Мораторий құндылығы – тыныштықта!

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жер кодексіне қатысты мораторий жариялағаны ел ішін қуанышқа бөледі десе де болады. Өйткені, айрандай ұйыған ұлттар мен ұлыстар мекеніне айналған Қазақ елі үшін ең бірінші керегі – бірлік пен береке, тыныштық пен татулық.

Жер мәселесіне қатысты орын алған алаңдаушылықты  түсінуге де болады. Себебі, қара жер – біздің қымбат қазынамыз, киелі мекеніміз. Оған немқұрайлы қарамау – жүрегі «елім» деп соққан әрбір азаматтың асыл парызы болса керек. Бірақ, екінші жағынан қоғамға өмірдің өзінен туындап жатқан жаңалықтарды  түсіндірген де жөн. Өйткені, қазір әлемде өркениетті елдердің өзі бейшара күйге түсіп жатыр.  Осындай жағдайда бізге қандай мәселені болса да ақылға салып, шешу керек. Ең қиын, түйткілді жағдайлардың өзін халықпен ақылдасқан жөн. Әйтпесе, дұрыс-бұрысын білмеген жұртты арандатып жіберуге мүдделі күштер қай кезде де табылады ғой.

Рас, бүгінде елімізде ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану тиімділігі сын көтермейді. Тіпті, игерусіз  жатқан жерлердің ауқымдылығын айтпағанда, бүгінгі ауыл шаруашылығы құрылымдары иелігіндегі жерлердің 30 пайызға жуығы мақсатты пайдаланылмайды деуге болады. 

Қалай болғанда да, Елбасы ең дұрыс шешімді қабылдады. Әрине, жерге қатысты мәселелер бірте-бірте іске асары сөзсіз. Бірақ, Президент ең бірінші кезекке елдің тыныштығын қойды. Мораторийдің құндылығы да осында.

Нұрлы  ӘЙТИЕВА,

Атырау бизнес және құқық колледжінің директоры.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз