ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ – ҰСТАЗ ҚОЛЫНДА

Жас ұрпаққа өнегелі, жарасымды тәрбие беруде ата-бабалар дәстүрін үлгі етудің тәрбиелік маңызы зор. Бұл – егеменді еліміздің ертеңі – жастарға жүйелі білім, тәлімді тәрбие беруде халық педагогикасының мән-маңызы күн өткен сайын артып келе жатқанының айғағы.

Еліміздің егемендік алып, ана тіліміздің мемлекеттік мәртебесінің көтерілуі санамызды оятып, өмірімізге соны өзгерістер әкелді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Мәңгілік Ел – ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Ол арман – әлем елдерімен терезесі тең қатынас құрып, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз Мемлекет атану еді. Ол арман – тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты Ел болу еді. Біз армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргетасын қаладық» деп атап көрсетуінің өзі жасымызды да, кәрімізді де мақтаныш сезіміне бөлейді. Өткенге құрмет көрсете отырып, болашаққа жарқын қадамдар жасаймыз. Соның ішінде ұстаздар қауымына болашақ жастарды тәрбиелеуде үлкен жауапкершілік артылып отыр. Қазір бұрынғыдай қатардағы сауатты ұрпақ тәрбиелеу ғана емес, қоғамға өз үлесін қоса алатын толыққанды, білімді тұлғаны жетілдіру міндеті тұр.
Облысымыздағы Махамбет ауданы, Жалғансай орта мектебінің оқытушылары да осы үдеден шығып келеді. Сапалы білім мен саналы тәрбие беруде ғана емес, өздерінің жеке білімімен, шығармашылық еңбегімен аудан, облыс көлемінде әртүрлі сайыс байқауларда табыс биігінен көрініп жүр. Олардың қатарында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Салтанат Шахманова, саз пәнінің мұғалімі Ардақ Кенжебаева, бастауыш сынып мұғалімі Балторғын Жұмағазиева, орыс тілі пәні мұғалімі Гүлнара Арызғұлова бар.
«Мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң ең әуелі мектепке керегі – білімді педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім» деген екен Ахмет Байтұрсынов. Осы бағаға лайық болып, білімнің биігінен, тәрбиенің төрінен көріне берейік дегім келеді.

Гүлбанат АҚБЕЙСОВА,
Жалғансай орта
мектебінің психологі,
Махамбет ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз