ЖЕҢІМПАЗҒА – ДАҢҒЫЛ ЖОЛ

ANU 0213 Білім

Атырау мұнай және газ университетінде Атырау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ғылыми жобалардың өңірлік конкурсын қорытындылады. Аталған іс-шараға Атырау облысының Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сарапшылар тобы, Ассамблея кафедраларының меңгерушілері, ғалымдар, жас ғалымдар, магистрлар, «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.

ANU_0213

Бұл конкурс Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін ілгерілетуге ықпал ететін зерттеу жұмыстары мен «Туған жер» жалпыұлттық идеяның негізінде қазақстандық бірегейлікті нығайтуға бағытталған монографиялардың, оқу-әдістемелік құралдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарының басылуына қолдау көрсету, сол арқылы жастардың ғылымға деген қызығушылығын арттырып, дарынды жас ғалымдарды табу әрі қолдауды көздеген болатын. Атырау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Тамара Аман-Турлина жас ғалымдар арасында ұйымдастырылған конкурстың маңыздылығын айтып, облыстың Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптама бөлімінің және Ассамблея кафедраларының ғылымды дамытудағы атқарып жүрген жұмыстарына тоқталып, конкурстық комиссия шешімімен таныстырды.

Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының проректоры, профессор, педагогика ғылымдарының докторы, конкурсты бағалау комиссиясының мүшесі Жәмиләш Хасанова «Ғылыми жобалар конкурсының маңызы және өту барысы туралы» баяндама жасаса, Бүкіләлемдік қазақтар қауымдастығы Атырау облыстық филиалының төрағасы, бағалау комиссияның мүшесі Өтепберген Әлімгереев жастар арасындағы патриоттық тәрбиеге  тоқталып,  ғылым саласында жастарға жаңа бағыт-бағдар мен зор мүмкіндіктер бар екенін айтты.

Сонымен, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыруға бағытталған жас ғалымдар арасындағы өңірлік ғылыми жобалар конкурсының жеңімпаздарын Атырау мұнай және газ университетінің ректоры, облыстық ҚХА ғылыми-сарапшылық тобының жетекшісі Әли ӘбІшев марапаттады. Олар – «Үздік ғылыми жоба»: І дәрежелі диплом – Әсел Ығылова,

ІІ дәрежелі диплом – Амангелді Жұмабаев және Әділбек Өмірзақов,

ІІІ дәрежелі диплом – Айнұр Cұлтанғалиева, Вугар Алекперов, Анар Қапашева. Аталған конкурсқа қатысушылардың барлығына Алғыс хаттар табысталды.

Бұған қоса,  Елбасының қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделіне арналған «Үздік ғылыми жобалардың өңірлік конкурсының» жеңімпаздары – Гүлфайруз Қайырғалиева, Самал Молдашева, Гаухар Айдосыновалар да арнайы дипломдармен марапатталды.

Лиза СЕЙТІМОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз