дың барлық мектептері мен балабақшаларында логопункттер ашылады. Бұрын тілі анық шықпаған балалардың ата-аналарына ақылы түрде логопедтің көмегіне жүгінуге тура келсе, енді олардың қызметін тегін пайдалануға мүмкіндік туып отыр.
Әлеуметтік жағдайына қарай, биыл 12 738 бала жазғы лагерьмен қамтылды. 3738 оқушыны қамтитын 4 лагерь мен 8020 оқушыны қамтитын 124 мектеп жанындағы, 980 бала қамтитын шипажай үлгісіндегі 17 лагерь жұмыс істеді.
Оқушылардың бос уақытын тиімді қамту мақсатында мектеп жанындағы 28075 жасөспірімді қамтитын 287 бейіндік, 75 дебаттық лагерьлер ұйымдастырылды.
Министрліктің тапсырмасына сәйкес, мектеп жанындағы лагерьлерде 129 тілдік қызметі ұйымдастырылып отырса, қала сыртындағы лагерьлерде ағылшын тілі үйірмелері тұрақты жұмыс жасады. 27 шатырлық, 7 киіз үйлі лагерь бар. Онда барлығы 598 жасөспірім қамтылды. Жоғары сынып оқушыларына «Атамекен» өлкетану-туристік бағдарламасы ұйымдастырылды.

КӘСІПТІК БІЛІМ ЖАНДАНУДА

– Өңірдегі кәсіптік-техникалық білім беретін арнаулы оқу орындарында кадрлар даярлаудағы дуальдық оқыту жүйесі биыл қалай өткізіледі?
– Облыс бойынша техникалық және кәсіптік білім беретін арнаулы 25 оқу орнында 18 мыңнан астам студент білім алады. 48 кәсіпорын 15 оқу орнында кадрларды даярлауда дуальды оқыту жүйесін қолдануда. Негізінен, мұнай және газ ісі, электрик, арматуршы, құбыр монтаждаушы, тамақтандыруды ұйымдастыру, автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану, ғимараттар салу және пайдалану сияқты мамандықтарды қамтиды.
Енді біздің алдымызда мынадай міндеттер тұр:
– «Жұмыспен қамту – 2020» жол картасы» бағдарламасы шеңберінде жұмыссыз қалған жастар ағылшын тілі, кәсіпкерлік негіздері бойынша тегін курстық даярлықпен қамтылады;
– «Кәсіпкерлік негіздері» курсы барлық колледждерде енгізіледі;
– Биылдан бастап «Информатика» пәнін ағылшын тілінде жүргізу қолға алынады.

Әңгімелескен: Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз