Ақтоғай ауылында өткен жылы қандай жұмыстар атқарылды?

screenshot 5 Қоғам

ТУҒАН ЖЕР – АДАМ БАЛАСЫНЫҢ КІНДІК ҚАНЫ ТАМҒАН, ЖАНЫНА, ЖҮРЕГІНЕ ЖАҚЫН, ҚИМАС СЕЗІМГЕ БӨЛЕЙТІН АЛТЫН ҰЯСЫ. ӘРКІМГЕ ӨЗ АУЫЛЫ, ТУҒАН ЖЕРІ МАҚТАН, ТАРИХЫ ДАСТАН ДЕСЕК, СОНДАЙ АУЫЛДЫҢ БІРІ – ҚЫРЫҚ ЖЫЛДАН АСТАМ ТАРИХЫ БАР, ЕЖЕЛГІ АТАУЫ «ШОЙ» БОЛСА, КЕЙІННЕН БАҚСАЙ АТАНҒАН ЖАЙЫҚТЫҢ ЖАҒАСЫНДАҒЫ АҚТОҒАЙ АУЫЛЫ. УАҚЫТ ТАЛАБЫНА САЙ ӨРКЕНИЕТ КӨШІНЕ ІЛЕСІП, ӨРКЕНІ ӨСІП, ІЛГЕРІ БАСҚАН, ТӘУЕЛСІЗДІК ТАҢЫМЕН ТҮЛЕГЕН ЕЛДІ МЕКЕННІҢ КЕШЕГІСІ МЕН БҮГІНГІСІ, КЕЛЕШЕГІ ТУРАЛЫ АУЫЛДЫҚ ОКРУГТІҢ ӘКІМІ ГҮЛАЙНА ОРАЗҒАЛИЕВАМЕН ӘҢГІМЕЛЕСКЕН ЕДІК.

«Бақсайдан» басталған тарих

Ауыл шаруашылығы саласын көтеруге өлшеусіз үлесін қосып, 1931-1949 жылдары алғаш құрылған «Бақсай» кеңшарында директор болып, еңбегі еленіп, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, көптеген медальмен марапатталған, бірнеше мәрте аудандық кеңестің депутаттығына сайланған Зинеш Сауықовтың елдің алдында сіңірген еңбегі біртөбе, тұтастай бір тарих. Ал, іргетасы 1981 жылы қаланған Ақтоғай ауылы Қазақ КСР-ның 60 жылдығы атындағы жемшөп әзірлеумен айналысатын мамандандырылған кеңшардың орталығы болатын. Бастапқыдағы селолық кеңес 1994 жылдың сәуір айында ауылдық округ ретінде қайта құрылды.

screenshot 7

Ақтоғай облыс орталығынан 86, аудан орталығынан 18 шақырым қашықтықта орналасқан. Оның аумағына Ө.Атамбаев, Күнкөріс және Бала Ораз елді мекендері кіреді. Ондаған жыл бойына орыс тілінде аталып келген бұл ауылдардың бәрі де еліміз егемендігін еншілеп, тәуелсіздігін алған жылдары қазақша атауын иеленді. Кезінде шаруашылықты Әтиғолла Жарылғасов, Нұролла Құлғалиев, Болат Ермеков, Амангелді Сақтапов, Нұрлыбек Қыстаубаев ағаларымыз басқарса, ауылымызға басшылық еткен ел ағаларының есімдері де күні бүгінгідей есімізде.

– Алғашында негізгі мектеп болып есігін ашқан білім ордасы бірер жылда орта мектепке айналды. Сол уақытта халыққа қызмет көрсететін әлеуметтік нысандарды жаңадан тұрғызуға қаржының тапшылығына байланысты оларды бейімделген ғимараттарда орналастыруға тура келді. Біртіндеп, шаруашылық экономикасы ілгерілеп, ауылдың әлеуметтік әлеуеті түзеле бастағанда бұл мәселелер де біртіндеп шешімін тапты, – деді ауыл әкімі Гүлайна Оразғалиева.

Қырында – мал, ойында – егін өсірген

Оның айтуынша, қазіргі таңда округте 100-ге тарта шаруа қожалығы тіркелген. Мал басының өсімі бар. Шаруашылық құрылымдары мүмкіндігіне қарай ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, нәпақасын табуына септесуде. Алдыңғылардың қатарында егіншілікті қолға алған «Райхан» шаруа қожалығы елден бұрын тамшылатып суару тәсілін меңгерсе, оның соңынан осындай озық тәжірибені «Хиуа», «Дибидиева», «Дос», т.б. басқалары да үйреніп, бұл әдістің тиімділігіне іс жүзінде көз жеткізді. Санаулы жылдардың ішінде егістіктің көлемі 600 гектарға жуықтап, картоп, көкөніс пен бақша дақылдарынан мол өнім алынды.

screenshot 6

Әлеуметтік саланың ахуалы

Ауылда өткен жыл ішінде отызға тарта адам ақылы қоғамдық жұмыспен қамтылған. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты – «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде ондаған адам оқытылып, кәсіпкерліктің әліппесін меңгерді. Соның нәтижесінде, 585 мың теңгенің мемлекеттік грантын ұтып алған ауыл тұрғыны шаштараз ашып, ауылдастарына қызмет көрсетуде. Аталған бағдарламаның үшінші бағыты – «Жастар тәжірибесі» де өз жемісін беріп отыр. Осының бәрі жергілікті жердегі жұмыссыздық деңгейін айтарлықтай төмендетті. Білім беру, мәдениет пен спорт саласында да ауыз толтырып айтарлықтай жаңалықтар бар. Әу баста 50 балдырғанға шақталып салынған «Жас дәурен» бөбекжайбалабақшасы күрделі жөндеуден өткізіліп, тәрбиеленушілердің орын саны көбейтілсе, типтік үлгідегі, заманауи құрал-жабдық, жиһаздармен жарақтандырылған мектеп ғимараты мен мәдениет үйі бой көтерді. Ал, былтырғы жазда ауылда 150 орындық мешіт салынып, пайдалануға берілді

Инфрақұрылым көптің игілігіне айналды

Ауыл басшысы атап өткендей, бұл күнде өркениет іздері Ақтоғайда да өзіндік өрісі мен өрнегін тапты. Орталықтағы 180-дей тұрғын үйге таза ауыз су, табиғи газ құбыры тартылып, интернет желісі жүргізілді. Көшелерге тақтайдай тегіс асфальт, тротуарлар төселді, түнгі жарықтандыру шамдары қондырылды. Округке қарасты Бала Ораз бен көрші Сарытоғай ауылдары аралығына 1,4 шақырым жол салынып, аялдамалар мен арнайы белгілер орнатылды. Жаңадан 200 үйдің құрылысына жер телімі бөлініп, оны инженерлік коммуникациялармен қамтудың жобасы жасақталды. Бұдан бөлек, көп балалы аналар мен отбасыларына аудан, облыс орталығынан жайлы баспаналардың беріліп, жаңа пәтерлерге қоныстануы да оларға үлкен қуаныш сыйлады.

Бүгіні – ажарлы, болашағы – базарлы

Бүгінгі ажарлы ауылдың болашағының да базарлы болары даусыз. Бұған ауыл кәсіпкерлері мен қалталы азаматтар да атсалысып, перзенттік парыздарын өтеуге ынта танытып отырғанын айтқанымыз ләзім. Бұл орайда, біраз уақыттан бері халыққа қалтқысыз қызмет көрсетумен бірге қайырымдылық шараларына қатысып, игі бастамаларға қолдау көрсетіп келе жатқан «Төребек», «Адай», «Аманжол» азық-түлік дүкендері мен «Сейтек», «Мөлдір», «Аманжан» дәмханаларының иелерін, сондай-ақ, ауыл мектебінің әр жылғы түлектерін атауға болар еді. Олардың бірі тұрмыс деңгейі төмен, әлеуметтік жағынан әлсіз отбасыларына материалдық көмек көрсетсе, өзгелері ауыл ажарын айшықтандырып, жастардың бос уақытын өткізуге қажетті спорт алаңқайларын салу сияқты жұмыстарға үлестерін қосуда. Жайық жағасындағы шағын ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай.

Дәулетқали АРУЕВ

Махамбет ауданы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз