Ел егемендігін алғанда

zha a aza stan fota Қоғам

ТӘУЕЛСІЗДІК АЛҒАН ТҰСТА ТУҒАН БҮГІНГІ ҰРПАҚ – БАҚЫТТЫ. ӨЙТКЕНІ, ОЛАР ҮШІН ЕГЕМЕН ЕЛДЕ ӨМІР СҮРУ ҚОЛЖЕТПЕС АРМАН БОЛҒАН ЕМЕС. ДЕРБЕС МЕМЛЕКЕТ АТАНҒАНҒАНҒА ДЕЙІНГІ КЕЗЕҢНІҢ КУӘГЕРЛЕРІ ҮШІН ЕГЕМЕНДІК ҰҒЫМЫНЫҢ АЛАР ОРНЫ ЕРЕКШЕ. АЛ, ҚАЗІР БАСЫМЫЗҒА ҚОНҒАН БАҚТЫҢ ПАРҚЫНА ЖЕТІП ЖҮРМІЗ БЕ?.. ОСЫДАН 31 ЖЫЛ БҰРЫН ӘР САЛАДА ҚЫЗМЕТ ЕТКЕН АЗАМАТТАРМЕН ПІКІРЛЕСІП, ӨТКЕНГЕ ШЕГІНІС ЖАСАП, ӨЗ ЕСТЕЛІКТЕРІМЕН БӨЛІСУІН ӨТІНГЕН ЕДІК.

1.Еліміздің өз алдына дербес мемлекет атанып, тәуелсіздікке қол жеткізген кезін естіген сәттегі алғашқы әсеріңізді айтып берсеңіз? Қай сәтте, қай уақытта естідіңіз?

2.Тәуелсіздік алған тұста сіз қай өңірде, қай салада қызмет істедіңіз? Ол саланы тәуелсіздікке дейінгі және кейінгі деп қарастырып, айырмашылығын айтып берсеңіз…

3.Егемендікті сақтау жолында қандай алғышарттарға маңыз беруіміз керек?

screenshot 10 1

Ауыл шаруашылығын реформалар реттеді

Селбай ТАШМҰХАНОВ, экономист, еңбек ардагері:

1. Тəуелсіздікке қол жетіп, егеменді ел болдық дегенде қуанбаған қазақ жоқ шығар. Мен де солардың бірімін. Ата-бабамыздың білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғаған Алтайдан – Атырауға дейінгі кең байтақ жері еркіндікті сезінді. Əрине, бастапқыда біраз түсінбестіктер болғаны рас. Бірақ, кейін ел өзінің тұрмысын өзі түзеп алды.

2. Қызылқоға ауданындағы Энгельс атындағы кеңшарда бас экономист болып қызмет атқардым. Аудан мал шаруашылығымен айналысты. Кеңшар облыс көлеміндегі тиімділігі жоғары, алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың бірі еді. Жалпы, 1985 жылдан бастап, ауыл шаруашылығы саласында еңбекшілерді түпкі нəтижеге ынталандыру мақсатында еңбекке ақы төлеу формалары енгізіле бастады. Ұжымдық мердігерлік əдіс бойынша əр малшының еңбекақысы өзінің өндірген өніміне байланысты есептелді. Елімізде ауыл шаруашылығы саласында еңбекақы төлеудің экономикалық жаңа модельдері іске қосылды. Солардың бірі – ұжым мүшелеріне негізгі қорлар мен материалдық құндылықтарды жалға беріп, əр малшы, əр ферманың өндірген өніміне байланысты шартты түрде есеп айырысу бағалары шығарылды. Сол кездегі жоспарлы экономикада мал өнімдерінің негізгі көрсеткіштері жоғарыдан төмен қарай жоспарланды.

Бірақ, сол өнімді дайындауға кететін өндірістік жəне жалпы шаруашылық шығындарының қаржысы сəйкес келмегендіктен, көбінесе шаруашылықтар тиімді жұмыс жасай алған жоқ. Мал шаруашылығы өнімін сапалы дайындау жəне оны уақытында сату жұмыстары тəуелсіздікке дейін де өте қиын жағдайда болды. Əсіресе, осы салада 1990-1991 жылдары экономикалық байланыс тек қағаз жүзінде қалып, дұрыс жолға қойылған жоқ. Ет өнімдерін қабылдайтын Атырау ет комбинаты, жүн өнімдерін өңдейтін Ақтөбе зауыты, елтірі қабылдайтын Шымкенттегі зауыттарының өзара қаржы байланыстары шектеліп, экономикалық дағдарысқа ұшырады.

Тəуелсіздіктің алғашқы жылдарында ауыл шаруашылығын дамытудың алғышарттары жасалды. Республика ауыл шаруашылығы министрлігінің нұсқауына сай барлық кеңшарлар 1994 жылы 1 қаңтардан бастап, дербес жарғысы бар ұжымдық кəсіпорын болып қайта құрылды. Оның дербес Жарғысы дайындалып, қызметкерлердің жалпы жиналысында бекітілді. Сол жылы ұжымдық кəсіпорындағы барлық қызметкердің еңбекақысы мен еңбек өтіліне байланысты əр қызметкердің қаржылық үлесі есептелді. Жүргізілген экономикалық реформаға байланысты əр қызметкердің үлесі бойынша барлық негізгі қорлар мен материалдық мүліктер кəсіпорынның жарғысына сəйкес, əр қызметкерге жеке пай үлесі есептеліп таратылып беріліп, ұжымдар жекешелендірілді. Сол қорлар негізінде бүгінгі таңда жұмыс жасап жатқан шаруа қожалықтарының негізі қаланды. Əрине, қай салада да күн сайын экономикалық жəне соңғы технологиялық өзгерістер болып жатады. Ол – заман ағымына сай дамудың заңды əрекеті.

3. Қазақстан халқының 40 пайызы ауылда тұрады. Сондықтан, əр өңірдің табиғи ерекшеліктерін ескере отырып, ауылдың инфрақұрылымын кешенді жаңарту жұмыстарын жеделдету қажет. Егер бұл жұмыстарды жүзеге асырса, əр өңірде қаржы көзін тартуға жол ашылар еді. Нарықтық экономикада қаржы көздерін барынша тиімді пайдаланып, инвестиция тартуды қолға алу керек. Жеңілдетілген несиелер беріп, жекеменшік серіктестермен байланыс орната отырып қаржы тарту тетігін жолға қойса тиімді болады деп есептеймін. Ұзақ мерзімді гранттарға ие болу құқына басымдық беріліп, сапалы өнімдерді дайындап өткізуде кететін негізгі тікелей шығынды мемлекет есебінен ішінара қаржылай өтеуді де ұйымдастырса ұтатынымыз анық. Бұл шаруалардың барлығы тəуелсіз мемлекетіміздің əлеуметтікэкономикалық əлеуетінің артуына өз үлесін қосады деп ойлаймын.

screenshot 11 2

«Қазақстан тарихы кеңінен зерттелді»

Қабибек МҰХИТОВ, тарих ғылымдарының кандидаты:

1. Еліміз егемендік алғанын естіген кезде қатты қуандым. Үш ғасыр бойы армандаған тəуелсіздігіміз қолымызға тиді емес пе! Қалайша қуанбаймыз?! Бар қазақ бөркін аспанға атып қуанды ғой… Сол тұста Алматыда аспирантурада оқитынмын. Дос-жарандармен, жатақханада тұратын басқа да əріптестерімізбен қуанышымызды бөлісіп, бір-бірімізден сүйінші сұрап жаттық. Кейбір студенттер бөлмелерінде тойлап жатты. Керемет кез еді. Ол сезімімді сөзбен жеткізу қиын болар…

2.Алматыдағы Тарих жəне этнология институтында аспирантурада оқитынмын. Диссертация жазып жаттым. Тақырыбым – мұнай өнеркəсібінің тарихына қатысты. КСРО-ның кезінде диссертация жұмысы бүкіл елдің мүддесінде жазылып келді. Ал, енді тəуелсіздік алған соң егемен Қазақстанның тарихы өз еліміздің мүддесінде жазылатын болды. Осыған орай, көптеген ғылыми жұмыстар қайта зерттеліп, қайтадан жазыла бастады. Менің жұмысым да қайта жазылды. Ол тек қана диссертациялық жұмысты қайтып жазу емес, бүкіл тарихты егемен Қазақстан мүддесінде қайта жазып, оқыту деген сөз еді Сөйтіп, сол ғылыми жұмыстардың негізінде оқушылар мен студенттерге бұрынғы КСРО тарихының орнына, енді Қазақстан тарихы кең көлемде оқытылатын болды. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан тарихы кеңінен зерттеліп, тереңінен оқытыла бастады.

3.Халықты патриотизмге тəрбиелеуіміз керек. Əр қазақ, əр қазақстандық өз еліне еңбек етіп, көркейту үшін жұмыс жасағаны жөн. Қажет болса, Отанды қорғау жолында жанын беруі тиіс. Ұрпағымызды осыған тəрбиелеуіміз қажет. Халқын тонап, ұрлаған, байлығын шетелге жасырған «ұрыларды» əшкере етіп, азаматтық міндеттеріне осалдық танытпау керектігін де ұғындыруға кіріскен артық болмас. Дене шынықтыру мен спорт саласының өкілі болғандықтан, жастарға салауатты өмір сүру дағдыларына талап күшейтілсе деймін. Иə, егеменді еліміздің іргесі мықты болуының негізгі алғышарттарының бірі – тілімізге деген құрмет пен ұлттық руханиятымызды түгендеу. Мұны нығайту жолында елдің əрбір азаматы ұйытқы болуы лəзім. Аталған қастерлі құндылықтарымыз түгел болса, Тəуелсіздік тұғырында болмақ.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз