«Мұғалім беделі – ел абыройы»

Мұғалім беделі – ел абыройы 1 Білім

Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрында өңірдегі білім беру қызметкерлерінің тамыз кеңесі өтті.

Мұғалім беделі – ел абыройы

«Білімді ел – мәңгі ел!» тақырыбымен аталған жиынға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының міндетін атқарушы Дархан Ахмед-Заки қатысты.

Жиын басталмас бұрын меймандар облыстың білім саласының жетістіктері мен педагогикалық идеялар шеберханасының көрмесімен танысты.

Кеңесте сөз алған аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев мемлекет тарапынан ұстаздар мен шәкірттерге жасалған қамқорлыққа тоқтала отырып, қордаланған мәселелерді ашық талқылауға шақырды. Айта кетелік, биыл өңір басшысының тапсырмасымен облыстағы бастауыш сыныптың 48145 оқушысы тегін ыстық тамақпен түгел қамтамасыз етілетін болды. Осы мақсатта облыстық бюджеттен 1 миллиард теңге бөлінген.

– Тек бұл емес. Облыстағы мектептердің бәріне жаңа парталар және 3000 компьютер сатып алынды. Игі шара оқушының алаңсыз білім алып, зерделі азамат болып шығуына септігін тигізбек, – деді Нұрлан Асқарұлы.
Облыс әкімі, сонымен қатар, мұғалімдердің беделі туралы сөз қозғады. Оның айтуынша, ұстаздардың беделінің төмендеп кетуі қоғамды алаңдатуы керек. «Мұғалімді сыйлау керек екенін балаларымызға айтып отырамыз. Бірақ, кей кездері ісімізбен ұстаздардың дәрежесін құрметтемейтінімізді көрсетіп қаламыз. Мұғалімді сыйлаудың үлгісін ата-аналар бірінші болып өздері білдіруі керек. «Балаңды аяғаның – аямағаның» дейді даналар. Ұстаздың қамқорлығын сезініп, қажет кезде ескертуі мен сынын тыңдап өскен бала есті болады», – деді. Сондай-ақ, аймақ басшысы балаларды тек академиялық білімге емес, рухани байлық жинауға баулу керек екенін айтты. Ол бұл жолда мұғалімдермен бірге ата-аналардың да еңбегі қажет екенін ескертті.

Мұғалім беделі – ел абыройы (1)

Конференция барысында жаңа 2016-2017 оқу жылына қойылған міндеттер мен мақсаттар баяндалды. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Бастауыш оқыту педагогикасы кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Әзия Жұмабаева бірінші сыныптықтардың оқу бағдарламасына биылдан бастап енетін «Сауат ашу» пәнінің ерекшелігін айтып берді. Ал, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің педагогика-психология факультетінің деканы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Сайраш Жиенбаева «Балаларды мектепалды дайындаудың әдіснамалық-психологиялық негіздері» тақырыбында баяндама жасады.

Облыстық білім беру басқармасының басшысы Нұрсәуле Сайлауова жаңа оқу жылында көпшілік мектептерде «Робот техникасы» курсы енгізілетіндігін xабардар етті. «Бұл курс ғылым, технология, инжиниринг және математика бойынша оқытылады. «Робот техникасы» курсын оқыту – оқушылардың инженерлік және дизайндық-ойлау, математикалық модельдеу дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді. Биыл жетпіс педагог «Робот техникасы» курсын тәмамдаса, 53 педагог «Жаңашыл мұғалім – жеке тұлғаны қалыптастырудың сәулетшісі» тақырыбындағы ағылшын тілін меңгеру курсында біліктілігін арттырды», – деді ол.

Кеңесте Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры міндетін атқарушы, химия ғылымдарының докторы, профессор Абзал Талтенов өңірдегі гимназия мектептері мен лицейлерге робот курсына қажетті құрал-жабдықтар табыстап, педагог кадрларды даярлаудағы мектеп пен университет байланысы аясында жасалынып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Аймақ басшысы Н.Ноғаев білім саласында үздік жетістіктерге жетіп, өнерде де, білімде де ерекшеленген Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер Академиясына «Үздік ұжым» аталымы бойынша 14 млн. теңгенің сертификатын табыстады.

Білім саласында еңбегі сіңген ұстаздар – Атырау қаласындағы №30 «Жұмбақ» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Қамқа Айтжанова, №13 ұлттық гимназиясының ағылшын тілі пәні мұғалімі Балзия Ыдырысова, №30 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Айнұр Исағалиева, №22 орта мектептің директоры Сара Хабибуллина, №15 орта мектептің директоры Рашид Шәмбіл, Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің психология және педагогика пәнінің оқытушысы Гүлжан Баймұханова, Индер аудандық көпбейінді ауыл шаруашылығы колледжінің директоры Бағытжан Құнас «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин» төсбелгісін ардагер-ұстаз Бақытжан Мусағали, Ж.Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға арналған облыстық лицейінің математика пәнінің мұғалімі Әсила Көшенова, облыстық ұлттық гимназия директорының орынбасары Сағынғали Рамазанов, УГ-157/9 түзету мекемесі жанындағы колледж директорының орынбасары Мұрат Жұмағазиев иеленді.
Сондай-ақ, бір топ ұстазға облыс әкімінің және облыстық мәслихаттың Алғыс хаттары табысталды. Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары дәреже көрсеткен білім ордаларының басшыларына бағалы сыйлықтар ұсынылды.
Жиын соңында сөз алған М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі, Махамбет ауданындағы мектепке «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен жұмысқа қабылданған жас маман Нұрсұлтан Жақсыбаев өзіне артылған жауапкершілікті абыроймен атқаратынын және ол үшін бұл қызмет өте абыройлы екендігін жеткізді.

Жас мамандар ардагер ұстаздарға ыстық ықыластарын білдіріп, гүл шоқтарын табыс етті.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА

Дарxан АXМЕД-ЗАКИ,
ҚР Білім және ғылым министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының міндетін атқарушы:

Әлем бізді біліммен таниды

– Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап білім беру саласы едәуір табыстарға қол жеткізді. 2016-2019 жылдарға арналған білім бағдарламасына сәйкес, жоғары оқу орындарында жаратылыстану пәні бойынша білім алып жатқан жас мамандарды ағылшын тілінде оқытуды бастадық. 2017-2020 жылдары бейіндік пәндер бойынша ағылшын тілін оқытуға байланысты талапкерлер бакалавриат пен магистратураға оқуға қабылдана алады. Өңірлерде 213 жастар ресурстық орталығы жұмыс жасап, қажетті педагогикалық пәндерді таңдауға кеңес беруде.

Жаңартылған мемлекеттік бағдарламаның тағы бір бағыты – мектеп жасына дейінгі баланы тәрбие беру ұйымымен 100 пайызға қамту. Ал, балабақшадағы кезек мәселесі сол қалпында қала береді. Өйткені, бұл – өңірдегі демографиялық өсуге тікелей байланысты. Өкінішке қарай, балабақша тәрбиешілерінің 65 пайызының педагогикалық білімі жоқ. Сондықтан, «Балапан» бағдарламасын одан әрі жалғастырып, мектепке дейінгі білім беру мазмұнын жаңарту, жас мамандарды оқыту кезек күтпейтін мәселенің қатарында қалып отыр. Халықаралық зерттеулерге сүйенсек, әлемдегі үздік елу елдің қатарына Қазақстан тек білім сапасы көрсеткішімен енген. Бұл саладағы оң өзгерісті көрсетеді.

Сайраш ЖИЕНБАЕВА,
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің педагогика-психология факультетінің деканы, профессор:

Бес пен алты жастағы бала бөлек оқуы керек

– Бірінші сыныпқа баратын бүлдіршін міндетті түрде балабақшадан, даярлық сыныбынан өткені дұрыс. Көпшілік ата-ана перзентін алты жаста бірінші сыныпқа береді. Сөйтіп, ойын баласы бірден оқуды қабылдай алмауы мүмкін. Маман ретінде айтарым, бес пен алты жастағы баланы бөлек оқыту керек. Өйткені, олардың ақыл-ойында айырмашылық көп. Мәселен, бес жастағы балаға айтып отырған дүниені қолдарына ұстатып, көрсетпейінше түсінбейді. Сырттай бақыласаңыз, қолындағы затты сөйлеп отыру арқылы түсіндіреді. Ал, алты жастағы баланың логикасы олардан басым. Ішкі сөйлеу, ойлауға көшкенін көресіз. Қолындағы затты іштей зерделеп, жасап, мұғалімге дайын күйінде береді. Сондықтан, ата-ана қазір бес пен алты жастың арасында айырмашылықты байқамауы мүмкін. Бірақ, есейе келе баладан ашушаңдықты, күйзелісті көруі ықтимал. Мектепте де жастағы айырмашылық ерекшеленуі керек.

Әзия ЖҰМАБАЕВА,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқытушысы:

«Сауат ашу» пәнінің ерекшелігі неде?

– «Сауат ашу» пәні – бұрынғы бірінші сыныптарда жүргізілетін «Әліппе» мен «Ана тілі» оқулығының жаңа атауы. Яғни, «Сауат ашу» пәнінің бірінші бөлімінде «Әліппеге дейінгі және Әліппе» оқытылса, екінші бөлімінде кейінгі кезеңі қамтылған. Жаңартылған білім мазмұны аясында түзілген «Сауат ашу» пәнінің оқыту әдістемелік кешені ресми базалық құжаттар негізінде жасалған. Пән екі оқулықтан, екі әдістемелік құрал, үш жазу, екі жұмыс дәптерінен және үнтаспадан тұрады. Пәнде бірінші сыныпта оқу мен жазу бірге үйретіледі. Бұрынғы оқулықтан ерекшелігі неде? Бастауыш сынып оқушыларын өз жас деңгейіне қарай ойы бар әлеуметтік тұлға ретінде қарайды. Интеллектуалдық, іскерлік, рухани, адамгершілік іс-әрекеттерін қалыптастыруға баулиды. Мәселен, мақал-мәтелдің мәнін қалай түсінетінін, табиғат туралы ойы, жауапты қандай сұрақ арқылы алуға болатындығы, суретке қарап сөйлем құрау секілді тапсырмалар бар. Мұның ойлауға, сөйлеуге, талқылауға, пікір таластыруға, белсенділік танытуға ықпал етері сөзсіз.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз