КИКБОКСШЫЛАР ЕРЛЕДІ!..

Алғаш рет Атырауда кикбокс спортының құрылғанына 20 жыл толуына орай Қазақстан және Ресей кикбоксшылары арасында жолдастық кездесу өтті.

Байрақты бәсеке «Атырау» спорт кешенінде болды. Спорттық шара кешкі сағат 20.00-де ұйымдастырылығанына қарамастан, ел намысын қорғаған спортшыларға қолдау білдіруге жанкүйерлер өте көп жиналды.

ҚР Еңбегі сіңген спорт шебері, кикбоксингтен екі дүркін әлем чемпионы, Азия чемпионы Бауыржан Құдайбергенов 57 келі салмақ дәрежесінде алғашқы болып сынға түсті. Оның қызыл бұрыштағы қарсыласы РФ қола жүлдегері, спорт шебері М.Мамаев болды. Бес раундқа созылған додада семейлік кикбоксшы жеңіске жетті.

Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ерсайын Қасамбаев бұған дейін әлем чемпионатының ақтық сынына шығып, күміс жүлдегер атанған болатын. Осы жолы Әлем кубогының иегері, әлем чемпионы дағыстандық Рамазан Разаковпен кездескен ол қарсыласқа жол берді. Ал, 75 келі салмақта бағын сынаған Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Саян Жакуповтың Әлем кубогының иегері Башир Таджиновпен жекпе-жегі де қызыққа толы болды. Саянның спорттық мансабы боксшы ретінде басталғандығын білген қарсылас аяқпен көбірек жұмыс жасауға талпынды. Есесіне, оның әсерінен ресейлік кикбоксшы, ұлттық құраманың капитаны көп күшті алғашқы раундтарда жіберіп алып, әлсіреп қалды. Осыны пайдаланған Саян, әсіресе, 4-5-нші раундтарда белсендірек болып, жойқын соққыларын дәл бағыттай алды. Нәтижесінде, ұлттық құрама қоржынына тағы бір жеңіс әкеліп салды.

Ең жоғары салмақ — 90 келі дәрежесінде рингке шыққан Қазақстан чемпионы, бірнеше халықаралық турнирлердің жүлдегері жамбылдық Асхат Жантұрсыновтың қарсыласы  Ресей кубогының иегері Абусупьян Абдулмеджинов мықты спортшы болатын. Қарсыластың артықшылығы — бойының ұзындығы болса да Асхаттың соққысынан ол сескенді. Сол сескенудің салдарынан өзінің осал тұсын көрсетіп, Асхат қарсыласын төртінші раундта нокаутқа түсірді. 

Әкеге  берген  уәде

Ел намысын қорғаған кикбоксшылар қатарында ұлттық құраманың мүшесі атыраулық Абзал Дүсіпов те болды.

Бұған дейін әлем чемпионы мен әлем кубогының иегері атанған Абзал 60 келі салмақ дәрежесінде Еуропа чемпионы Магомед Саидовпен рингте кездесіп, жеңіске жетті.

Турнир басталуға бірер сағат қалғанда Абзалдың әкесінің қайтыс болғаны жөнінде хабар келді. Алайда, «Мен, ең алдымен, халқымның ұлымын» деген патриоттық рухты биік ұстаған жерлесіміз ринг төрінде ресейлік кикбоксшыны жеңді.

– Әкем кикбокстың фанаты болатын. Үнемі маған батасын беріп, тілегімді тілеп жүретін. Бұл жарысқа мен көптен бері дайындалып келгенмін. Әкемнің жан тапсырар алдында айтқан «Балам, саған жеңіс тілеймін» деген соңғы сөзі мені рухтандырды. Сондықтан, отбасымда қайғылы жағдай болып жатқанда мен әкеме берген уәдемді орындау үшін рингке шықтым», – деді Абзал көңілі босап бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне берген шағын сұхбатында.

Нағыз елдің азаматы деп осыны айт! Қаңдай болсын қиындыққа қарамастан еліміздің абыройын асырар Абзалдай өжет, мықты азаматтар көп болсын!

Жолдастық кездесу жеңімпаздары арнайы кубоктармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды. Жалпы жүлде қоры — 1500000 теңгені құрады (І орын — 200 мың теңге, ІІ орын — 100 мың теңге — ред.). Сондай-ақ, атыраулық Абзал Дүсіповке Ерлан Өтеулиев басшылық ететін «KST GROUP» компаниясы 500 мың теңгенің сертификаты табыс етілді.

Турнир соңында командалық есепте І орын жеңіп алған Қазақстан құрамасына кубок берілді. Сонымен қатар, доданы жоғары деңгейде ұйымдастырған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына Алғыс хат тапсырылды. Жарысқа арнайы келген Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Қайрат Смағұлов, Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері, таэквондодан Қазақстан құрама командасының мемлекеттік жаттықтырушысы Арман Шылманов және тағы басқалары байрақты бәсекенің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына, залда лық толы отырған халық түнгі сағат 00.00-ге дейін тарқамай, қазақстандық спортшыларға қолдау білдіргендерін жоғары бағалап, тәнті екендіктерін жасырмады.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз