МҰҒАЛІМ МЕЙРАМГҮЛДІҢ МИЛЛИОНДАРЫ

Бүгінде Қазақстандағы  білім беру жүйесі білім мен тәрбие берудің заманауи үздік технологияларын енгізуарқылы дамудың сапалы жаңа сатысына көтерілді. Алдыңғы кезекте, оқушыға білім беріп қою ғана емес,оны өмірге жан-жақты икемдеу, тұлға ретінде қалыптастыру мәселесі тұр.

 

Елімізде ұстаздарымыздың беделін педагогикалық шеберлік байқауы анықтайды. Осыған орай биылғы өткізілген республикалық конкурста жерлесіміз, Құрманғазы ауданындағы Абай орта мектебінің мұғалімі Мейрамгүл Жандыбаева бағы жанып, «Үздік педагог – 2014» атағын жеңіп алды. Елордамыздың төрінде Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов бұл атаққа лайықтыларды өзінің қолы қойылған куәлікпен және арнайы төсбелгімен марапаттап, 1 миллион 852 мың теңге көлемінде белгіленген сертификат табыстады.

Мұнда Мейрамгүлдің ұстаздық еңбегі жоғары бағаланып, Құрманғазы топырағының мерейін тасытты.  «Үздік педагог» жыл сайын конкурстық негізде білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлеріне беріледі. Биылғы жылы республика бойынша бұл атақты ең үздік деген 48 мұғалім қанжығасына байлап, оның ішінде Атырау облысынан үш  ұстаз  жеңімпаздар сапынан көрінді. Олар – Қ.Дүтбаева атындағы педагогикалық колледждің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Г.Шүйіншалиева және дарынды оқушыларға арналған облыстық ұлттық гимназияның география пәнінің мұғалімі Н.Аққайнанова.   

Елімізде «Үздік педагог» республикалық байқауы биыл үшінші жыл өткізіліп отыр. Мақсаты – кәсіби қызметте жоғары жетістіктері бар шығармашыл педагогтарға сыйақы табыстау. Бүгінгі заман ұстаздан, ескінің көзіндей, жаңаның өзіндей болып, рухани дүниеге бай, зияткерлік деңгейі жоғары болуды талап етеді. Шәкіртінің алдына қойған мақсатына жетуіне бағыттай отырып, қиындықты жеңе білуге, білімін көтеру арқылы танымдық қызығушылығын арттыруға, іскер азамат болуға тәрбиелей отырып,  кәсіби қырынан шыңдала өз ісінің нағыз шебері бола білген, ең айтулы, ұлағатты ұстаздар ғана аталмыш атақты бағындыра алады.

Байқаудың қағидасында сабақ барысында жаңа инновациялық технологияларды пайдалануы, ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатысы, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған әдістемелік еңбектері, шәкірттерінің жеткен жетістіктері, сала  бойынша түрлі байқаулардың жеңімпаздары атануы, жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижелерін оқу үрдісінде  қолдануы ескеріледі. Айтылған шарттарды қанағаттандырып, әділқазылардың шешімімен бес мыңдаған үміткерлердің ішінен топ жарған М.Жандыбаева есімі Сарыарқаның төсінде  паш етіліп, туған жерінің мәртебесін асқақтатты. Мейрамгүлдің 31 жыл педагогикалық өтілі  бар, бүгінгі таңда жоғары санатты тарих пәні мұғалімі. Қосымша мектептің  қоғамдық жұмыстарына белсене араласады. Адал еңбек пен қажымас ізденімпаздылығының арқасында кәсіби құзыреттілігін жетілдіру арқылы осындай биік дәрежеге қол жеткізді.

Айнагүл ШАКУПОВА,

Құрманғазы ауданы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз