Шағылдың шамшырақтары

hello html m507756cf Мәдениет

Нарын!..

Бұйығы шағылдары, бозғылт төбелері құпиясын тірі жанға тыңдатуға құлқы жоқ немқұрайлы кейіппен керенау созылып жатқан кең байтақ…

Қайран Махамбеттердің:

Адыра қалған Нарынның

Жыңғылы мен талы бар.

Қонысы қонақ бергендей,

Жаясы мен жалы бар.

Айтып, айтпай немене,

Адыра қалған Нарында,

Бас пайданың бәрі бар.

Қапыда кеткен дүние-ай, – деп арманды өкінішіне, сартап сағынышына айналған атакүлдігі.

Аптап ыстықта ақ шағылы аспанға жалын атып, сирек біткен жыңғылы мен тырбық шөбі табиғат-ананың ақжарылқап бере салған сирек сыйындай көрінетін, боз жусанының жұпары сағынышыңды қытықтайтын қасиетке ие қастерлі мекен.

Еділ мен Жайық арасында «еңку-еңку жер шалған» ерлердің арманына куә болған еңіреулі жұрттың орны…

Осы Нарынның бір бүйрегі Тума құмында ХІХ ғасырда әлдеқайдан аңыраған самал есті. Ол құм баласына таңсық, тосын леп еді. Әңгіменің төркінін алыстан орағытып бастар болсақ, бабалар шежіресіне соқпай кету мүмкін болмай қалғалы тұр. Жеті баулы Беріштің үлкені – Себек тайпасы. Оның үш ұлының бірі Бөрібастан тарайтын Тума болса, оның ұрпақтары қоныс еткен мекеннің Тума аталуы да заңдылық. Көнеден жеткен ескі әңгіме, көкірегі ояу қарттардан аманат қалған ақиқат сырлар кейінгі туған ұрпақтың тамырынан ажырап қалмауына аса қатты әсер етті. Қиямет қилы кезеңдерде қанағат-тобасынан ажырамаған құм елінің мал баққан, табиғаттың сараң сыйын разылықпен қабыл алып өткізген күндерінің өзі де бір тарих. Осыдан екі ғасыр бұрын осынау байтақта әлдебір әлсіз сәуле пайда болды. Әуелі жетім шырақ боп жылтырап, аз уақыттан соң жарығы молайып, қуатты да шуақты шамшыраққа айналды. Қыр баласының арманды кеудесіне сәуле құйған бұл құдіреттің аты білім еді.

Әңгімені әсіре теңеулерсіз тарихи деректерге бұрсақ, жоғарыда аталған Туманың Кемесей деген ұлынан Байшағыр, Жылқыайдар деген екі перзент дүниеге келеді. Сол Байшағырдың екі баласы Қоңдыбай мен Үдер ХVІ ғасырда ашылған Стерлитамактағы «Жамид Исламия» мектебінен білім алады. Қоңдыбай хазірет кейін Үдердің ұлы Сұлтануәйісті Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесіне алып барады. Тумысынан зерек бала әуелі ағасы Қоңдыбай хазіреттен сауат ашып, кейін «Ғалия» медресесіндегі үздіктердің бірі атанады. Құранды жатқа соққан ғұламалық деңгейі оның теңіз бойын мекен тұтқан қазақ ауылдарының имамы дәрежесіне көтереді. Алғаш дәріс оқыған жерлері – Манаш, Жанбай ауылдарының ортасындағы аралға мешіт тұрғызған Сұлтануәйісті кейін жергілікті халық «Арал хазірет» атап кетеді. Арада азды-кем уақыт өткен соң, Тума Себектің бес баласы түгелдей құм ішіне қоныс аударады. Тынымсыз білім иесі атанған Арал Бөкей хандығына қарайтын Толыбай, Айбас, Орпа, Бегайдар құмын мекен еткен қазақ балаларына арнап медресе ашып, мешіт ұстаған. Осы жерде болашақ ғұламаның алғашқы ұстазы һәм ағасы Қоңдыбай хазірет туралы ел аузындағы бір әңгімеге тоқталып өтуді жөн көрдік. Сөйлесе сөздің шешені, әрі ісмер Қоңдыбай жанына Саржала немересі Қойбас биді ертіп, Жәңгір ханнан қоныс болар жер сұрауға барады. Жағдай сұраған ханға Қоңдыбай шешен:

Жайықты орыс бермейді,

Әдіпті Қойыс бермейді.

Ірге құмды Тана бермейді,

Қаратоқай және бермейді,

Аспаннан құдай жаңбыр бермейді,

Жерді Жәңгір бермейді,

Кетейін десем, Жәңгір, сені қимаймын,

Кетпейін десем, ен Нарынға сыймаймын, – деп базына төккен екен. Келісті сөзге риза болған Жәңгір бұларға едәуір жер бөлгізіп, кейін бұл жер «Қойбас қорығы» атанған. Тілінен де, қолынан да келетін Қоңдыбай кейінірек Жәңгірдің Фатимасына және ханның өзіне кебіс тігіп сыйға тартқан деседі. Кебіс көңілінен шыққан Жәңгір енді етік тігіп әкелуін сұрайды. Сонда шешен: «Бір түймесін ысырсаңыз, етік болады» – деп, шеберлігімен тәнті еткен көрінеді. Қоңдыбайдың сөзге жүйріктігін тағы бір сынамақ болған хан:

– Мал дегеніміз не, қыз дегеніміз кім, ұл дегеніміз кім, әйел дегеніміз кім, ер дегеніміз кім? – деген сынағы аралас сұрақ қояды. Сонда Қоңдыбай:

Мал кіріс емес пе?!

Қыз өріс емес пе?!

Әйел – ердің тұрағы,

Ұл – елдің шырағы,

Инамат – ел азығы,

Ер – ел қазығы, – деп тақпақтай жөнеліпті. Жөн сөзге көңілі толған Жәңгір шешенді құрметтеп жіберіпті. Кейін ағасы Үдердің ұлы, Нарынның әйгілі білім иесі атанған Арал хазіретті хан қазынасынан қаржы бөлдіріп оқытуға осы оқиғаның да септігі тисе керек.

Хоош!..

Сонымен құм арасын мекендеген момын жұрттың санасына сәуле болған Арал хазіреттің тұлға болып қалыптасуының бір сыры – тек қана діни уағыз айтумен немесе әдеттегі қожа-молдадай өлімді-жітімді жерде бой көрсетуімен емес, қараңғы қыр балаларының сауатын ашуға деген құштарлығында. Ол бастаған осы бір ғибратты сапарда өз бауырларынан басқа, зейіні бар өзге жастың да көшбасшысы бола білуінде жатыр. Айналасы алпыс күннің ішінде бой көтерген Тумадағы «Жамшид Исламия» мешіті туралы бабадан балаға жеткен сипаттама бар. Ені 8, ұзындығы 22 метр, биіктігі 4 метрден асатын 8 бөлмелі мешіт-медреседе сол кезде ұлдармен қатар қыз балалар да білім алған көрінеді. Ортасында 100 адам қатар намазға тұратын мешіт құрылысына 300-ге тарта адам күші, 90 түйе тартылған екен. Мешіт-медресенің 12 бөлмеден тұратын жатақханасы да қарастырылса керек. Оқу құралдары хазіреттің өзі білім алған Уфадағы «Ғалия» медресесінен жылына екі мәрте жеткізіліп, жаңартылып отырған. Алты айшылық жер мұң болған, өркениетке жетуіне әлі бірнеше ғасырды алмастыратын құм елі үшін бұл бастама шын мәніндегі жанкештілік еді.

Тума мешіті сөз болғанда ел аузында жеті бірдей хазіреттің аты қатар аталады. Олар – Қоңдыбай, Сұлтануәйіс, Ғұбайдолла, Хабиболла, Сиражиден, Сүндет хазіреттер. Бұл жайт тегіннен тегін емес. Арал хазіреттің бірінші қазақ әйелінен Дәулет, Әубәкір, Омар, Әдия деген төрт перзенті дүниеге келеді. Кейінірек бәйбішесі қайтыс болып, татар қызы Мәккамаға үйленеді. Одан Ғұбайдолла, Қалидолла, Хабиболла, Хамидолла, Хисметолла, Қабдолла атты алты ұл тарайды. Хазіреттің он перзентінің тоғызы аса сауатты дін иелері болып қалыптасады.

Әке жолын қуған тұңғышы – Ғұбайдолла Уфадан оқып оралған соң, медреседе дәріс береді. Ол 1916 жылы 73 жасында дүниеден озғанда, мешітін баласы Қабдырахман ұстап, ол өз ұлы Ғабділханға тапсырады. Ғабділханның 10 жасында араб жерінде діни сауатын аштырған ұлы Нұғыман кейін белгілі «халық емшісі» атанды. Аралдың Хисметолласы жоғары діни сауаттылығымен қатар, аталар дәстүріне берік ұстаздық еткен жан екен. Кейін ахон атағын алған ол Нарын балаларының сауатын ашуына көп еңбек сіңірген дәріскер ретінде есімі ел аузында қалды.

Арада жылжып өткен аз ғана жылдың жүзінде Тума мешітіндегі сегіз бөлімде көптеген шәкірт дәріс алады. Діни оқудан бөлек, терапия, философия секілді факультеттері бар медресенің озаттары Астрахань, Уфа қалаларында білімін шыңдайды. Кейін өздері де ұстаздық жолына түскен шәкірттер құм ішінің сыйлы, ізгі жандарына айналды.

Бұл әулеттің ұлдары алды бір, соңы төрт ретке дейін қасиетті Меккеге қажылық сапарын жасаған жандар ретінде де айналадағы ат тұяғы жетер жерге аңыз болды. Әйгілі Ығылман Шөрекұлының:

…Беріште Сыдиық пен Сұлтеке өтті,

Жері жоқ сынағанда кеміс деген.

Календар, Айтмұхамбет, Себекте Арал,

Зікірмен ғалам көңілін тегістеген, – деп жырға қосуында үлкен мағына жатса керек.

Аралдан тараған әулет әлі күнге дейін «хазіреттер әулеті» атанып, артында қалған ұрпағының медет-мақтанышына айналғалы қашан!..

Тума мешітін өткен ғасырдың орта шеніне дейін, дәлірек айтсақ, 1948 жылға дейін Хисметолла Ахон хазіреттің жұбайы Шәмшия Әнкей ұстап келіпті. Алайда, сол жылы жергілікті коминтерн басшысының бұйрығымен мешіт үйі бұзылып, жабдығы қора салуға пайдаланылады. Кейінірек мешіт материалы пайдаланылған қораға мал тұрмай, түрлі дертке ұшырай беріпті. Ұлт тарихына қанды шеңгелін салған кеңестік кезең мешіт-медресе түгілі тіл мен дәстүрден де айыра жаздаған жоқ па еді?!

Қоғамдық формацияның алуан өзгерісіне, аумалы-төкпелі замана дауылына қарсы тұрар жалғыз-ақ күш бар. Ол – ұрпақтың жады. Сол жад хазірет ұрпағын жаңылдырған жоқ. Қазір елеп-ескерусіз жатқан Нарындағы алғашқы білім ордаларының орнын іздеп табуға, бабалардың құм басып көмескі тартқан ізін жаңғыртуға деген ынтызарлық оянып келеді. Бір-бірінен шағылды төбелер ажыратып жатқан хазіреттер зираты да әуелден құпиясын ішке бүккен Нарынның табиғаты секілді әлі талай қазына сырға жолықтырар. Иен далада қалқиған молалар мен жел мүжіп, күн қақтаған құлпытастар жұртына қалқан болған ерлердің қайран көкірегіндей сайрап берер еді…

Әттең!..

Оларда тіл жоқ!..

P.S. Хазірет ұрпақтары арасынан кейін белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялылар, әйгілі малбегілер, тіпті Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты шыққаны да белгілі. Тумалықтардың замана толқынымен Жайық бойына қоныс аударып, мекен еткен бесігі – Өрлік ауылында жаңа мешіт құрылысы (суретте) бой көтеріп жатқанын естідік. Естідік те, имандылық пен ізгіліктің ордасына шағылдың жарық шамшырағы Арал хазіреттің есімі сұранып тұр екен деп бір ойлап қойдық…

Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА,

ақын, Қазақстан Жазушылар

Одағының мүшесі,

Махамбет атындағы сыйлықтың иегері

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз