ДӘСТҮР және ҒҰРЫП: Сыйластық сыры – сәлемде

15 03 2018 1 Жаңалықтар

Atr.kz/18 тамыз, 2020 жыл. Амандасу – инабаттылық пен әдепке қатысты қатынас ережесі. Байырғы қазақ дәстүрі амандасулардың әлеуметтік тегінен, байлығынан және жал­пы өмірдегі алатын орны­нан белгі беретін болған. Сәлемдесу салты – ежел­ден адам баласының бір- біріне сый-құрмет білдіруі.

«Адам түсініскенше, жылқы кісінескенше» деген қанатты сөз тегін айтылмаған. Сәлем – сөздің анасы. Жер ша­рын мекендеген 7,5 мил­лиард халықтың барша­сы өзара сәлемдеседі. Бір халықтың басқа халықтан ерекшеліктері болады. Сондықтан, кейбір елдерде сәлемдесудің өзгешеліктері бар екені түсінікті.

КӨКТҮРІКШЕ КӨРІСУ

Орт а лық Азия – түркітілде с халықтардың Отаны. Олардың ата-ба­балары ғасырлар бойына сәлемдесу құндылығын қалыптастырған. Түркілер дәстүр бойынша оң қолымен жүрек тұсын басып, бас иіп сәлемдескен. Түркі этностарынан түрік, өзбек және түркімен халықтары күні бүгінге дейін осылайша сәлемдесу салтын сақтаған. Түркияның Президенті Режеп Тайып Ердоған басқа ел­дерге барған сапарында, мемлекет басшы­ларымен кездескен кездерінде, жұртшылық алдына шыққанда түркілердің көне ғұрпын сақтап сәлемдесетінін теледидардан көріп жүрміз. Басылымдарға Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтың да бағзы заманғыдай аман­дасып тұрған суретін басып шығарыпты.

Ертедегі түркілердің оң қолымен сол жақ төсін басып, бас иіп сәлемдескендері біздің ғасырда да жойылып кетпегенін осыдан көреміз. Бұл жалпы кез келген ер адаммен сәлемдесудің дәстүрлі түрі. Бұған қосымша, ағайын-тумалармен, туған-туысқандармен амандасудың түрлері болған. Мысалы, көптен көрмеген туысқандарын, достарын кездестіргенде құшақ жайып амандасқан. Келіндер жасы үлкен қайын жұртына сол тізесін бүгіп, ал қайын аға, қайын атаның үйіне енгенде оң тізесіне екі қолын тигізіп, сол аяғын бүгіп, үш рет сәлем жасаған. Мұндай аманда­су дәстүрін сақтап жүрген жастар қазір де бар. Түркі халықтарында жасы кіші адам бұрын сәлемдеседі. Егер үлкен адам бұрын амандасса, оған жауап беріп, қайтара сәлемдеседі. Бұл жастардың үлкенді сый­лайтынын білдіреді. Себебі, кейінгі буын алдыңғы буынға қарап өседі, бой түзейді, тәрбиеленеді.

ӨНЕГЕ БАСТАУЫ – АТА-АНА

Сәлемдесу жолына келгенде қазаққа ұқсайтындар кемде-кем. «Жасында көргені жоқтың өскенде айтары жоқ». Сондықтан, баласының тілі шығар-шықпастан әдептіліктің жол басы – сәлемдесуді үйретеді. Кішкентай бүлдіршіндерге «атаңа сәлем бер», «әжеңе амандас», «ағаңа қол бер» деген секілді сөздерді үнемі құлағына құйып, ізеттілікке ерте бастан баулиды. Кез келген ересек адам бала сәлемінің оңды бағыт алып, мінезіне сіңіп, саналы түрде дағдысына айналуы­на мұқият қарайды. Қазақ ғұрпында кіші үлкенге сәлем береді. Асылы, халқымыз ақ сақалды атаны, ақ шашты әжені, ақ самайлы әкені, ақ жаулықты ананы, жал­пы үлкенді құрметтеген. Алдынан кесіп өтпеген. «Сен» деп серейтіп сөйлемеген. Қазақтың бітім-болмысын ажарлайтын ардақ бір қасиеті осы – үлкенді сыйла­уы. Бұл – бабалардың салып берген сара жолы. Қазіргі таңда сәлемдесуге аса мән бермейтін ұрпақ қалыптасты.

ДӘСТҮР НЕГЕ ҰМЫТЫЛДЫ?

Ата-бабадан ғасырлар бойы үзілмей жеткен сәлемдесу құндылығы кейінгі жыл­дары әлсіреп кеткені рас. Оның себептері жеткілікті. Орталық Азия, оның ажыра­мас бөлігі – Қазақстан үш ғасырдай Ресей империясының отаршылдығында болған кезде сәлемдесу салтымыз да өзгерді. Түркі этностары батыстың ықпалына беріліп, Еуропа және орыс халықтарының қол алы­сып амандасуын қабылдады. Қазір түркі тілдес халықтардың көпшілігі амандасуда ата салтын ұмытып, қол алысып аманда­су әдетке айналды. Солардың арасында қазақтар да бар. Себебі, Қазақстанға ба­тыс елдерінен, әсіресе, Ресейден келген адамдардың саны көп болғаны рас. Сөйтіп, қазірге дейін қазақтардың үлкенді-кішілері тек қол беріп амандасады, бұрынғы оң қолын сол жақ төсіне басып, бас иіп сәлем беруді ұмытқан.

Бізге қол беріп амандасудан гөрі, көне амандасу салтымыз анағұрлым жақын. Оның тазалық сақтаудағы мәні де бар. Этнограф Жағда Бабалықов «Этнографпен әңгіме» кітабында амандасу мәдениеті тура­лы «Жалпы беттен сүю – өте қауіпті нәрсе» деп қадап-қадап айтқан. Ол әлемде аман­дасу кезінде ешқашан беттен сүймейтін халықтың бірі қытайлар екеніне де тоқталған. Беттен сүйіп амандасу – Еуропадан кел­ген дәстүр. Қазір елімізде осы артық қылық белең алып бара жатыр. Жастар да, үлкен-кіші де, әсіресе, қалада сүйісіп сәлемдесетін жағдайға жетті. Сондықтан, ежелгі ата-бабалар мұра етіп қалдырған сәлемдесуді қайта жаңғыртып, тек оң қолмен сол жақ төсімізді басып, бас иіп сәлемдескеніміз дұрыс. Мұндай әдемі амандасу басқа этностарда кездеспейді. Тәуелсіз еліміздің Әнұраны айтылғанда ежелгі салтты ұстанып, оң қолымызды сол жақ көкірегіміздің тұсына қойып тыңдап, құрмет көрсетіп жүрміз. Осыны неге күнделікті тіршілікте қолданбасқа!

ӘЛЕМ ХАЛЫҚТАРЫ ҚАЛАЙ АМАНДАСАДЫ?

Оңтүстік және Шығыс Азия құрлығын мекендеген Үндістан, Бирма, Жапония және тағы басқа елдердің халықтары екі алақанды біріктіріп, маңдайға тигізе бас иіп сәлемдеседі. Біздің дәуірімізге дейінгі VI ғасырда Үндістанда Будда дініне негізделіп пайда болған мұндай сәлемдесу салты бүгінгі күнге дейін жалғасуда. Еуропа құрлығын мекендеген этностар бірінің қолын бірі алып амандасады. Ұзақ уақыт көрмеген жақын адамдарымен сүйісіп амандасқан. Қазір олар жаппай қол беріп, сүйісіп амандасады. Қытай халқы бас иіп сәлемдеседі.

Ал, арабтар «Ассалаумағалейкүм!» ( С і з г е т ы н ы ш т ы қ б о л с ы н ) , «Уағалайкүмассалам!» (Сізге де бейбітшілік болсын) деп сәлемдеседі. Тамаша жүздесу ғой. Ислам дініне енген­нен кейін түркі этностары да осы дәстүрді пайдаланған.

Кейбір елдер әдеттегі қол алысумен қатар, үлкен сәлемдесу салтанатын өткізеді. Жаңа Зеландияға сапар шеккен жан­дар маори халқының «хонги» сәлемдесу рәсіміне куә болады. Бұл сәлемдесудің сан ғасырлық тарихы бар. Бір-бірін көрген жан­дар сәлемдескен кезде мұрындарын тигізіп амандасады. Мұрынмен үйкелесу арқылы олар «ха» рәсімін жүргізеді. «Ха» рәсімі – Тәңірге құлшылық ету.

Көптеген елдерде тіл шығару әдепсіздік болып танылса, кейбір жерде тілін шығарған жан жазаға тартылады. Тіл шығару тибет халқына жат емес, себебі олар бір-бірін көргенде, тілдерін шығарады.

Тибет халқы өзгелерге өздерінің жауыз емес екендерін көрсету мақсатында бір- бірін көрген кезде тілдерін шығара бас- тайды. Бұл дәстүр өз жалғасын әлі күнге дейін табуда.

Бейтаныс жанды үйіне қонаққа шақырған кезде моңғолдар оған «хада» деп аталатын жібек, не мақта-маталы жолақ береді. Әдетте оның түсі ақ. Кейде көк, я жасыл түсті болады. Хада ұсынылған кез­де келген қонақ оны екі қолмен алып, бас- ты изеуі тиіс. Хада ұсыну мен алу рәсімі – үлкен құрметтің белгісі. Жапон халқы да сәлемдесу рәсіміне аса мән береді. Бір- бірін көрген кезде олар иіледі. Жастар өзара бастарын изеп амандасады. Ал, татамиде тізерлеп отырып, жерге қарай иілу керек. Кенияға сапар шеккен жандар масаи тай­пасын кездестіреді. Масаи тайпасының халқы бір-бірін көргенде, билей бастайды. Би арқылы олар бір-бірімен амандасады. Сәлемдесу биі «адаму» деп аталады, яғни «секіру биі». Билеген кезде шеңбер жасап, ырғалып, секіре бастайды.

Қытай халқының дәстүрлі сәлемдесуі «коутоу» деп аталады. Сәлемдескен кез­де қолдарды бүгіп, иілу қажет. Әйел азаматтардың сәлемдесу рәсімі «ваньфу» деп аталады. Олар қолдарын біріктіріп, оны денесінің бойымен төмен қарай сырғытады. «Коутоу» дәстүрі аңызға айналған Хуан-ди патшаның билік еткен тұсында бастау алған еді. Сол заманда бұл дәстүр патшалармен амандасқан кезде және неке қию, үйлену сияқты салттарда қолданылған.

Тай елінің амандасу рәсімі «вай» деп аталады. Бір-бірлерін көрген жандар алақандарын біріктіріп, бастарына қояды. Содан кейін иіліп, «савадди» деп айтады. Ежелден келе жатқан «вай» сәлемдесу дәстүрі әлі күнге дейін күллі Таиланд елі бойынша өз мәртебесін жоғалтпаған. Филиппин елінде сәлемдесу рәсімі жас ерекшеліктеріне байланысты әрқилы. Мысалы, жас жігіт үлкен кісіні көрген кез­де басын изеп, оң қолымен үлкен кісінің оң қолын ұстайды. Кейін саусағының ұшын оның маңдайына тигізеді де, «мано по» деп айтады. «Мано» – қол, «по» – құрмет деген мағына береді .

P.S.

Бауыржан Момышұлы: «Бір жерге барғанда сөзді сәлеммен баста­мау – әдепсіздік. Қалтаңда он диплом болғанымен, сәлем парызын білмесең, біліп тұрып оны өтемесең, жолын жасамасаң – нағыз мәдениетсіз адамсың. Мәдениеттілік адамның рухани өрісімен өлшенеді. Сәлем беру – ізеттіліктің, кісіліктің баспалдағы. Сәлем беру – сөз бастаудың беташары. Сәлем беру – танысып-білісудің, достасудың дәнекері» деген екен.

Гүлзада РАХМЕТҚЫЗЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз