ҰБТ: КҮНГЕЙ МЕН КӨЛЕҢКЕ

Биылғы мектеп бітіруші түлектердің 73,3 пайызы ұлттық бірыңғай тестілеу сынағына қатысып, орташа 61 балл жинады. Түрлі республикалық және халықаралық жарыстар мен ғылыми жобаларға, сондай-ақ, пәндік олимпиадаларға қатысып, үздіктер қатарынан көрінген 70 оқушы бұл сыннан босатылды. Орташа жоғары 103 балды қазақ-түрік лицейінің түлектері, ал, ұлттық гимназия мен Дарын мектебінің шәкірттері тиісінше 87,1 және 86,9 балл жинауға қол жеткізді. Аудандар бойынша тәуір нәтижені Махамбет, Индер және Жылыой ауданының мектеп бітірушілері көрсетті. «Алтын белгіге» үміткер жүз оқушының 25-і, «Үздік аттестаттан» дәмелі 43 түлектің тек  сегізі ғана өз білімдерін дәлелдей алды.

Сейсенбі күні облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Злиха Дүйсекенова Атырау коммуникациялар қызметіндеөткен баспасөз мәслихатында  осындай деректерді жария етті. Оның пікірінше, биылғы ҰБТ нәтижесі бойынша Махамбет, Жылыой, Мақат аудандарында «Алтын белгіге» үміткерлердің көрсеткіштері өзгелерден жоғары, ал, Индер, Исатай, Қызылқоға аудандарындағы алтыннан үмітті түлектердің бірде-бірі бұны ұстай алмады.

ҰБТ-де облыс бойынша жоғары балды тек екі оқушы – 120 балды Ж.Досмұхамедов атындағы  дарынды балаларға арналған лицей түлегі Нұрай Нұрымжанова мен  118 балды облыстық ұлттық гимназия шәкірті Дәурен Тоқсанбаев жинады. Осы баспасөз мәслихатына қатысқан Нұрайдың сынып жетекшісі, ұстазы Назым Тыныштыбаева да, анасы Айгүл Ботабаева да оның  мектепте он бір жыл бойына үздік оқуымен, үлгілі тәртібімен сыныптастарының мақтанышына айналған шәкірт екендігін айтты.

«Мен ҰБТ сұрақтарына дайындықты ұстаздарым мен ата-анамның қадағалауымен, олардың ақыл-кеңесімен ерте бастадым. Көптеген әдеби кітаптар мен тарихты, оқулықтар мен басқа да танымдық материалдарды оқуыма, бұрын оқығандарымды ойға түюіме тура келді. Ең жоғары көрсеткішке жетудің ешқандай сыры жоқ. Тек оқу керек, жай оқып қана қоймай, еске сақтау, түсіну, салыстыру, сараптау да қажет екен. Менің ендігі арманым – Алматыдағы Қазақ-Британ техникалық университетінің органикалық химия факультетіне оқуға түсу. Сөйтіп, еліме адал қызмет ету», – дейді «Алтын белгіге» лайықты оқу үздігі Нұрай Нұрымжанова.

Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасарының айтуынша, аймақта 100-ден жоғары балл жинаған түлектердің  саны 135, мұнда аудандар арасында құрманғазылықтардың үлесі 25 пайызға тең. ҰБТ қорытындысымен шектік деңгейден төмен балға ие болған 1824 түлектің 793-і Атырау қаласына, ал,  тиісінше 273 және 222 оқушы Жылыой мен Құрманғазы аудандарына тиесілі екен.

«Облыстағы «екілік» алғандар көшін атыраулық және жылыойлық шәкірттер бастап тұр.  Жылдың басты сынағында оқушылар ең көп «екілікті» математика, орыс тілінен алды. Былтыр облыста 36 мектеп ең төменгі көрсеткішке ие болса, олардың биылғы нәтижелері де көңіл көншітпейді» деді одан әрі Злиха Қадырбайқызы.  Бізге мәлім болғанындай, мәселен, оқу жылы ішінде өткізілген 4 байқау сынағының нәтижесінде орта балл 68,4 пайыз, ал, ҰБТ қорытындысында түлектердің жинағаны 61 балл, яғни, бұдан 7 балға төмен деген сөз. Салыстырмалы көрсеткіш Жылыой, Құрманғазы, Индер аудандарында білім сапасының тұрақты екендігін байқатады. Ал, Атырау қаласының биылғы түлектері жыл бойына тапсырған бақылау сынақтарын да 74 балдық көрсеткішке қол жеткізіп жүрсе, ҰБТ барысында 13,5 балға төмен көрсеткіш беріп отыр.. Бұған кім кінәлі? Оқымаған бала ма, сапалы білім бере алмаған ұстаз ба, әлде, баласының оқуын қадағалауға мұршасы жетпей, бақылауынан шығарып алған ата-ана ма? Ойланарлық жайт.

ҰБТ барысында түлектердің арасында заң бұзушылықтар да болды: 2 және 4 маусымдағы ҰБТ кезінде ұялы телефон пайдалану сәтінде ұсталған алты оқушыны аудиториядан шығарып жіберуге тура келген. Олардың тест нәтижелері күшін жойды. Енді олар өз бақтарын келер жылы сынамақ.

Баспасөз мәслихатына қатысқан Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің бірінші проректоры Бақыт Жәутіков  ұлттық бірыңғай тестілеу әдісінің өзін-өзі ақтап келе жатқандығын айта келіп, ҰБТ сынағын өткізуге жылма-жыл университет аудиторияларының тиянақты дайындалатындығын, қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталатындығын, тесті өткізу жөніндегі талаптар мен ережелердің сақталатындығын тілге тиек етті.

Аталмыш оқу орнының факультет деканы Ляйля Қойшығұлова: «Облыстағы орыс мектептерінде физика, математика, информатика пәндерінен дәріс беретін мұғалімдер жетіспейді. Университет қабырғасында білім алған болашақ ұстаздар жалақысы көп салада жұмыс жасағанды қол көреді. Ректорат бөлінетін грантын көбейтті. Оқу ақысын да төмендетті. Бірақ, маман кадрлар жетіспейді. Болашақта осы бағыттағы жұмыстарымызды жандандыратын боламыз».

Ұлттық тестілеу орталығы №30 филиалының жетекшісі Айнагүл Дүйсекенова   орын алған олқылықтар, болашақта мектеп түлектерінің мамандық таңдауы, кәсіптік бағдар беру, педагог кадрлардың білімдерін жетілдіру жөніндегі ойларымен бөлісті.

Біз ҰБТ қорытындысы жөнінде облыстық білім беру басқармасының басшысы Берікқали Сәрсенғалиевқа жолығып, пікірін де білдік.

«Жалпы, ҰБТ нәтижесіне көңіл толды деп айтуға келмейді. Өткен жылғы нашар көрсеткіштен де төмен болды.

Біріншіден, мектептердегі оқу сапасын, мұғалімдердің, сынып жетекшілерінің, басшыларының жауапкершілігін көтеру қажет. Басты себеп – оқушылардың білімін объективті бағаламауда, бағаны көтеріп қоюда.

Екіншіден, мектеп бітіруші түлектердің ҰБТ сынағына  дайындығын бітіретін жылы емес, 8-9-10 сыныптарда жыл сайын жүйелі өткізіп, білім деңгейін анықтауға ерекше назар аударуды уақыт талап етіп отыр. Облыстағы орыс және аралас  мектептерде 200 мұғалім жетіспейді. Педагогикалық білім алған жастарды білім ордаларында тұрақтандыру, оларға тиісті әлеуметтік-тұрмыстық жағдай туғызу да – кезек күттірмейтін іс. Ұстаздар пәндерді оқытуда сапалық көрсеткішті көтеру үшін бастауыш сыныптан бастап, санға емес, сапаға жұмыс жасауға үйренуі керек.

Үшіншіден, мұғалімдердің білімін жетілдіру, санаттарын өсіру, ізденіс пен талапты күшейту, ынталандыруды жүйеге келтіру, жас мұғалімдердің шеберліктерін шыңдау үшін тәжірибелі ұстаздарды бекітіп беру, озат педагогтардың тәжірибесін сайт арқылы таратып, талқылау мен ұсыныс-пікірлер ұйымдастыру, білім сапасы тәуір, әріптестеріне көрсететін жақсы жетістіктері бар мектептерде пәндер бойынша семинарлар өткізіп, көп талқысына салу сияқты шараларды жүзеге асыру – бүгінгі күн талабынан туындаған міндеттер. Мектеп – мұғалім – ата-ана – оқушы болып, бірлескен қимыл оң нәтиже береді деп ойлаймын». Біздің бұл пікірге қосып, аларымыз жоқ.

Жалпы алғанда, ҰБТ қорытындысы еліміз бойынша нәтиже жоғары болмаса да, мектеп түлектері шын мәнісіндегі білім деңгейін көрсетті. Бұл жыл сайын жетіліп келе жатқан білімді шын бағалау жүйесі екендігін айтуға тиістіміз. Білім сапасын зерделеудің бұл жүйесі әлемнің көптеген дамыған елдерінде қолданылып келеді.

Түлектердің бәрінің бірдей жоғары оқу орнына түсе алмайтыны түсінікті. Ал, біздің кәсіпорын, мекемелер кәсіби біліктілігі жоғары маман жұмысшыларды күтетіндігін де ойланған жөн.

Бақытжан  ЖҰМАТ.

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз