КОРЕЙ ДӘРІГЕРЛЕРІ КЕҢЕС БЕРЕДІ

Сеул қаласындағы Чунг-Анг университеті жанынан құрылған клиникадан келген дәрігерлер Нам Тэк Кюн мен Син Сын Ен «Медикер Жайық» ЖШС-нде атыраулық пациенттерге арнап қайырымдылық акциясын өткізді. Олар науқастарды екі күн бойы тегін қабылдап, дәрігерлік кеңестер берді.

 

 «Әрине, медициналық құрал-жабдықтарсыз және арнайы лицензиясыз біз бұл жерде емдеу жүргізе алмаймыз. Бірақ, науқастардың симптомдарына қарай, дәл диагноз қойып, жоспарлы түрде емделуге кеңес бере аламыз. Қай елде емделемін десе де, пациенттің өз еркінде. Яғни, әркім өзінің мүмкіндігіне қарай таңдау жасайды. Біз тек қана кеңес берумен шектелеміз. Сондай-ақ, Сеулдегі клиникаға келіп емделгісі келетіндер бізден өзіне қажетті ақпаратты ала алады» –  дейді дәрігер-нейрохирург, профессор Нам Тэк Кюн.

Нейрохирургия және кардиология саласы бойынша корейлік дәрігерлер екі күн ішінде жүзге жуық пациентті қабылдады. Олардың арасында инсульт алғандар мен омыртқа ауруларына шалдыққандар, соның ішінде омыртқа арасында жарық (грыжа) бар сырқаттар және тізе буыны сырқырайтындар көбірек кездескен. Мұның алдында дәрігерлер Шымкент қаласында да осындай қабылдау жүргізіпті. Ол жерде тексеруден өткендер арасында мидың патологиялық дертіне шалдыққан балалар да болған. Корейлік дәрігерлер ота жасауда бүгінгі медицинаның жоғары деңгейдегі заманауи тәсілдерін қолданады.

Дәрігер-кардиолог, профессор Син Сын Ен де Атырауға алғаш рет келіпті. Оның айтуынша, жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеу жөнінде біздің медицинамыз олардың бұдан он жыл бұрынғы деңгейлерін еске түсіреді екен. Бірақ, облыс экономикасының дамып келе жатқанының арқасында соңғы үлгідегі медициналық құрал-жабдықтарға қол жеткізе бастағандықтан, біздің де нәтижелі ем жасауға мүмкіндіктеріміз бар екенін атап өтті.

Корейлік оташылар лапароскопиялық операцияларды да жетік меңгерген.  Өйткені, науқастар отадан соң тыртық ізінің көп білінбегенін қалайды. Айталық,  клиникада тоқ ішектің қатерлі ісігіне күрделі лапароскопиялық оталар жасалады.   

Кәсіби шеберлік қай салада болса да үлкен сұранысқа ие. Сондықтан да, «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген сөзді күнделікті лексиконымызда жиі қолданамыз. Көзбен көріп жүргеніміздей, теориясы мен тәжірибесі таяз оташының пышағынан сақтанған науқас адам қалтасы көтерсе, шекара асып кетіп жүр. Ауыр дертіне жансауға іздеген мұнайлы мекеннің тұрғындары үшін Сеул де қашық болмай қалды. Өйткені,  халыққа медициналық қызмет көрсету сапасы бізде әлі де болса босаң екені жасырын емес. 

Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз