Тектіден текті туар…

a Білім

Махамбет ауылының байырғы тұрғыны, майталман педагог, мемлекеттік қызмет ардагері, қаламгер Жақсылық Жайлашев ағамен менің жақынырақ таныс болған кездерім 1991-1993 жылдардың іші болатын. Кейін білдім, тектіден өскен азамат емес пе, аз ғана уақытта Жәкең ағамыз адамгершілік, іскерлік қасиеттерімен санамызға із қалдыра білді. Өзі туралы әңгіме қозғамаса да, Жақсылық ағаның қимыл-қозғалысынан, сөйлеген сөзі мен іс-әрекетінен тектіліктің лебі байқалып тұратын…

Сөйтіп, тоқсаныншы жылдардың басында халық депутаттары Махамбет аудандық Кеңесінің 41 округінен сайланған депутаттардың арасынан сол кезде жасы қырықты орталап қалған Алматы Жоғары партия мектебінің түлегі, тәжірибелі маман Кеңес Қосыбаев аудандық Кеңестің төрағасы болып сайланды. Аудандық Кеңес аппаратында Мақсот Жаңабаев, заңгер Сәния Кенжәлиева, Темірхан Рамазановпен бірге біз де аға референт болып жұмыс жасайтынбыз. Енді төрағаның орынбасарын сайлауға келгенде сессияға қатысушыларды біраз ойландырып тастады. Ақыры кезектен тыс шақырылған аудандық Кеңестің сессиясы сол кезде құрметті еңбек демалысында болса да, депутат Жақсылық Жайлашевтың кандидатурасына тоқталды.

Сексенінші жылдардың орта тұсына қарай елде Алашорда қайраткерлері туралы газет-журналдарда жазылған мақалалар мен естелік жазбалар жарияланып, соның негізінде жинақтар суреттерімен басылып шыға бастады. Бұған дейін құпия ұсталып, есімдерін атауға да өктем саясат рұқсат бермегендіктен, олар туралы мәліметтер, аңыз, әңгімелерді ауыздан естіп келген едік. Енді соның анық-қанығын білуге құштарлық артты. Есімде, сол жылдары қолға түсіріп оқыған «Алаш арыстары» деген кітап Ахмет Байтұрсыновтың суреті және көлемдірек өмір дерегімен ашылады. Сол кітапта қоғам қайраткері, ғалым Халел Досмұхамедов, Қазан ветеринариялық институтының студенті Ғұбайдолла Бердиев және Петербург Императорлық әскери-медицина академиясының студенті Нұрғали Ипмағамбетов үшеуінің Петербург қаласында 1908 жылы түскен фотосуреті (кейін басқа басылымдарға да басылды) берілген. Қазақ елінің батыс өңірі бойынша тұңғыш мал дәрігері әрі осы саланың алғаш ғылыми негізін салған жоғары білімді маман, Кеңес өкіметін орнатуға атсалысқан Ғ.Бердиевтің қайраткерлік қабілеті туралы тарихтан мәлім.

Ал, 2006 жылы Жақсылық Жайлашевтың 272 беттік «Өмір өткелдері» деген тақырыпта Мүсірәлі Бердіұлы жөнінде мемуар кітабын шығарғаны есімізде. Кітаптың 5-бетінде кәрі Каспийдің солтүстік-батыс жағалауындағы Қаратүбек қыстауынан Қаңбақты құмының жиектеп, аталары Итен, Жарықбас, Қашқын жатқан бұйырғынды кең жазыққа қоныстанғаны туралы суреттелетін жері бар. Ал аузы дуалы атақты ақын Мөңкенің Мұраты:

…Айырылдық айдын көлден қанып тұрған.

Дана еді ортадағы Мүсірәлі

Қысылсақ ақыл сұрай барып тұрған.

Сәлем де ақсақалға Мүсірәлі

Қайырлы құтты болғай мінген тағы.

Арғы атаң Итен, Қашқын, әкең Берді –

Белгілі шыншыр еді арғы жағы.

Кей адам қартайғанда тоқталады

Тоқталмай келе жатыр біткен бағы… – деп, оның билік жүргізудегі әділдігіне қарай жырына қосқан.

Сөйтсек, шежіре Бердіден – Мүсірәлі, Медеу, Бимағамбет, Қалымбет, Тасмағамбет болып өріледі екен. Заманында болыс, би, әрі ірі дәулет иесі, елге жақсылығы мол, қайырымы көп, зор беделдің иесі, арқалы домбырашы, композитор Бердіұлы Мүсірәлі өз кіндігінен тоғыз перзент сүйген. 1902 жылы 84 жасында қайтыс болып, Жайықтың күнгей бетіндегі 9-ауылдан мәңгілік тыныс тапқан Мүсірәлінің төртінші ұлы Есқалидан – Ғұбайдолла, Жайлаш, Қалидолла, Борсан, Рәбиға тарайды. Ал, Ғұбайдолланың туған інісі Жайлаштың ұлы Жақсылық саналы ғұмырын атакүлдіктің өсіп-өркендеуіне, әсіресе халық ағарту ісіне арнады. Бүгінде Махамбет ауданында Жайлашевтардың аты тек сый-құрметпен аталады, зор абыройға ие.

Тектінің ұрпағы Жақсылық Жайлашевтың жоғарыда аталған кітабы бір жағынан батыс өңірі қазақтарының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрі мен ділін жатқыза баяндауымен ерекшеленеді. Тілі шұрайлы, бейне бір ғұмыр бойы қолынан қаламы түспей келген байырғы журналист, қаламгердей толғанады. Бұл да кісілік пен кішіліктің қағидаларынан жаңылмаған Жақсылық ағаның көрінбей келген бір қыры.

1953 жылы Гурьев педагогикалық институтын бітіріп, Қызылүй, Есбол орта мектептерінде бірнеше жыл еңбек еткен Жақсылық Жайлашев өмірлік жары Сәуле Ғабдуллина екеуі аудан орталығынан сол жылдары жаңадан ашылып жатқан мектеп-интернатқа мұғалімдік қызметке шақырылады. Осы мекепте оқу ісінің меңгерушісі, кейін аудандық білім беру бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі қызметіне ауысып, 1992 жылы құрметті еңбек демалысына шыққан.

Аға мұғалім Ж.Жайлашевтың білім беру саласындағы қызметі әр жылдары бірнеше медальдармен, КСРО және Қазақ КСР халыққа білім беру ісінің үздігі құрметті атақтарымен, салалық кәсіподақ ұйымының мақтау грамоталарымен лайықты бағаланды.

Ол қоғамдық-саяси жұмыстарға да білек сыбана кірісіп кететін жан еді. Халық депутаттары аудандық Кеңесі төрағасының орынбасары қызметінде де елдің тәуелсіздігін нығайтуға өлшеусіз зор еңбек сіңірді, көп тер төкті. Сәуле Қабдолқызы екеуі жеті перзентін тәрбиелеп өсіріп, олардан өнегелі ұрпақ сүйді. Бүгінде олардың ұрпақтары ғана емес, тәлім-тәрбие берген шәкірттері де ұстаздың асыл бейнесін сағынышпен еске алады. Ал, өмір ешқашан бір орында тұрған емес, үнемі өз шабысынан жаңылмайды…

Бүгінгі буынға Жақсылық ағаның көшелі іс-әрекеті мен өрелі сөз саптауы жетпей тұрғандай көрінеді. Егер инабатты да ибалы ұрпақ өсіреміз десек, осындай жандар әркез үлгі болуы тиіс деп ойлаймын.

Марат САБЫРҒАЛИЕВ,

аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары

Махамбет ауданы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз