СЫНДАРЛЫ ШАҚТА ШЫҢДАЛҒАН

Ол кезде күйіп тұрған соғыс ошағының бірі – Воронеж майданы еді. Жауқан сол бір екі жақ әр төбе, әр сай үшін қырқысқан от-жалынның ортасына тап болды. Полктің алдына қойылған міндет аса күрделі – қалайда Воронеж қаласын неміс фашистерінің шеңгелінен құтқару. Маусым айының екінші жартысында Борисоглебск қаласын артқа қалдырып, бір шағын деревняда тоқтағанда Жауқан Жиенбаев жауынгер коммунистер жиналысында партия мүшелігіне кандидат болып қабылданады.

Табан тірескен шайқастар толас табар емес. Жау Воронеж өзенінің шығыс жағына өтуге жанталасып бақты. Бірақ оған құрамында Жауқан бар батальон мүмкіндік бермеді. Ызалы басқыншылар қайта-қайта шабуылға шығып, дегеніне жеткісі келді. Шығын екі жақтан да аз болмады. Жауқан шілденің 22-сінде оң қолынан жарақат алып, санитарлық бөлімшеде емделді. Бір айдан кейін тамыздың қысқа таңы атар шақта резинка қайықпен Воронеж суынан өткен кеңестік жауынгерлер немістің армиясын бір ай жарым орныққан позициясынан кері шегінуге мәжбүр етті. Алғы шептегілер қатарында Жауқан шайқасқан полк құрамы тамыздың 22-сі күні жауды екі рет окоптан қуып, кері тықсырды. Үшінші рет қуу барысында Жауқан тағы ауыр жараланады. Келесі күні таңда саперлер Воронеж өзенінен аспалы өткел арқылы өткізіп, санитарлық батальонға апару үшін жардан жоғары көтерген шақта жау оғы оның сол аяғына келіп тиеді. Одан құтылып, қалың тоғай ішімен ілгері жылжып бара жатқанда неміс ұшағы келіп үстерінен бомба тастайды. Сол жерде бірнеше жаралы қаза табады. Қашып барып паналаған окоптары бомба дүмпуімен опырыла құлағанда Жауқан топырақтың астында қалады. Тірі қалғандар топыраққа көмілген жолдастарын аршып, шығарып алады. Жауқан да жарық дүниемен қайта қауышқан солардың бірі болатын. «Өліп қайта тірілді» деген осы болса керек. Аман қалғанмен бас мең-зең, ұрылып ми шайқалған тәрізді. Дәрігерлер жеңіл контузия алған деген диагноз қойған. Екі апта бойы өзіне-өзі келе алмаған.

1943 жылғы қаңтар айынан кейін сержант Жауқан Жиенбайұлы әуелі 13-жеке атқыштар батальонында атқыштар бөлімшесінің командирі болып соғысты қайта жалғастырған. Артынан 1944 жылғы қаңтардан бастап 82-жеке атқыштар батальонында  міндетін одан әрі атқару арқылы үнемі алғы шепте жүріп Жеңістің салтанат құруына өзіндік үлесін  қосқан кіші командир. Соғыстың соңғы жылында майдандас коммунистері партия жиналысында Жауқанды КПСС мүшесі болуға лайықты деген қаулы қабылдайды.

Ұзақ та соқпақты майдан жолын жүріп өткен ол әскери қызметін 1945 жылғы қазан айында ғана доғарып, елге аман-сау оралған. Ұлы Отан соғысындағы ерліктеріне орай «Отан соғысы» орденінің І дәрежесімен, «1941-1945 ж. Ұлы Отан соғысындағы Германияны жеңгені үшін», сондай-ақ, бес мерекелік медальмен марапатталған.

Елге оралғаннан кейін ол жұмысты Гурьев темір жол станциясындағы билет кассирлігінен бастайды.

Тұрғындарды саудамен қамту сырттай қарағанда оңай жұмыс сияқты көрінуі ғажап емес. Жауқан Жиенбайұлының барлық жұмысы 1960 жылдан кейін тек осы машақаты жетерліктей саламен тікелей байланысты өрбіді. Жауқан Жиенбайұлына облыстық сауда басқармасының әкімшілігі Гурьев қалалық азық-түлік өнімдері саудасы бөліміне қарасты шаруашылық есептегі №6 дүкеннің гастроном меңгерушісі, дүкен директоры қызметтерін атқаруды сеніп тапсырды. Міндетін абыроймен атқарған ол бірнеше мәрте Құрмет грамотасымен марапатталды. 1967 жылғы наурыздың 9-ында Қазақ КСР сауда министрлігі Жауқан Жиенбаевқа «Совет саудасының үздігі» төсбелгісін беруді ұйғарды.

Сындарлы шақтың талайын көріп, шар болаттай шыңдалған Жауқан Жиенбайұлы тауқыметті аз тартпағанмен, бұл өмірдің қызығына да қаныққан қарт. Ұзақ та соқпақты жолының түйіні осы.

Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан

Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз