Атырауда пошташы «электромопедпен» газет тасып жүр

polymbet Қоғам

Исатай аудандық поштаның газет тасушысы Жанар Мұханбетова жұмысын жеңілдету үшін электромопедпен жүреді. Бұл туралы аудан әкімі Полымбет Хасанов өзінің фейсбук парақшасында жариялап, курьерге ризашылығын білдірді.

«Күнделікті қызметіме келген сайын аудандық пошта торабының алдында тұратын «электрокарға» көзім түсетін. Бүгін оталдырып жатқан азаматшаны көзім шалып, арнайы амандасып бардым. Мұханбетова Жанар атты замандасымыз аудандық поштада газет тасушы (курьер) болып қызмет етеді екен. Алғаш жұмысқа кірген сәтте өз қаражатына Атырау қаласынан 200 мың теңгеге осы «электрокарды» сатып алған, 2-3 сағат тоққа зарядтайды. Сонымен 45 шақырым жол жүріп Аққыстау ауылы тұрғындарына газетті жарты күнде таратады. Тұрғынның қажырлы еңбегіне қарап риза болдым» – деп жазды П.Хасанов.

Аудан әкімі қарапайым  газет тасушыны үлгі ете отырып, ауылда еңбек еткісі келетін адамға жұмыс бар, бірақ көбі қарпайым жұмысты менсінбейді, мұнайшы болғысы келеді дейді.

polymbet h

Әкім өз жазбасы арқылы аудан тұрғындарын поштаға газет тасушы жұмысына шақырады.

«Аудандағы поштада тағы екі адамға курьерлік жұмыс бар. Бірақ, ешкім қызығушылық танытпай тұр. Әкімдік тарапынан осындай қарапайым еңбек адамдарына әрдайым қолдау көрсетіліп келеді. Мерекелер қарсаңында түрлі марапаттарға ұсынылады. Тіпті былтырғы жылы пошта саласында ұзақ жылдар газет тасушы болып қызмет еткен Сүйеуқызы Қалампыр апамыз «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасымен марапатталды. Әр адамның несібесі өзінің пейіліне беріледі деген. Ниетіміз түзу болса кез-келген жұмыстан береке табуға болады» – деп жазды ол.

Нұргүл Насыр

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз