Жылу беруде жауапкершілік қажет

screenshot 5 3 Қоғам

ҚЫС ҚАҺАРЫНА МІНІП, КҮН СУЫТҚАН САЙЫН ЖЫЛУ БЕРУ ЖҮЙЕСІНДЕ МӘСЕЛЕЛЕР ТУЫНДАП, ТҰРҒЫНДАРДАН АРЫЗ-ШАҒЫМНЫҢ КӨБЕЙЕТІНІ ЖЫЛ САЙЫНҒЫ ӘДЕТКЕ АЙНАЛҒАНДАЙ. ОЛАЙ ДЕЙТІНІМІЗ, ЖЫЛУ БЕРУ МАУСЫМЫ БАСТАЛҒАЛЫ «109 – БІРЫҢҒАЙ БАЙЛАНЫС ОРТАЛЫҒЫНА» ТҰРҒЫНДАР ТАРАПЫНАН 5530 ШАҒЫМ ТҮСКЕН. БҰЛ МАУСЫМДА КОММУНАЛДЫҚ САЛАДА АПАТТЫҢ ЖИІЛЕУІ СЕБЕПТІ, ОБЛЫС ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҚҰРЫЛЫМДАРЫ ҚЫЗМЕТІНІҢ САПАСЫНА ҚАТЫСТЫ НАРАЗЫЛЫҚТАРЫ КҮШЕЙГЕН. БҰЛ МӘСЕЛЕ КЕШЕ ОБЛЫС ӘКІМІ СЕРІК ШӘПКЕНОВТІҢ ТӨРАҒАЛЫҒЫМЕН ӨТКЕН ӘКІМДІК МӘЖІЛІСІНДЕ ҚАРАЛДЫ.

Арыз-шағым неге көп?

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының жаңадан тағайындалған басшысы Айдулат Кенжебековтің айтуына қарағанда, былтырғы осы кезеңдегі ахуалмен салыстырғанда тұрғындар тарапынан түскен арызшағым 130-ға артқан. Оның көпшілігі қаладағы «Нұрсая» шағын ауданындағы көп қабатты 39 үйдің және басқару органдары жоқ 336 иесіз үйдің тұрғындарына тиесілі. Желтоқсанның 6-сына қараған түні «Нұрсаядағы» жылу беру орталығында қазандықтың істен шығуына байланысты көп қабатты 9 үйге жылу беру тоқтатылып, аяқ астынан қиындық туындаған еді. Абырой болғанда, мамандандырылған мекемелердің жедел жұмылуының арқасында жылу қайта қосылды. Биыл жылу беру маусымына дайындық үшін қазынадан 3 миллиард теңге бөлінген. Ал, жылумен жабдықтауда өзекті мәселелердің бірі – «Атырау жылу жүйелері» АҚ меншігіндегі желілердің дені тозған. Кәсіпорынның теңгерімінде жалпы тозу деңгейі 68 пайызды құрайтын 426,7 шақырым желі бар. Инвестициялық бағдарлама аясында жыл сайын 13-20 шақырымдай желіге жөндеу жасалса да, 50 жылдан бері жаңартылмаған құбырлар жағдайды жақсарта алмай тұр.

 – Бұл желілерді толықтай жөндеуден өткізу үшін жыл сайын 70 шақырымдай желіні ауыстыру қажет. Ал, бұл тарифтің өсуіне әкеліп соғады. Желіні жаңарту үшін алдымен диаметрі 530-820 миллиметрлік 58,94 шақырым магистралдық желіні тиісті бағдарламамен жөндеу керек. Облыс бойынша апаттық жағдайлардың алдын алу үшін қала әкімінің және мекемелердің жауапты техникалық қызметкерлері мен апаттық бригадалары бекітіліп, апатты барынша шұғыл қалпына келтіріп отыр, – деді Айдулат Жанатұлы.

Кемшілік кімнен?

Басқарма басшысы Екібастұз қаласындағы апатқа байланысты мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкеc Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің жанынан құрылған арнайы комиссия жүргізген тексерудің нәтижесінде нақты тапсырмалар берілгенін хабардар етті. Атап айтсақ, «Атырау жылу-электр орталығы» АҚ-ның №5 және №12 турбоагрегаттарын жөндеуді уақытында аяқтау бойынша шара қабылдау, кәсіпорынға қарасты желілердің әбден тозған 56%-ын жаңарту бойынша 2023 жылдың 31 қаңтарына дейін тиісті бағдарлама жасақтау, №13 турбоагрегатты тездетіп іске қосу, «Атырау жылу жүйелері» А Қ желілерін жаңарту бойынша тиісті бағдарламаны бекіту, «Атырау Жарық» АҚ-ына қарасты электр желілерін жаңғырту мақсатында жоспарланған іс-шараларды орындау, жергілікті атқарушы органдардың теңгеріміндегі тозығы жеткен электрмен жабдықтау желілерін күтіп ұстау жұмыстарын және коммуналдық жүйедегі апаттарды жедел қалпына келтіру. Баяндамадан соң облыс әкімі саладағы көңіл бөлуге тиісті басты кемшіліктер мен негізгі мәселелер, алдағы болжалдық қауіптер және оның шұғыл шешімін табуды басты назарда ұстау қажеттігін, сондай-ақ қаңтарда нақты бағдарлама ұсынуды тапсырды.

– Біз жаз бойы жылу беру маусымына дайындалдық. Қыстың қамын жазда ойлау қажет. Қаражатты бөлдік, әлсіз тұстарды анықтап, оны жөндеп, бүгінгі күнге дайынбыз деп келдік. Енді осы жылу беру маусымын өз деңгейінде өткізуді ойлауымыз керек. Менің білгім келетіні, кемшілік қайдан кетті? Мүмкін, бүкіл әлеуметтік нысандарды тексеру үшін арнайы комиссия жіберу қажет болар? Бұған дейін барған комиссиялар нендей олқылықтарды көре алды? Міне, осыны талқылауымыз қажет. Мәселен, пәтердің бір бөлмесінде жылу бар, екіншісіне оның жетпейтіні немесе тұрғын үйге жылу келіп тұрғанымен, желі бойында қалып қойған ауаның салдарынан пәтердің жылынбайтыны секілді жағдайлар анықталып отыр. Ал, бұған кім жауапты? Жұмысты кім жасауы керек еді? Неге біз проблема ушығып, арызшағым түскеннен кейін ғана әрекет етеміз? – деп, тиісті құрылымдарды ұйымдастыру жұмысын күшейтуге шақырған Серік Жамбылұлы кез-келген мәселеге жанашырлықпен қарауды тапсырды.

Жаңа қазандық – жұртшылық үшін

Жылу жүйелеріне қатысты мәселенің көбінесе Атырау қаласында орын алатыны анық. Десек те, мәжіліске қатысқан қала әкімі Мейірім Қалауи жүйедегі ақаулар дер кезінде қалпына келтіріліп, көп қабатты үйлердің барлығы жылумен қамтылғанын хабардар етті. Қаладағы әбден ескірген жеке жылу қазандықтары арқылы қамтылатын тұрғын үйлердің жылу және ыстық су желілерінің қуаттылығын арттыру үшін жаңадан 3 жылу қазандығы сатып алынған.

Мердігер мекемемен келісімшарт негізінде 1 қазандық 8 үйді қамту үшін «Тұлпар» шағынауданына қойылмақ. Қалған екеуі «Нұрсая» мен «Болашақ» шағынауданындағы 13 үйді қамтиды. Қазандық осы аптада қолға тимек. «Болашақ» шағынауданындағы көп қабатты №46, 47, 48, 49, 50, 51, 52, 53, 54 үйлерде жылу мен ыстық су қысымының жоқтығына шағым түскен. Анықталғаны, 6 желтоқсанға қараған түнде газ реттегіш құрылғы істен шығып, үйлердің жылу және ыстық су желілері уақытша тоқтатылған екен. Әкімдік тарапынан мамандандырылған мекемелер жұмылдырылып, барлық үйлерге жылу мен ыстық су берілді. Әкімдік мамандары жекелеген пәтерлердің жылу құбырларынада тексеру жасап, жылу құбырының шетіндегі №46 үйге қосалқы жылу айналдырғыш (насос) құрылғысы орнатқан. Қазір үй жылумен қамтылды. Тұрғындар үшін ортақ чат құрылып, пәтерішілік жылу желілері тексерілуде.

– Жылу беру қалыпты режимде температуралық кестеге сәйкес жүзеге асуда. «109» байланыс желісі, телеграм канал, DS телефондары арқылы әкімдікке жазбаша түрде түскен барлық шағымдар тіркеліп, нәтижесі әр шағымданушыға кері байланыс арқылы хабарланып отыр. Қала бойынша 15 сәуірге дейін апаттың алдын алу және дереу ауыздықтау мақсатында тәулік бойы жұмыс жасайтын 2 бригада құрылған, – деді Мейірім Жоламанұлы.

Оның айтуынша, бүгінде қалада 23 трансформатор мен білім беру мекемелерінің жылу қазандары қараусыз тұр. Сондықтан, қала әкімі былтырғы №38 мектептегідей жағдай қайталанбас үшін бұл қазандықтарды балансқа алу қажет екенін қаперге берді.

Халықпен байланыс – басты назарда

 – Тұрғын үйлерге қатысты айтарым, түсіндірме жұмыстары күшейтілуі тиіс. Қажет болса, арнайы бейнежазба түсірілуі тиіс. Көптеген пәтерлерде ішкі жылу жүйелері өзгертілген. Соның салдарынан кейбір пәтерлерге жылу бармай тұр. Ондай олқылықтарға комиссиямен барған кезде куә болдық. Ал, мұндай кемшіліктер бұған дейін неге тексерілмеген? Әр мекеме өз міндетін дұрыс атқаруы тиіс. Сондықтан, жауапкершілік, қадағалау мәселелеріне көбірек көңіл бөлу керек. Жылу маусымы біткенге дейін тұрғындармен тығыз қарым-қатынаста болған жөн, – деп, облыс әкімі Серік Шәпкенов қала әкіміне мәселені бақылауда ұстауды тапсырды.

Мәжілісте Жылыой ауданындағы жылу беру жағдайы, жыл басынан бергі облыс әкімінің тапсырмаларын орындау барысы туралы да айтты. Бұған дейін тұрғындармен 26 кездесу ұйымдастырылып, 397 тапсырма берілсе, оның 11-і орындалмаған. Шешімін таппаған тапсырмалардың көпшілігі әлеуметтік нысандарға қатысты болғандықтан, Серік Жамбылұлы жұмысына салғырт қараған басқармалар басшыларына сын айтып, келешекте мұндай олқылықтар үшін тиісті шаралар алынатынын қаперге берді.

ТҮЙІН: Жылу беру маусымы – тек Атырау өңірі үшін емес, республика бойынша өзекті тақырып. Өйткені, жылумен қамту адамдардың тұрмысына тікелей байланысты. Сондықтан, алты ай қыста жаурап қалмас үшін оған алдын-ала қамдану қажет. Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен өткен мәжілістің түйіні осы болды.

Мәлике МӘЛІКҚЫЗЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз