Ұстаз есімі ұлығылануы тиіс

ustaz Білім

Еңбекпен шыңдалып, бар ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұлағат иелері туған жерге деген сүйіспеншіліктің, Отанға деген патриоттықтың ерен үлгісіндей болары анық. Әсіресе, сан кәсіптің ішіндегі ең ардақтысы – ұстаздық қызмет. «Ұлттың ұлағаты – мәдениетте, мәдениеттің ұлағаты – оқу мен әдебиетте», – деген екен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы. Ұстаз – шәкіртті білімге, мәдениет пен әдебиетке жетелейтін бірден-бір тұлға. Ұстаз Құбаш Мұқашев та сондай жанның бірі еді.

1921 жылы Атырау (бұрынғы Гурьев) облысы, Қызылқоға ауданының №24 ауылында дүниеге келген оның ата-анасы 1923 жылдары Атырау (бұрынғы Гурьев) қаласына қоныс аударады. Бала Құбаш 1929-1938 жылдары қаладағы Л.Каганович атындағы мектепте, 1938-1939 оқу жылында Гурьев педагогикалық училищесінде оқиды. Елде сауатсыздықты жою жұмыстарының қарқын алған кезі ғой, 1939-1940 оқу жылында физика-математика пәндері бойынша бір жылдық оқытушылар курсын тәмамдайды. Көп ұзамай, оқытушы мамандар өте тапшы саналған Маңғыстау ауданына физика-математика пәндерінің мұғалімі етіп жібереді. Осы жұмыста жүріп, 1941 жылдың қараша айында әскер қатарына аттанады. Онда Ұлы Отан соғысының ең ауыр аумағы – Сталинград бағытындағы кескілескен ұрыстарда танкіні қирататын қарудың (противо-танковое орудие) дәлдеушісі және байланысшы қызметтерін атқарған. Сталинград қаласы үшін күні-түні шайқасқан ұрыста ол ауыр жараланып, сол жылдың аяғына дейін әскери госпитальда емделеді. Содан соғысқа жарамайтын болып елге оралады.

1943 жылдың ақпан айынан бастап, бейбіт еңбекке араласып, өзінің сүйікті мамандығы – ұстаздығын қайта жалғастырады. 1943 жылдан 1953 жылға дейін балық консерві комбинатының қасындағы Ә.Жанкелдин атындағы мектепте мұғалім, қаладағы И.Сталин атындағы орта мектеп жанындағы кешкі жастар мектебінің директоры, балық консерві комбинатындағы №8 орталау мектебінде мұғалім болды. Қалалық оқу бөлімінің 1953 жылғы 28 тамыздағы №130 бұйрығында: «Переведен учителем начальных классов начальной школы №17 (Остров Зарослый) освободив от семилетней школы №8», – делінген. Бұл жерде Құбаш Мұқашев І-IV сыныпқа саны жеткен ферма балаларын оқытқан. «Ақ ферма» атанған бұл елді мекен қазіргі Құрсай ауылынан 9-10 шақырымдай жерде орналасқан. Көшіп келейін десе, «Ақ фермадағы» санаулы ғана үйде малшылардан басқа ешкім тұрмайды. Оның үстіне мұндағы адамдардың дені қалада жұмыс істейтіндер еді. Сондықтан, Құбаш мұғалім амалсыздан жазды күні жаяу, қыста түйемен қатынап, күнде келіп бала оқытады екен.

– Фермада мектеп үшін салынған үй жоқ. Ері соғыста өлген бір жалғыз басты сауыншының үйінің төр жағын сынып бөлмесі етіп пайдаландым. Әрбір сынып балаларын бөлек-бөлек отырғызып, төртінші сыныпқа дейін бір өзім сабақ бердім. Қыс айларында қатынау өте қиын болды. Сол кезде үйде екі-үш түйеміз, бір тайлақ болатын, соған мініп қатынасып тұрдым. Боранды күндері фермаға қонып қаламын. Осылай екі оқу жылын өткіздім, – деп Құбаш ата балаларына бастан кешкенін еске алып айтып отырушы еді.

Құбаш Мұқашев ұжымшар мен аудан басшыларының табалдырығын тоздыра жүріп, Жамбыл атындағы ұжымшарда әуелі жеті, кейін сегіз, сосын онжылдық мектеп салдыруға көндіреді.

Жуырда ұстаздың шәкірттері мен ұрпақтары Жаңаталап ауылындағы мәдениет үйінде соғыс және еңбек ардагері Құбаш Мұқашұлының өмірден өткеніне 40 жыл толуына орай «Ұстаз – ұлағатты есім» атты еске алу кешін өткізді. Театрландырылған көрініс қойылып, онда білімге талпынған баланың жастық шағы, еңбектегі тауқыметті өмірі суреттелді. Сондай-ақ өмірбаяндық бейнебаян көрсетіліп, бала кезінен өмірден өткенге дейінгі ғұмырнамасы баяндалды.

Сөз алған Атырау ауылдық округінің әкімі Нұрлан Қалмұрзин ұстаз есімінің ұлығыланып жатқаны тұтас ел мерейі екенін атап көрсетті. Бүгінде жастары сексенге таяған Өткелбай Құлбаев, Зиба Бахитова сынды алғашқы шәкірттері мен Ғилман Байдуллин, Айгүл Әжіғалиева тәрізді үздік оқушылары да естеліктерімен бөлісті. Олар оқушы кездерін әңгіме етіп, өнегелі ұстаздың сабақ беру тәсілінен естеліктерін айтты.

– Құбаш ағай сабақ үстінде өте талапшыл болды, әр баланың сабақ үлгерімін, білімді болуын жіті қадағалайтын. Осы өңірдің білім саласының дамуына, саналы, сапалы ұрпақтың өсуіне Құбаш ағайдың сіңірген еңбегі аса зор, оны бүкіл ел біледі. Өзі мұғалім, өзі меңгеруші, өзі тәрбиеші болды. Жүздеген бала ол кісіден дәріс алып, үлкен өмірге қанат қағып, жолдама алды. Мұндай тұлғаларды ұмытпауымыз керек. Сондықтан Құбаш ағайдың есімін мектеп атына берсе деген ұсынысым бар. Ол – соған лайық тұлға, – деді шәкірті Зиба Бахитова.

Ал, Ғилман Байдуллин ұстазының ана тілі мен математика пәндеріне ерекше мән беріп оқытқанын баса айтты. Соңында Құбаш мұғалімнің шөберелері сахнада атасына арнап өнер көрсетті, өлең оқыды. Шараға қатысқан ауыл жұртшылығы, Жамбыл орта мектебінің мұғалімдері мен ағайын-туыстары үлкен әсер алды.

Оған дейін Құбаш Мұқашевтың атына кіші аяқ доптан турнир өткен болатын, оның қорытындысы да осы басқосуда жарияланып, жеңімпаздарға диплом мен сыйлық табысталды.

Әрине, Отанды сүю әр азаматтың ішкі сана-сезімі, асыл қасиеттеріне байланысты. Дегенмен, бала шақтан болашаққа қадам басқан ұландарға патриотизм сезімін қалыптастыратын Ұстаздың есімі әрқашан биік аталуы шарт. Ал, отбасындағы тәрбие саналы ұрпақтың ішкі сүйіспеншілігін қалыптастырып, келешек адами болмысына сеп болары сөзсіз. Олар әркез ұлығылауға лайық.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз