«Robotek Grand Tournament-2024» аймақтық іріктеу турнирі ұйымдастырылды

img 20240317 wa0092 Білім

Атыраулық оқушылар арасында дәстүрлі «Robotek Grand Tournament-2024» чемпионатының аймақтық іріктеу кезеңі өтті. Байқауға 9 бен 17 жас аралығындағы 150-ден аса бала қатысты, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Білім сайысында 50 команда 7 санат бойынша бақ сынады. 9 жастағы қатысушы Ахат Беколжас – Исатай ауданы Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектептің 4 сынып оқушысы. Ол сайыста өзі құрастырған роботтың әрбір қимылын көзден таса қылмаған. Өйткені, бір қателіктен барлық еңбек зая кетуі мүмкін, дейді ол.

– Бүгінгі додаға 20 күндей дайындалдық. Роботты модельдеу, оны жасау, іске қосу жұмыстары оңай емес. Бағдарламасын құруға көп уақыт керек болды. Көп еңбекті талап етеді. Робот құрастыруға деген қызығушылығым 1 жыл бұрын оянды. Бастапқыда мұндай жарыстардың барын білмейтінмін. Бүгінгі сайыста бағымыз жанып, жүлделі 1 орын иеленіп, Республикаға жолдама алдық, – деді А.Беколжас.

Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, 2016 жылы басталған бұл чемпионат соңғы үш жылда оң нәтиже көрсетіп келеді.

– «Robotek Grand Tournament-2024» турнирінің мақсаты – балалардың робот жасауға қызығушылығын арттыру және техникалық дағдыларын дамыту. Сондай-ақ, жастарды техникалық мамандыққа қарай шыңдау. Чемпионат сегіз жылдан бері ұйымдастырылса, соңғы үш жылда облыс өнертапқыштары жоғары нәтиже көрсетіп жүр. Өткен жылы олар «мини-сумо» санатында республика бойынша бірінші орын, Түркия елінде 600 команда арасында өткен халықаралық сайыста ТОП-20 санына кірді, – деді жоба менеджері Асқар Алдан.

Байқау нәтижесінде жүлделі 1-орынды «Инверстік сызық бойымен жарыс» санаты бойынша Ж.Мырзағалиев орта мектебінің «LC» тобы, «Жеткізуші робот»санаты бойынша Білім-Инновация Лицейінің «Theta» тобы, «Туды жеткізу» санатында Білім-инновация лицейінің «Gamma» тобы жеңіп алды. Жеңімпаздар 2-3 мамырда Астана қаласында өтетін республикалық кезеңге жолдама алды.

Малика Такежанова

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз