БІЛІМ БЕРУ САЛЫМДАРЫ

қаражат  жинақтаудың  жаңа  жүйесі

«Даналық – қарттарда, талап – жастарда» демекші, осы даналық – өмірлік тәжірибе адам баласын келешекке белгілі бір дайындықпен, көрегендікпен қарауға үйретеді. Міне, сондықтан болар, көптеген ата-әжелеріміз өмірлерінің жалғасы болып табылатын немерелерінің жарқын болашағына қазірден-ақ үлесін қосуға мүмкіндік беретін қаражат жинақтаудың жаңа жүйесі – білім беру жинақтау салымдарын қуана қарсы алды.

Елімізде Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі іске қосылып, халыққа қызмет етіп жүргелі бір жылдан асты. Бүгінгі таңда cегіз мыңнан астам отандасымыз осы жүйеге өз сенімдерін білдіріп, балаларының болашақта білім алулары үшін қаражат жинауда.

Аталмыш жүйеге қатысушы банкте депозит ашқан әрбір салымшы жинақтау мерзімінің соңында оқу ақысының шығындарын шамамен 30-40%-ға қысқарта алады. Айырма мұндай салымға есептеліп отыратын банктің сыйақысы мен мемлекет сыйлықақысы арқасында қалыптасады. Бұл депозиттің банктік салымдардың басқа түрлерінен ерекшелігі де осындай мемлекет сыйақы мөлшерлемесінен болуында.

Бұл қаржылық тетік аға ұрпақ өкілдерін несімен қызықтырады? Қаржы орталығына хабарласып, кеңес сұраушылардың дені неліктен зейнетке шыққан аталар мен әжейлер? Өйткені, мұнда білім беру жинақтау салымына жарна енгізушілер ортасына шектеу қойылмайды. Егер перзентіңіздің атына мұндай салым ашылған болса, әрі ол атасы мен әжесінің қамқорлығына бөленген бақытты бала болса, олар депозит ашылған банктің бөлімшесі бар ҚР-ның кез келген қаласында тұрып-ақ, салымды толықтырып, қазірден немересінің болашағына үлес қоса алады.

Осы ретте, бұл жүйе жөнінде өз пікірін білдірген өмірлік тәжірибесі мол азаматтарымыздың бірі Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы былай дейді: «Жасым 66-да, алты немерем бар, олардың үшеуі әзірге тіпті мектепке де бармайды. Қазір зейнетке шығып, үйде кішкентай немерелеріме қараймын. Жаңа білім беру депозиттері туралы бағдарламаның барын естіп, қатты қуандым. Өйткені, оның арқасында біз сияқты әжелер өз немерелерінің болашақта лайықты білім алуына көмектесе алады. Мемлекет сыйақы мөлшерлемесінен басқа білім беру жинақтау жүйесінің мені қызықтырған тағы бір жағы – кез келген туыс немесе жақын адам депозитке ақша сала алады, яғни егер менің балаларым өз балаларына білім беру жинақтау депозитін ашса, мен оның әжесі ретінде кез келген уақытта оған қаражат енгізуге толық құқылымын. Менің риза болатыным да осы, өйткені немерелерімнің студент болғанын көре алмасам да, қазірдің өзінде олардың келешекте білім алуына қандай да болса үлесімді қосқаныма сенімдімін. (Ш.Б. Тәнікеева, 66 жас, Тараз қ.).

Біздің ұлттық менталитетімізде «атадан балаға» деген түсінікке қашан да ерекше мән берілген. Ал, үлкендердің мұндай қамқорлығынан кейін өскелең ұрпақтың алғысы шексіз болары анық. Дипломдарын қолдарына алған соң да ата-әжелерінің, әке-шешелерінің бұл жақсылығын естерінде сақтап, құрметтейтін болады.

Кеңес дәуірінде тәрбиеленіп, есейген аға буынның мемлекетке сенімі әлдеқайда жоғары болатыны және қаражат жинақтауға дағдыланғаны белгілі. Олар бір күндік өмірмен өмір сүретін қазіргі өскелең ұрпаққа қарағанда, жарқын болашаққа үлкен үмітпен қарайды.

Жалпы, кеңес дәуірі кезінде халықтың қаражат жинақтау мәдениеті әлдеқайда жоғары болды. Ақша банктерде және сақтандыру компанияларында сақталды. Балаларды 500 және 1000 рубльге сақтандыру үйреншікті іс болатын.

Нарықтық ортада тәрбиеленіп жатқан өскелең ұрпақ ақшаның рөлін жақсы біледі. Баланың атына депозит алу арқылы ата-ана оны тұлға ретінде айқындайды, оның лайықты, жарқын болашаққа сенімін арттырады. Білім беру жинақтау салымын пайдалана отырып, ата-ана отбасында ақша жинақтау мәдениетін дамытады, әрі баланы жақсы оқуға ынталандырады және жоғары нәтижеге ұмтылысын арттырады.

Бүгінгі таңда мұндай салымды екінші деңгейлі 4 банкте – Темірбанк, БТА банкі, Қазақстан Халық банкі, Цеснабанкте – ашуға болады. Әрбір банк 8%-дан 10% аралығында өзінің сыйақы мөлшерлемесін белгілейді. Бұған қоса білім беру жинақтау салымына жыл сайын 5% -дан 7%-ға дейінгі мөлшерде мемлекет сыйлықақысы есептеледі. Жоғары пайызды мемлекет сыйлықақысы жетім балаларға, мүгедек балаларға, көпбалалы отбасындағы балаларға және әлеуметтік жағынан аз қамсыздандырылған отбасылардағы балаларға төленеді. Осылайша, бұл жинақтау жүйесі бойынша депозит ашу арқылы салымшылар өз жинақтарын жылына 13% -17%-ға дейін көбейте алады.

Тағы бір маңызды жайт, салымшының қаражаты жылдан-жылға тек көбейе береді, яғни әрбір жинақтау жылының соңында банктің сыйақысы мен мемлекеттің сыйлықақысы салымшының енгізген қаражатына қосылып, бір сомаға айналады (капиталдандырылады) да, кейін әрбір жаңа жылдан бастап пайыздар осы жалпы соманың негізінде есептеліп отырады.

Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген мақал бар. Бұл – күшті мемлекет болу үшін алдымен жаңа ұрпаққа туылғаннан бастап дұрыс тәрбие беру қажет деген сөз. Бүгінде мемлекетіміз әрбір азаматқа білім беру жинақтау салымы арқылы дүниеге келген күннен бастап балаларының жарқын болашағының іргесін қалауға мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан, аталарымыздың ақылына құлақ асып, олардың көрегендігіне, өмірлік тәжірибесіне сүйеніп, ұрпағымыздың лайықты білім алуына жағдай жасау өз қолымызда!

 

Риад Шариман,  

«Қаржы орталығы»  АҚ вице-президенті.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз