Атырау облысы бойынша экология департаментінің басшысы Әлібек БЕКМҰХАМЕТОВ: «Шешілмейтін мәселе болмайды»

эkologiia 5 Экология
  • Бүкпесіз әңгіме

Ластанған ауа. Жағымсыз иіс. Жайық суы деңгейінің төмендеуі. Бұл – экологиялық ахуалы нашарланған Атырауда қордаланған негізгі проблемалар. Оларды шұғыл түрде шешудің амал-айласы бар ма? Бүгінгі экологтардың табиғатқа жанашырлығы қандай? Облыстың келешек келбетін қалай елестетесіз? «Бүкпесіз әңгіме» алаңындағы өзекті сауалдарға Атырау облысы бойынша экология департаментінің басшысы Әлібек Бекмұхаметов жауап берді.

Ауаның ластануы алаңдатады

– Әлібек Мұратұлы, жаңа лауазымға тағайындалғанда әркім өзінше ой түйеді. Бірі мансапты көздейді, екіншісі салаға шын жанашыр болуды ойлайды. Ал, Сіздің осы лауазымға тағайындалғандағы ұстанымыңыз қандай?

 – Экология саласындағы еңбек жолым 2004 жылы басталды. Бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласындағы аумақтық қоршаған ортаны қорғау басқармасында жетекші, бас маман, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша экология департаменті бастығының орынбасары-бас мемлекеттік э ко л о г и я л ы қ и н с п е к т о р , Қарағанды облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары, бас мемлекеттік экологиялық инспекторы сынды бірқатар қызметті атқардым. Негізгі жұмысыма қатысы болмаса да, экологиялық ахуалы нашар Атырау өңіріндегі ауаның ластануы мені алаңдатпай қоймады. Өз бетіммен сырттай біраз зерделеу жүргіздім. Мұны байқаған басшылар Атырау облысының бас экологы болуға ұсыныс тастады. Атырауға келген тоғыз айдан бері үйде терезе ашқанда, «әке, жағымсыз иіс шығып жатыр ғой» деп, қыздарым мазасызданады. Бала болса да, олардың сөзі менің жаныма батпай қоймайды. Сондықтан, құзырлы орындармен бірлесіп, облыстың ауа сапасын жақсартуға өзіндік септігімді тигізсем деймін.

– Тоғыз айда Сіздің тікелей араласуыңызбен шешілген мәселе бар ма?

– Әрине, облыс басшылығымен, әріптестеріммен бірге жасалған жұмыс аз емес. Экологиялық проблемаларды кешенді шешу мақсатында «Жол картасы» осы тоғыз айдың ішінде жасақталды. Соның негізінде мамырда қаланың сол жағалауындағы «Тухлая балка» кәріздік булану алаңын қалпына келтіру жұмыстары басталады. Биыл жаңа полигонның құрылысы басталып, ескі полигон рекультивацияланады.

эkologia basshysy 2

– Эколог болу бала кезгі арманыңыз ба еді?

Жоқ, менің бала кезгі негізгі арманым әскери қызметші болу еді. Мектеп бітірген жылы әскери оқу орнына барамын деп, аудандық медициналық комиссиядан өттім. Облыстық комиссияға келгенде, қабылдау уақытынан кешігіп қалдым. Келесі жылды күтуге болатын еді. Алайда, уақытты текке өткізбей, басқа университеттен мамандық таңдауға бекіндім. Сөйтіп, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетіне экология мамандығына оқуға түскенде, «бір жылдан кейін әскери оқу орнына ауысамын» деп ойладым. Бірақ менде экологияға деген зор қызығушылық пайда болды да, университетте қала бердім. Бала кезгі арманым орындалмай қалса да, қазір бұл мамандықты меңгеріп шыққаныма өкінбеймін.

– Ата-анаңыз қай салада қызмет етті?

– Әкем зейнет жасына дейін инженер-механик болды. Анам – педагог. Ұзақ жыл балабақшада жұмыс жасады. Отбасында ағам мен екі апам, төртеуміз өстік. Әрқайсысы өздері таңдаған салада жұмыс жасап жүр. Өзім отбасылымын. Үш қызым бар.

– Ө з г е ө ң і р л е р м е н салыстырғанда, Атыраудағы э к о л о г и я л ы қ а х у а л д ы ж а қ с а рту б а ғ ы т ы н д а ғ ы жұмыстарда Сіз үшін қандай қиындықтар бар?

– Тіршілік болған соң, түрлі мәселенің туындауы заңдылық. Мәселен, Атырау мұнайлы аймақ болған соң мұндағы ірі өндіріс ошақтарының табиғатқа тигізетін залалы да бар. Бірақ бұған немқұрайдылық танытпай, ауаны жақсартып, атмосфераға шығаратын лас қалдықтарды жоюдың тетігін жасау маңызды. Атқарылып жатқан жұмыстардың түпкі мақсаты да осы. «Тухлая балка», «Квадрат» булану алаңдарының мәселесі шешілсе, экология тақырыбында көтеріліп жүрген сұрақтардың біразына жауап табылар еді.

– Атырау экологиясына қатысты наразылық көп. Өңірді вахталық қалашық ету жөнінде де ұсыныс айтылып жүр. Бұған Сіздің пікіріңіз қандай?

эkologiia basshysy 1

– Атырауда бұрынғы зауыттарды айтпағанда, жаңадан ашылғалы жатқан өнеркәсіп орындары бар. Қала маңында мұнай сақтайтын қазандықтар қаншама? Олардың барлығы да ауаны ластаушы факторлар. Жетпіс бес жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан Атырау мұнай өңдеу зауытының қала ішінде орналасуы да үлкен проблема туғызып отыр. Бұл үшін зауытты қала сыртына көшіру экономикалық тұрғыдан тиімді де, мүмкін де емес. Бір ғана жол бар. Бұл – мұндай өндіріс орындарын ауаға лас қалдықтарды жібермеуі үшін шетелдік тәжірибелерге негізделген озық қолжетімді технологиямен жабдықтау.

Жаңа экологиялық Кодексте көзделген басты мақсат та осы. Жаңа Кодекстегі міндеттер Ат ы р ауд а ғ ы қ о рд а л а н ғ а н бірқатар мәселенің оңтайлы шешілуін көздейді. Бұл туралы жуырда елдің экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев облысқа іссапары барысында да атап айтты. Жүйелі жасақталған құжат биылғы 1 шілдеден бастап, қолданысқа енгізіледі. Ал, ірі өндіріс орындары 10 жылдың ішінде осындай технологиялармен толық жабдықталуы тиіс. 2025 жылдан бастап, оның орындалуы жөнінде нақты ақпараттар талап етіле бастайды. Биылдан бастап, ірі өндіріс орындарынан түскен салық түсімін жергілікті әкімдік облыстың табиғатты қорғау шараларына жұмсайды. Мәселен, жылына салықтан түскен 15 миллиард теңгені экологиялық ахуалды жақсартуға жұмсасақ, біраз түйінді мәселе шешіледі.

Біраз мәселені реттейтін «Карта»

– Өндіріс орындарынан түскен салықты тиісті мақсатқа бөлгенде ең алдымен қандай жұмыс жасалуы тиіс?

– Бірінші кезекте қаланың оң жағындағы «Квадрат» булану алаңына жаңадан кәріз-тазарту қондырғысы салынуы керек. Бұл «Жол картасына» енгізілген. Жұмыстар 2023 жылға дейін аяқталуы тиіс. Ол үшін бізге мықты мамандар керек. Қ а з і р « Э к о л о г и я » мамандығын бітірушілер департаменттен өндірістік тәжірибеден өтеді. Байқағаным, олардың барлығы бірдей осы салада жұмыс жасауға құштар емес. Қазір жастар жаңа технологияларды жетік меңгерген. Көбі сол бағыттағы жұмыстарға ден қояды. Жас мамандарды көбірек үйретіп, білікті кадрлар тобын қалыптастыру үшін «Жастар тәжірибесі» бағдарламасының маңызы зор.

– Соңғы екі жылда Атырау облысындағы сағасына су келмеген Ойыл өзенінің алдағы бес жылдағы ахуалы қандай болады? Бұл жағдайды экологиялық апат деуге бола ма?

– Біздің мекеме экология департаменті болғанымен, құзырымызға кірмейтін де мәселелер бар. Сіздер көтерген проблемамен «Жайық-Каспий» бассейндік инспекциясы тікелей айналысады. Бірақ білетінім, қазір Ойыл өзені бойынша маңызды мәселе туындап жатыр. Республика экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевпен кездесуде де бұл мәселе жөнінде кеңірек айтылды. Егер өзеннің мәселесіне бейжай қарап, еш жұмыс жасалмаса, әрине, алдағы уақытта экологиялық апат туындайды. Ал, мұның алдын алу үшін жауапты мекемелермен бірге, сең қозғалып, қажетті жұмыстар қолға алынып жатқаны қуантады.

– Жайық өзені де жыл санап тартылып барады. Ешқандай шара алынбаса, құрғап қалуы мүмкін. Оның алдын алу үшін нақты жасалған жұмыстар бар ма? Әлде бәрі қағаз жүзінде ғана қалып жатыр ма?

– Жайық суы деңгейінің жыл сайын төмендеп жатқаны рас. Бұлай жалғаса берсе, өзен құрғап кетуі де мүмкін. Жу ы р д а ғ а н а Ж а й ы қ өзенінің экожүйелерін сақтау және қалпына келтіру бойынша Ресей-Қазақстан мемлекеттерінің ынтымақтастық бағдарламасы бекітілді. Құжат 2024 жылға дейін есептелген. Ластану көздерін анықтау, су құрылыстарын қайта жаңарту, су алабындағы өзендердің арнасын тазарту бойынша маңызды іс-шаралар жоспарланған. Егер жүйелі жұмыс жүргізілсе, Жайыққа төнген қауіп сейіледі. Ал, өзен жағасын қоқыстан тазартып, кәріз суы төгілуі мүмкін құбырларды, су астын ау-торлардан тазарту бойынша біз құзырлы орындармен жұмыс жасап жатырмыз.

– Атырау – экологиясы нашар аймақ. Тұрғындарды біресе өртенген қамыстың түтіні, біресе қолқаны қабар мүңкіген жағымсыз иіс мазалайды. Шаңды дауыл тағы бар. Жазда маса да маза бермейді. Бірнеше жыл бойы қайталанып отырған күрделі түйіндердің шынымен-ақ шешімі жоқ па?

– Тағы да қайталаймын, шешімі жоқ мәселе болмайды. Сіз көтеріп отырған жайттар бойынша жұмыс жасайтын құзырлы орындар бар. Бірақ бұл мәселе жыл сайын қайталанып келеді. Демек оған шектеу қою үшін тиісті мекемелер қажетті техникамен толық қамтылуы керек.

– Қоқыс төгу мәселесі туралы сөз етсек…

– Қоршаған орта – бәрімізге ортақ. Бұл тек құзырлы мекемелерге қажет дүние емес қой. Сондықтан, әр адам табиғатты қорғауды өзінен бастаса деймін. Бізде экологиялық мәдениеттілік әлі жетіспейді. Бұл сөзіме облыс бойынша әр жерде шашылып жатқан қоқыс үйінділері дәлел. Былтыр Атырау қаласынан 50 шақырым қашықтыққа дейінгі үйінділерді түгендеп шықтық. «Қазақстан Ғарыш сапары» АҚ деректеріне сәйкес, анықталған 484 нысанның барлығы тазартылды. Одан кейін қала мен Махамбет ауданының жерінен тағы 70 үйінді анықталды. Енді заңсыз қоқыс төгудің алдын алу үшін республика экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі «СаllСenter» бағдарламасын іске қосты. Оған кез келген тұрғын заңсыз қоқысқа қатысты деректерді жібере алады.

– Оның алдын алу үшін не істелуі қажет?

– Атырау облысы бойынша әрбір елді мекенде белгіленген қоқыс полигоны бар. Алайда, көпшілік қоқысты оған апарып төгуге ерінеді. Бәлкім, ақы төлеуден қашқаны болар. Әрине, полигондардың экологиялық стандарттарға сәйкес келмей жатқаны да рас. Оны реттеу, қоқысты сұрыптап, қайта өңдеу мәселесі біраздан айтылып келеді. Бірақ бұл жұмыстар 19%-ке ғана орындалған, өте аз көрсеткіш. Сондықтан қоқысты өңдеп, сұрыптайтын полигон әр ауданда салынуы керек. Мысалы, Атырау қаласында 2 сұрыптау цехымен бірге 2 полигон салынады. Бұл үшін биылдан бастап жер учаскесі бөлініп жатыр. Құрылыс жұмыстарына 2 жыл қажет.

– Жануарларға қатыгездік ж а с ау к ө б е й і п б а р а д ы . Әлеуметтік желідегі бейнежазбалардан жан түршігеді. Мұндайға жол бергендерге жаза қатаңдатылды ма?

эkologiia 4

– Жаңа экологиялық Кодексте жануарлар дүниесін жалпы пайдалануды жүзеге асыру кезiнде олардың паналау орындарын, басқа да құрылысжайларын қиратуға, жануарларды көбею кезеңiнде мазалауға, мекендеу ортасын бұзуға, көбею жағдайларын нашарлатуға тыйым салынады. Ондай әрекетке барғандар Қылмыстық Кодекстің тиісті баптарына сәйкес, 120, 200 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салумен, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 30, 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алумен жазаланады.

«Қазақшаға шорқақ едім…»

– Сіз қызметте қандай басшысыз? Үйде қандай әкесіз?

– Ә р и н е , м е м л е ке т т і к қызметші болған соң, соған сай барлық этиканы сақтаймын. Жұмыстың уақытылы әрі жүйелі түрде орындалуы, жауапкершілік талап етіледі. Сол үдеден шықпай қалған қызметкерлер жоқ. Әрқайсысы өз қызметін жетік атқарып жүр. Жұмыс орнымыз – екінші «үйіміз». Сондықтан, ұжымдастарға кез келген жағдайда барынша қолдау көрсетуге тырысамын. Ал, отбасында үш қызымның жауапкершілігі анасының мойнында. Балаларды балабақшаға, мектепке, қосымша үйірмелерге де апаратын өзі. Мен жұмыстан кейін ғана қыздарыммен әңгімелесемін. Демалыс күндері ғана отбасыма толық көңіл бөліп, серуендеуге шығамыз. Бала тәрбиесінде «қатал» әкелердің қатарында емеспін. Қыздарыма тым жұмсақпын. Олар менен емес, керісінше анасынан ығысады.

– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?

– Бассейнге түскенді жақсы көремін және тұрақты түрде барып тұрамын. Футбол, баскетбол ойнайтыным да бар. Бірақ, ұдайы емес. Оның барлығына қол босай бермейтіні рас.

– Соңғы рет қашан кітап оқыдыңыз, қандай туынды?

– Бала кезімде қазақша әдеби кітап оқуға әуес болған жоқпын. Өйткені, балабақшада, мектепте, университетте орысша тәлім алдым. Жасыратыны жоқ, Атырауға келгенде қазақша сөйлеу мен үшін біраз қиындық туғызды. Соған қарамастан, қазір қазақшам біраз жақсарып қалды. Оны дамыту үшін алдыма мақсат қойдым. Бұл үшін жұбайым «Абай жолының» 4 томын арнайы сатып алып берді. Бұрын мектеп кезінде орысшасын оқығанмын. Қазір қазақшасын оқып жүрмін.

– Зәулім үйіңіз бен жеке көлігіңіз бар ма?

– Зәулім үйім жоқ. НұрСұлтан қаласында екі бөлмелі пәтерім бар. Атырауда әкімшілік ұсынған үш бөлмелі қызметтік пәтерде тұрып жатырмыз. Жеке көлігім бұрын болған. 2019 жылы сатып жібердім. Қазір жұмысқа қызметтік көлікпен қатынаймын. Келешекте жеке көлік алу жоспарда бар. Негізінен өзім көлік жүргізгенді ұнатамын.

– Өмірлік ұстанымыңыз қандай?

– Қайда, қандай қызмет жасасам да, Абай атамыз айтқан «Ақырын жүріп, анық бас» деген адалдық, адамгершілік қасиеттерін алға қоямын. Қандай орта болса да осы қасиеттерден аттап кетпеуге тырысамын. Адал еңбек бәрін де жеңбек – басты қағидам.

– Қазір ата-анаңыздан алыстасыз. Оларға күніне неше рет хабарласасыз?

– Қарағандыда тұратын ата-анама күн сайын жұмыстан кейін міндетті түрде бейнебайланыс арқылы қоңырау шалып, сөйлесіп тұрамын. Кейде қызмет бабымен үйге кешірек келгенде қоңыраудың бір күн үзіліп қалатыны бар. Өйткені, біздегі сағат олардағымен сәйкес келмегендіктен, түнгі уақытта мазаламауға тырысамын.

– Құмар ойындарға, букмекерге қызығушылығыңыз бар ма?

– Мұндай ойындарды мүлдем ойнап көрмеппін. Қызығушылығым жоқ.

эkologiia 6

– Егер ойламаған жерден қолыңызға қомақты қаржы түссе, не істер едіңіз?

– Біреуді немесе өзіңді алдап-арбап қол жеткізген, теріс жолдармен келген қаражатқа қызықпаймын. Егер қомақты қаражат адал еңбекпен жеткен табыс болса, міндетті түрде ата-анамды Меккеге апарар едім.

– Басшылыққа келген адам өзімен бірге «командасын» ертіп жүретіні бар ғой. Сіз Атырауға келгелі өзіңізбен бірге қанша адамды әкелдіңіз?

– Жоқ, өзім ғана келдім. Департаменттегі орынбасарым да, қызметкерлер де жергілікті жердің азаматтары. Командамен көшу – маған жат қылық. Егер бұл сөзіме сенбесеңіз, тексеруден де қашпаймын. Қазір департаментте бос тұрған орындар бар. Конкурс талаптарынан өтіп, бұл жерде жұмыс жасаймын деушілер болса құба-құп.

– Қомақты жалақысы бар ірі мұнай компанияларына қызметке шақырту түссе, барар ма едіңіз?

– Ақша қуып, бастаған жұмысымды орта жолдан тастап кетіп қалғым келмейді. Егер адам жақсы маман болса, қашан да оған сұраныс жоғары болады. А л , ө з і м , ж о ғ а р ы д а айтылғандай, Атыраудағы ахуалды реттеуге барынша үлес қосып, тәжірибе жинақтасам деймін. – Бүкпесіз әңгімеңіз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан: Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз