ЕЛ АБЫРОЙЫ – ӨЗ МЕРЕЙІМІЗ

Мемлекетіміз күн өткен сайын жаңарып, қуаты артып, қарқынды дамып келеді. Осы орайда жүрегі «елім» деп соққан әр патриоттың мемлекетіміздің дамуына қосып жатқан үлесі зор.

 

Жуырда Астана қаласында өткен «Мәңгілік ел – Болашағы Біртұтас ел» республикалық патриоттар форумына қатыса отырып, талап пен ерік-жігер болса, биік шыңдарды да бағындыруға болатынына тағы да көз жеткіздім.

Жиынға Атырау облысынан қатысқан форум делегаттары қатарында болу мен үшін үлкен бақыт деп есептеймін. Өйткені, бұл жүрегі Отаным деп соғатын, осы отан­сүйгіштік сезімдерін ісімен дәлелдеп кел­е жатқан азаматтардың бас қосқан жиыны болды. Олардың мінберден сөйлеген сөздері, ой-толғамдары кез келге­німізді бейжай қалдырмады. Әсіресе, қатерлі ісік ауруларымен күресу мақсатындағы зерттеулерге 2 миллион АҚШ долларын бөлген 25 жастағы бағдарламашы, атыраулық жерлесіміз, Атырау қазақ-түрік лицейінің түлегі Асхат Мырзабаевтың сөзін тыңдап, кеудемді мақтаныш сезімі кернеді.

Форум аясында, сонымен қатар, «Жыл патриоты» атты жыл сайынғы байқаудың салтанатты қорытындысы шығарылды. Байқауда ерлік көрсеткен, сондай-ақ, Отанға деген сүйіспеншілігін күнделікті еңбегімен, нақты істерімен дәлелдей білген қазақстандықтар жеті аталым бойынша марапатталды.

«Менің елім» аталымында ғарышкер Айдын Айымбетов, «Ел бірлігі» аталымында «Динар – Электромаш» ЖШС (Ақтөбе облысы) іс басқарушысы Сергей Вишняк, КСРО және ҚР Халық әртісі Бибігүл Төлегенова «Руханият шыңы» аталымында, «Нұрлы жол» аталымында «Казлегпром – Алматы» ЖШС бас директоры Айбек Бектұрғанов, «Ерен еңбегі үшін» аталымында «Темірлан» ЖШС директоры Ерлан Әлин және «Ерлік» номинациясында суға кеткен екі сыныптасын құтқарған мектеп оқушысы Никита Тюкин, «Ана жүрегі» аталымында белгілі боксшы Геннадий Головкиннің анасы Елизавета Головкина марапатталды.

Форумнан кейін мен де «еліме барымша ең­бегімді сіңіріп, халқыма пайдамды әлі де тигізу­ім керек» деген ой түйдім.

Әлем, Азия чемпионаттарында шеберлік пен рух таразыға түскен сәттерде қарсыласты жеңіп, еліміздің Әнұраны орындалып, көк байрағымыз аспанда қалықтағанда әр спортшы еріксіз көзіне жас алады. Бұл — туған жерге деген сүйіспеншіліктің, қуаныштың, ел үшін мақтаныштың белгісі. Патриот үшін нағыз бақыт осы сәт болмақ. Барша қазақстандық жастарды елі үшін аянбай еңбек етуге, спортпен батыл шұғылдануға, сөйтіп, Ұлы Дала елінің абыройын асқақтатуға шақырамын!

Абзал ДҮСІПОВ,

кикбокстен әлем және Азия чемпионы, форум делегаты.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз