Қос терек

5 Қоғам

Ата-жұртын ардақтай білетін, ғасырлар ізін жасырып, жылдар жылжып өтсе де ауызбіршіліктері  жарасқан, бірін-бірі алыста жүрсе аңсап, жақында жүрсе жансап жүретін іргелі әулет – Қарабала Есенұлының (1850-1932) ұрпақтары. Он екі ата Байұлының Беріш-Қаратоқай  атасынан тарайтын Қарабала Есенұлы Қызылқоға өңіріндегі  Қарабау елді мекенінде мешіт ұстаған имам, сол өңірге беделі  жүрген  адам болыпты.

Қарабаладан үш ұл – Қабдырахман, Ғабдолкәрім, Нұрман (шын аты–Нұрмұхамбет) және Жәміш пен Балқия атты екі қыз өмірге келеді. Ал, Қабдырахман мен Тиын анадан  Зүбайда, Сүлеймен, Зайлағи, Сақыш есімді ұл-қыздары өрбиді.

5

Біз бұл өмірде өздері болмаса да соңында жақсы сөздері қалған, ұрпақтары өсіп-өнген ағайынды Сүлеймен және Зайлағи Қабдырахманұлдары  туралы сөз қозғамақпыз. Сүлеймен – ұстаз, Зайлағи мұнайшы болып  еңбек еткен, көпке қадірлі жандар еді.

ҰСТАЗ

Мен де Қарабалин Сүлеймен Қабдырахманұлы туралы осы жолдарды жазарда, ұстаз еңбек еткен жылдардың белесіне шығып, ұжымдас болған мұғалімдермен жүздесіп, кейіпкерімнің  өзіне тән ең асыл қасиеттерін сыналап теріп алған едім. Байқасам, әкеден дарыған білік пен білімге құштарлық оны осы жомарт жолға салыпты.

Нақақтан-нақақ  «халық жауы»  атанған әке тағдыры он алты жастағы бозбалаға жебедей қадалса да, қан-қақсаған жүрек тұсын алақанымен басып, анасы мен бауырларының алдағы қүндеріне  араша болуға бекінеді. Пештен шығарып, суға піскен темірдей жанұшырған ішкі дүниесін білім нәрімен суара білді. Әйтпесе, Ілияс Жансүгіров,  Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин  сияқты «халық жауларының»  кітаптарын  мал қораға тығып қойып, пілте шамның жарығымен таңға шейін оқымас еді ғой.

Қарабалин Сүлеймен Қабдырахманұлы 1921 жылы Қызылқоға өңіріндегі Қарабау елді мекенінде дүниеге келеді. Жастық шағында қызыл империяның елге көрсеткен озбырлығын көріп өсті. Сол жойқын күштің құрсауында жүріп, жігіт болды.

Иә, мектеп қабырғасында жүріп-ақ сауат ашу қосымша сабағына өз еркімен араласып, бар білгенін үлкендерге үйретіп, көздерін ашуға қолғабысын тигізген бала Сүлеймен өзінің алдағы мақсатын да айқындап қойған болатын. Соғыстың басталған жылы, яғни, 1941 жылдың күзінде қазіргі Жылыой ауданындағы М.Ю.Лермонтов атындағы Қосшағыл орта мектебіне оқытушы болып орналасады. Көп уақыт өтпей-ақ, жиырма бір жасында мектеп басшысы болған оған талмай ізденуге, бірнеше ұлт өкілдерінің балалары оқитын мектепте тәртіп пен тәрбиені қатар алып жүру үшін көп оқып-үйренуге тура келеді.  Сөйтіп, ол ауыл балаларын оқыту, жеткіншектердің бойына патриоттық, адамгершілік тәрбие нұрын себу ерлікпен тең екенін түсінді.

Мектептің сан-салалы жұмысын меңгере жүріп, мол тәжірбе жинақтаған жігітті аудан басшылары, елуінші жылдары, қайнаған жаңа өндіріс ошағы – Қаратон кәсіпшілігіндегі орта мектепке директор  етіп тағайындайды

Сүлеймен  Қабдырахманұлы сырт  қарағанда томаға тұйық жүретін, мінезі ауыр  көрінгенімен, дос-жаранға ішкі бауыры езіліп тұратын кеңпейіл жан болатын. Қонақжайлығы сол, жататын жері жоқ мұғалімдер, мәдениет саласы қызметкерлерін жай тапқанша төрге шығарып, барын бөліп жейтін. Ондай кезде шиеттей бала-шағасымен қуықтай бөлмені өздері паналап шығатын. Ол балаларының сабақтан қалмауын қатты бақылаған адам екен. Мектеп директоры болғандықтан ғана емес, «өте қатал әке» ретінде бірде-бір баласын бетіне қаратпай өсіреді. Олар әкесінің алдын кесіп өтпек түгілі, бір нәрсе айтып «шағымдануға да қорқатын» көрінеді.

1

Сүлеймен Қабдырахманұлы  Құлсарыдағы Қамыскөл мектеп-интернатының іргетасын қаласқан, жас кадрларды іріктеу, тәрбие жұмыстарын тыңнан бастау кезінде өз шеберлігін көрсете білді. Бұл 1959 жыл болатын. Үкіметтің арнайы каулысымен құрылған  мектеп-интернатта күні-түні ен далада мал баққан малшылар мен Ембінің қойнауынан «қара алтын» іздеген барлаушылардың балаларын жатқызып оқыту көзделді. Әрине, ағайын-туысын сағалап өскен біздің қазақ үшін балаларын интернатқа жатқызып оқыту ұл-қыздарын далаға жатқызумен бірдей еді. Аудандық партия комитеті ықпалымен білікті кадрларды жұмысқа тарту, ата-аналар арасында түсінік жұмыстарын жүргізу оңайлыққа соққан жоқ. Оны тек көпті көрген, білімі қызметіне сай келетін басшы ғана жүргізе алатынын жоғарғы ұйымдар күнілгері болжап, барлық жауапкершілікті  Сүлеймен Қабдырахманұлына жүктеген болатын.

Ұлағатты ұстаздың алғашқы мақсаты интернаттың материалдық базасын нығайту, тәрбиеленушілердің білімі мен демалысын жолға қою, ішіндегі ең маңыздысы балаларын сеніп тапсырған ата-аналардың дегенінен шыға білу еді. Сөйтіп, ол ата-аналарынан алыс жүрген балаларға аяушылық танытып қана емес, қолдан келгенше маңдайынан сипап әкелік, аналық  қамқорлық қөсетуді  өзінен де, өзге тәрбиешілерден де талап еткендігі арқасында көп құрметіне бөленді.

Сол бір жылдары Сүлеймен аға мен Қамыскөл мектеп-интернаты есімі шарықтап кетіп еді. Олай дейтініміз алғашқы жылдары интернаттан беттерін ала қашқан кейбір ата-аналар оқушы балаларын өз қолдарымен әкеліп тапсыра бастады. Келе-келе интернаттың бос орындары толған соң, балалар конкурстық негізде (тәртібіне, біліміне, дүниетанымына қарап) қабылданды. Өйткені, мектеп басшысының табандылығы, адамгершілігі мен әділдігі, азаматтығы көпті мойындата білді.  Мектепте ашылған радио торабын оқушылар өздері жүргізді. Әртүрлі спорттық жарыстар, фотография, киномеханик үйірмелері оқушылардың  білімі мен оқуға деген ынтасын арттыра түсті. Жазғы демалыста тап-таза киініп, алдарында бір жасқа өсіп келіп тұрған үлгілі балаларын көріп ата-аналары қуаныштарын жасыра алмаған еді.

Жаңа оқу жылында екі-үш баласын жетектеген бұрғышылар мен малшылар шоғыры көбейе түсті. Бұл сол уақыттағы ауыл тұрғындары арасындағы  тәрбиелі түсінік жұмыстарының бір ғана көрінісі  болатын. Осынау көпшілік жұмыстар нәтижелігі жолында тәрбиешілердің, интернат директоры Сүлеймен Қабдырахманұлының қаншама демалыссыз күндері, шала ұйқылы түндері өтті десеңізші! Әсіресе, қыс кездеріндегі бөлмелердің жылуын ерекше бақылап, пыш-пыш еткен тәтті ұйқы құшағындағы тәрбиеленушілерді қымтап, маңдайларынан сипап, үйіне барғанша түн жарымы ауып кететін еді.

Бірақ, жары Ақзира ерін әрқашан алдынан күтіп отыратын. «Жеңгеміз  Ақзира Дәулетжанқызы– жастайынан жетім қалып, тағдырдың кермек дәмін толығынан татқан адам. Қарабалиндер босағасын аттағаннан кейін, енесінің қағидасын бұлжытпай ұстап, отбасының ұйытқысы, берекесі бола білді. Сүлеймен ағамыздың жұмысына ауыртпалығын салмай, үй тауқыметін толықтай мойнына алды, қаймықпай, қабақ шытпай, мүлтіксіз орындады, тоғыз бала өрімдей азамат болып өсті. Жеңгеміздің жүзі жылы, жүрегі жомарт, ешкімді жатырқамай бауырына тартып тұратын, әңгімешіл, жайдары адам болатын. Соғыстан кейінгі ауыртпашылық жылдары қалт-құлт күн кешкен көп балалы оқытушының отбасы, сол қонақ көп келетін, ағайындардың бас қосатын сүйікті орны болып қала берді.

Жеңгеміздің жоқшылықты аузына алып, тарыққан кезі болған емес. Сөйтіп, сонау Қаракеңнен келе жатқан ұлы дәстүр–бауырмалдық, қонақжайлық өркендеп жалғасын тапты»  дейді үлкен әулеттің бір бұтағынан тарайтын танымал ұстаз, қаламгер, әрі шежіреші  Сабыр Ғабдолкәрімұлы «Атадан аманат» кітабында.

Ардақты әке мен абзал анадан тараған төрт ұл, бес қыздың бәрі де бір-бір үй, үлгілі жанұя. Ұзақбай, Абриза, Зүлфазар, Розалия, Гүлзада, Болат, Зура, Мелләт, Талғат, олардан тараған ұрпақтардың барлығы да білімді, мәдениетті, әртүрлі салада еңбек етіп жүрген білікті мамандық иелері. Бүгінде әке үміті ақталды, ана арманы орындалды. Тұңғыш ұлы, елге танымал мұнайшы  Ұзақбай Сүлейменұлы–Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері. «Отан», «Барыс», «Құрмет» ордендерінің иегері. Атырау облысының Құрметті азаматы. Ол қайда жүрмесін ата-тегі Қарабала үрім-бұтағының  арқа сүйер қамқоршысы бола білді. Міне, «ағасы бардың –жағасы бар» деген осы!

Иә, Сүлеймен Қабдырахманұлының ерлікке татырлық еңбек жолы оның жарқын бейнесін елге танытты. Құрмет төріне көтерді. Шоқтығы биік  жұлдызды жылдары онымен қызметтес болған әріптестерінің есінде. Сол білім жолының жауынгерлерімен тоғыз жыл бірге  басшылық тізгінін ұстап, жетістіктерге жете білген ұлағатты ұстаз қырық  алты жасында дүниеден озды. Оның нұрлы бейнесі ағайын-туыстарының, шәкірттерінің, жалпы еліміздің білім саласының есінде мәңгі қалды. Өзі ірге тасын қаласқан мектеп интернатқа  Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 20 сәуірдегі №-321 қаулысымен Сүлеймен Қарабалин есімі берілді.

Бүгінгі таңда  №15 Сүлеймен Қарабалин атындағы жалпы орта білім беретін мектеп   мұражайында  ол туралы ұстаздардың, оны білетін ата-аналар мен шәкірттердің  пікірі мен тілектері  жинақталыпты.

Сүлеймен ағай оқушылардың өзін-өзі басқару сабағына баса назар аударатын. Бірі директор, бірі оқу ісінің меңгерушісі, бірі оқушы болып жүріп балалар үзілістің қалай болып қалғанын сезбейтін еді. Аудан мектептері арасында бірінші болып бізде оқушылардан үрмелі аспаптар оркестрі құрылды. Сүлеймен ағай өзі тарихшы болғандықтан өлкенің тарихын, мол қазынасын, жер-су аттарын тереңірек  білу мақсатында тарихи жерлерге өлкетану жорықтарын ұйымдастырып жүрді. Сол кездердегі біздің оқушылар тапқан жәдігерлердің кейбірі аудандық мұражайда сақтаулы тұр. Біз Сүлеймен ағайды «Жылыойдың  Макаренкосы» деп мақтан тұтатынбыз, ол кісі біздің ақылшымыз, арқа сүйер әкеміз бола білді, – дейді Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің  үздігі, мектеп-интернаттың 1995-2005 жылдардағы директоры Зерлеш Әбішева.

–Мектеп-интернатты бірінші сыныптан бастап оқыған осы Зерлеш Әбішева сегізінші сыныпта оқып жүргенде (ол кезде сегіз жылдық болатынбыз) Алматыдағы озат оқушылардың слетіне қатысып, ұстаздарының үйреткен «Мектеп-интернатымызды он жылдыққа айналдырса, жүйелі білім алып шығар едік» деген тілегін жиналыста жеткізеді. Көп ұзамай мектебіміз он жылдыққа көшірілді,- дей келіп «ұстаздың бар мақтанышы–шәкірттері, өзі еккен дәндердің өсіп-өнуі деген осы емес пе?!

Ақырын жүріп анық бас,

Еңбегің кетпес далаға.

Ұстаздық қылған жалықпас,

Үйретуден балаға,- деп Абай атамыз айтқандай, Қарабалин Сүлеймендей ардақты ұстаздың бізге берген ақыл-кеңесін есте сақтап, 39 жыл ұстаз болдым, қазір құрметті зейнеткермін, – деп қалдырыпты қолтаңбасын халық ағарту ісінің үздігі Сейдахметов Хаби ағамыз.

МҰНАЙШЫ

Есенов Зайлағи Қабдырахманұлы  1927 жылы Қызылқоға ауданы, Қарабау елді мекенінде дүниеге келеді. Кезінде мешіт ұстаған Есенұлы Қарабала атасы мен діни оқыған сауаты болған әкесі Қабдырахманға шүйліккен заман ызғары оның да өміріне тосқауыл өрмегін құрмай өте алмады. Қыспақтан қашып, ағайындарын, жақын-жекжаттарын сауғалап жүріп, ұлына кесірім тимесін  деп тегін өз атасына жаздырған әке арманының орны оңайлықпен тола қоймаған еді.

Зайлағи Қабдырахманұлы Ұлы Отан соғысының қызып тұрған кезі–1944 жылы Гурьев мұнай техникумына түсіп, 1948 жылы бітіріп шығады. Қосшағыл кәсіпшілігінде бұрғышының көмекшісі болып еңбек жолын бастаған жас маман өндіріс жетекшісіне дейінгі кезеңнен өтіп, 1954 жылы Мәскеудегі И.М.Губкин атындағы мұнай институтын тәмамдайды.

1 002

Отыз жаста орда бұзар азамат «Қазнефтеразведка» тресіне қарасты ірі мұнай мекемелерін басқарып, өзін еңбекті ұтымды ұйымдастырушы ретінде көрсете біледі. Ол Оңтүстік Ембі мұнай барлау экспедициясында, «Ембімұнай» бірлестігі ұңғыларды күрделі жөндеу кеңсесінде директор болып істейді. Қай салада жүрмесін  әріптестері арасында өндіріс мәдениетін қатты ұстаған, өте талапшыл басшы ретінде бағаланған екен. Ел алдындағы еңбектері «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «Ерлік еңбегі үшін» медалімен, «Мұнай өнеркәсібінің үздігі» белгісімен, бірнеше Құрмет грамоталарымен бағаланды. Республикалық, облыстық партия конференцияларына делегат болып қатысып, облыстық Кеңес  депутаты болып сайланды.

Өткен ғасырдың 50-60 жылдарындағы Маңғыстау түбегін жаңғыртудағы мұнайшылар ерлігін еліміз қалай ардақтаса, сол ұлы көштің басында Рахмет  Өтесінов, Орынбай Бердіғожин, Зайлағи Есенов сияқты қазақтың біртуар ұлдары болғаны бәрімізге мақтаныш.   Оған мұнайшылардың  өмір жолдарымен жасалған мұнай тарихы куәгер.  Зәкең 1958-1962 жылдары Маңғыстауда барлау  жұмыстарын жүргізген бұрғылау  директоры болды.

«Зәкеңнің сөзінде артық ештеңе болмайтын, таразыға тартқандай етіп дәл басып,  теңіздей терең жүйелі ой тастайтын қасиеті айрықша басым тұратын. Жібек мінезінен танбайтын  елгезек те абзал жан еді. Өмір жолына тереңірек үңілген сайын Зәкеңнің  адамдарға жасаған жақсылығы оның беделін асқақтатып, халық құрметіне бөлеп отыр» деп көзі  тірісінде жазып кеткен Атырау облысының Құрметті азаматы Ізтілеуов Беркін Кенжеғалиұлының игі тілегі көп нәрсенің қиюын ашып, мұнайшы ағаның шоқтығын биіктете түскендей.

Иә, Зайлағи Қабдырахманұлы тек жұмыста ғана емес, ағайын-туыстары арасында да жайдарлы жанның бірі еді.

Ағасы Сүлейменге арқа сүйеп өскендіктен бе, Зайлағи оның алдынан кесіп өтпейтін. Тіпті табан астынан шешіліп әңгіме айтуға да ниет  таныта қоймайтын.

Сырттай қарағанда бірімен-бірі алшақ жүретіндей болып көрінгенмен, қос бауырдың қимастықтары,  сезімге толы қөзқарастары ерекше болатын. Сүлеймен інісіне бір кісідей сенетін. Оның бауырларына деген сүйіспеншілігін көргенде   өзегі ашыла түскендей болатын. Өйткені, бала кезінде тағдыр тауқыметімен апа-жездесі Көптілеуов Есмұқаш пен Қарабалина Зүбайданың  қолында тәрбиеленген бауырының мінез құлқына алаңдап жүрді. Ал, оның жұмыс десе ішкен асын жерге қоятынын, іні-қарындастарына қамқор көңілін зерделеп, жаратушысына тәуба дейтін. Сондықтан,  кейін балаларын Зайлағидың үйіне жатқызып оқытады. Бәлкім, бұған әкесі Қабдырахманнан қалған болашаққа көзқарас түйсігінің жылуы әсер еткен де болар.

Тек қана іні-қарындастары емес, барлық туыстарының балалары Зайлағиды  «тәте» деп атап кетіпті. Бұл ағадан да жақсы аға дегенді білдірсе керек. Яғни, нағыз қамқоршы ағамыз деген мағынаға саяды емес пе?!.

«…Мектеп бітіріп, тәтем сияқты бұрғышы боламын дегенімде, «бір отбасына бір бұрғышы да жетеді, ол ауыр жұмыс» деп ескерткен, бірақ, мен өз дегенімде тұрғанмын. Ал, институттан соң аспирантураға  қалуым туралы ұсынысты «отбасыңа алаңдама» деп қуана қолдап еді. Егер тәтем өз ұстанымын айтпағанда, менің алдағы тағдырым қалай болары белгіз еді»  дейді інісі, мемлекет қайраткері Ұзақбай Сүлейменұлы  «Тәте» атты естелігінде.

Әкесі Сүлейменнен гөрі ағасы Зайлағиға көп еркелейтін іні-қарындастары әңгімелесу кезінде өздерін балалық шаққа саяхат жасағандай ұстап желпініп-ақ кетті дерсің. Тәтелерінің  оларды жақсы оқуға, соның ішінде әдеби кітаптарды көп оқуға баулығаны білініп тұр. Бір қызығы, ол қандай кітап оқу керектігін де айтып бағыт-бағдар беріп отырыпты. Қайда жүріп, қайда бармасын кітап ұстап жүрген бала көрсе қасына барып, маңдайынын сипайды екен.

«Сіңлім Розалия дәрігерлік институтқа сынақ тапсырғанда, тәтем менен ол сынақтың қалай болғанын сұрап алды. Әдебиет пәнінен сынақ жазбаша жүрді. Розалия еркін тақырыпқа–академик Е.И.Чазовтың естеліктерін өз шығармасына арқау етеді. Сөйтіп, жоғары баға алды. Сондағы тәтеміздің балаша қуанғанын айтсаңызшы! Себебі, кезінде сол кітапты оқуға Розалияға тәтемнің өзі кеңес берген екен,-дейді қарындасы Абриза Қарабалина ыстық ілтипатпен қос жанарын алысқа қадап отырып.

Иә, әрдайым жинақы, тік қалпы жүретін көпшіл жан–Зайлағи Қабдырахманұлы білімді, өндірістің кілтін жетік білетін, ақжарқын, өте бауырмал еді дейді білетіндер. Ол қашан да ортаның әзілін ашып, көптің көңілін біркісідей-ақ көтеріп әкетеді екен. Қиыннан қиыстырмаса да, орайы келгенде тығырықтан әдемі жол тауып шығатын кездерін көз көргендер жыр қылып айтып та жүр.

Сол бір жылдары, Маңғыстауда жүргенде, жұмыс бабы болса керек, қариялармен кездесіп калады. Үлкендердің ру сұрасатын әдеті емес пе? «Берішпін, оның ішінде Қаратоқайымын» десе керек. «Қаратоқайдың қайсысысың?» деп қоймапты бірі. Руға шорқақ Зәкең Қаратоқай руын естісе, тілі қышитындардың ілігі есіне түсіп:

–Ақсақалдар, арғы жағын жіктей алмаймын, білетінім, әйтеуір,  Көтені емеспін,- деп күлкіге бір батырған деседі.

«Жақсы сөзді ел жаттар, ел жаттар сөзде салмақ бар» деген осы. Зәкең туралы айтқанда, оның ерте есейткен балалық шағы, еңбекпен марқайтқан келелі кезеңдері әлі де талай-талай шығармаларға арқау болары сөзсіз. Абзал азаматтың  басынан тұнжыраған түндер мен қызғылықты күндер өтті. Мұның бәрі де әрбір адамның басында бар, өзінше өзгеше жолдармен өтетін шақтардың желісі.

Биылғы тамыз айында ортада жүргенде 90 жасқа толатын ардагер ағаны ұрпақтары мен бауырлары еске алып, өмір, еңбек жолына қысқаша шолу жасағанды қаласа, әрине, артық болмағаны. Бүгінде бұрғышылардың ауыр да қиын күндерін бірге өткерген, ыссыға күйіп, суыққа тоңған замандастарының қатары сирегенмен, сол қаһармандарды әркез еске алып жүретін саналы ұрпақ бар. Олар–жаңа заманның пісіп келе жатқан жаңа кейіпкерлері.

Осыдан жиырма бес жыл бұрын жазған «Өткенді оймен шолғанда» атты кітабында  Мемлекет және қоғам қайраткері Саламат Мұқашевтың:

«…Маңғыстаудың ыстығына күйіп, суығына тоңып, шаң-тозаңын жұтып, бейнетін көргенмен зейнетін толық көре алмай өмірден өткен Балғымбаев Өтеп, Үсенов Дүйсен, Қонысов Насен, Есенов Зайлағи, Әкімбаев Сахи, Жаңбыршин Алым, Клинчев Дмитрий Николаевич, Шапағатов Сайын, Нұрғалиев Қалидолла, Есмұрзин Базарғали, Қалбаев Қапжапар, Шалабаев Құсайын, Сүйесінов Күреңбай сияқты белгілі тұлғалармен әркезде  тығыз қарым-қатынаста болғаным ойыма түскенде, олар мектепте бірге оқыған шәкірттер тәрізді көрінеді, қимастық сезім билейді»  деп жазғанын оқып, сол кездегі еңбек майталмандарына бұдан артық баға жетпес деген ойымнан әлі де арылғаным  жоқ.

Міне, біздің кейіпкеріміз – Есенов Зайлағи Қабдырахманұлы жоғарыдағы айтылған асыл қасиеттерімен  есте қалған, күрессіз   өмір көңілсіз екенін еңбегімен дәлелдеген адам.  Елу төрт жасында өмірден озды.  Зайыбы Зайда апамыз екеуі ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Ұлы Ерназдың қайғысын көтеріп жүріп, қызы  Гүлназына тілекші болған қайран ана: «…Иә, мен оны аңсаймын, сағынатыным шын. Еркелете  білетін, еркелей де білетін ерекше азамат еді-ау. Сенің  бұйра шашың, нұрлы көзің, мөлдір сезімің,  сындарлы сөзің мен үшін  күш-қуаттай көрінетін. Мен ол бір бейнеден, сүйкімді де, сүйікті бейнемнен айырылғалы, ажырағалы, адасқалы отыз жылдың жүзі өтіпті…» деп жүріп бақилық болды.

Әрине, абзал ана мен ардақты әке  бейнесін бала  ешқашан да ұмытпайды. Таудың алыстаған сайын биіктей түсетіні сияқты,  жылдар жылжыған сайын ата-анаңды еске түсіру қанымыздағы қымбат  қасиеттердің бірі. «…Әкемнің махаббаты мен сүйіспеншілігі мені алаңсыз және бақытты өмір сүруге бастады. Оның тірі кезінде мен өзімді қауіпсіз сезіндім, ол маған мықты тірек болып, мені реніштен, қолайсыз жағдайлардан, терістіктерден қорғай білді. Ол мені қатты еркелетті және сақтады. Менің әкем аса білімді. Ол өте көп оқыды. Біздің үйімізде үлкен де ауқымды кітапхана болды. Онда кітап қоры көп еді. Кез келген уақытта ол кеңестік және шетелдік классиктерден еркін түрде мысалдар келтіре алатын. Оның әрбір сөзі, әрбір әзілі үйлесім тауып тұратын. Ол біздің әдебиетке, кітап оқуға деген махаббатымызды оятты, адамдармен сөйлесе  білуді, қайырымдылық  жасауды, ештеңе  дәметпей-ақ жақын адамдарға көмек қолын созуды үйретті»  деп әке бейнесін еске алған қызы Гүлназ Есенованың балалық сезімін оқи отырып, Зайлағи ағамыздың  рухы ортамызда жүр, оның есімі мәңгі өшпейді деп айта аламыз.

Болат ДӘУЛЕТОВ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз