Атырауда «Шандоз» атты поэтикалық-музыкалық қойылым көрсетілді

44 Мәдениет

Облыстық халық шығармашылығы орталығында алдаспан ақын, ақберен батыр, күйші-композитор Махамбет Өтемісұлының 220 жылдығына арналған «Шандоз» музыкалық-поэтикалық қойылымы көрермен назарына ұсынылды.

Айтулы шараға арнайы қатысқан Атырау облысы әкімі аппаратының басшысы Нұрлыбек Жеңісбекұлы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов, белгілі жазушы Жұмабай Шаштайұлы, жерлесіміз, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Маржан Ершу Махамбет мұралары хақында ойларымен бөлісті.  

11

Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің  төрағасы Мұрат Өтешов  «Шандоз» композициясының басты кейіпкері белгілі күйші, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жәнібек Жәмиевке Махамбет атындағы медальді табыстады.  

Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау облыстық филиалының директоры, ақын Әлия Дәулетбаеваның айтуынша, бұл іс-шара ел тәуелсіздігін аңсау жолында жалынды жырларымен халық жадында сақталған ақын атын өшірмей, шығармаларын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған.

– Ұлы тұлға Махамбеттің 220 жылдығына орай арнайы ұйымдастырылып отырған осы «Шандоз» атты іс-шарада ақынның күйлері мен жырларының көпшілігін қамти отырып, өнердің симбиозын жасауға тырыстық. Мұнда М.Өтемісұлының күйлері мен жырларының басын ұштастырып, көрермен назарына ұсынғанды жөн көрдік. Ақынға арман боп өткен тәуелсіздіктің ақ таңында халқының аяулы ұлының есімі ерекше аталып, рухына зор құрмет көрсетіліп келеді. Махамбеттің  220 жылдығына арналған іс-шаралар легі соның дәлелі, – деді Ә.Дәулетбаева.

33

Әдеби кеште өткір ақынның рухты жырларын насихаттай отырып, бабадан балаға мұра боп қалған шешендік өнерді дәріптеу көзделген. Дауылпаз ақынның ой-арманынан, жан сарайынан, ішкі танымы мен толғанысынан туған өлең-жырлары мен әндеріне құрылған сахналық қойылымды көрермендер бір деммен тамашалады.

Қойылымға Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының әртістері, би ансамбльдері, Қазақстан Суретшілер одағы Атырау филиалының мүшелері қатысты. «Шандоз» композициясының басты кейіпкерін белгілі күйші, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жәнібек Жәмиев сомдады. Сонымен қатар Махамбеттің «Тарланым», «Жорық», «Жауға шапқан», «Арысымнан айрылдым», «Өкініш», «Кішкентай» күйлері орындалып, ақын жырлары оқылды.

Сондай-ақ мәдени шарада рухты ақынның өмірі мен шығармашылығынан кітап көрмесі мен Махамбеттің 220 жылдығына арналған республикалық суретшілер симпозиуымының жұмыстары қойылды.

Нұргүл Насыр

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз