Браконьерлікке қарсы күрес бойынша облыста тың іс қолға алынды

бүгінгі күннің тақырыбына 1 Жаңалықтар

Бағалы балық қорын сақтау, браконьерлікке қарсы күрес бойынша облыста тың іс қолға алынды. Жаңа талап қуаты күшті қайықтардың айдын бетінде жүруіне тыйым салады. Осыған орай кезінде шыққан Үкімет қаулысын кеңінен насихаттау, түсіндіру мақсатында облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев бастаған ақпараттық топ Исатай ауданының Жанбай, Зинеден ауылдарында болып, жұртшылықпен жүздесті.

бүгінгі күннің тақырыбына

Ауылдағы атакәсіп

Жанбай – соңғы кездері бойына қан жүгірген ауылдардың бірі. Елді мекеннің бедерін айқындаған жаңа әлеуметтік нысандар да бой көтере бастады. Алайда, жергілікті халық ежелден келе жатқан атакәсібі – балықшылықтан әлі қол үзген жоқ.

– Көпшілікке белгілі, облыс әкімі балық қорын сақтауға айрықша маңыз беріп отыр. Балық шаруашылығының да-муына кедергі келтіретін, жылдар бойы қалыптасқан проблемаларды шешу де қолға алынуда. Қазір облыс бойынша 19 табиғат пайдаланушы бар. Соның алтауы Исатай ауданында тіркеліп, жұмыс жасауда, – деді аймақ басшысының орынбасары Сәлімжан Нақпаев.

Атырауда  балық азайып барады. Оған себеп те көп. Өзендер «тамағының» бітелуі – соның бастысы. Мәселен, Қиғаш бойындағы балық жүретін 131 шақырым каналдың 95-і бітелген. Жайықта 64 шақырымның 12 жері тайыздағаны анықталды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сырым Рысқалиевтің айтуынша, мәселе республикалық деңгейде бірнеше рет көтеріліпті. Нәтижесінде оны жергілікті бюджеттің есебінен шешу мүмкін болды. Осылайша, Жайық, Қиғаш өзендерінің түбін тереңдету үшін 65 млн. теңге қаралып, қазіргі күні жобалық-сметалық құжаттар жасақталуда. Ол біткен соң жаз ортасында негізгі жұмыстар басталады.

бүгінгі күннің тақырыбына2

Квота неге азайды?

Балық аулау квотасының кемуі де жергілікті басшыларды алаңдатып отыр. Мысалы, былтыр оның мөлшері 19 мың тоннаны құраса, қазір бұл көрсеткіш 14 мыңнан астам. Балық аулайтын өндірістік кооперативтердің үйлесімсіз жұмысы, қолда бар мүмкіндікті ұтымды пайдаланбауы түрлі олқылықтарға әкелді. Облыс әкімінің орынбасары осындай шаруашылықтардың қызметін үйлестіру мақсатындағы шаралардың одан әрі жал-ғасатынын баяндады.

«Су маржаны» уылдырық  шашу кезінде тыныштықты қалайды. Дегенмен, бізде айдын бетін қайық, кеменің небір түрі емін-еркін шарлап жүр. Браконьерлер тыйым салынбағандықтан (анығында, жауапты мекемелердің тұсау сала алмағандығынан) суда жүзу техникасына өте қуатты қозғалтқыштарды орнатып алған. Олар артына ерген қуғыншыға қарасын да көрсетпей, көкжиектен жоғалады.

Жаңа талап айдын бетіндегі алашапқынға тоқтау салады деген үміт бар. Жергілікті балықшылармен кездесуде облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев мәселенің осы тұсына салмақ сала сөйледі. Үкіметтің 2013 жылы қабылдаған қаулысында шағын көлемді кемелердің жүрісін шектеу көзделген. Анықтай айтқанда, балық аулау маусымы кезінде қуаты 20 ат күшінен асатын қайықтардың айдынға шығуына үзілді-кесілді тыйым салынады. Балықшылардың тіліндегі «казанка» – балық аулауға емес, серуендеуге арнал-ған суда жүзу құралы. Ал, қуаты көбірек (40 ат күші) қайықты мінуге «қорықшыларға» ғана рұқсат етілген. Осыдан 4 жыл бұрын шыққан қаулыны «дұрыс түсінбеген» жауапты құрылымдар осылайша браконьерлердің ойларына келгенін жасауға мүмкіндік беріп қойыпты.

Білместік жауапкершіліктен құтқармайды

Жанбай, Зинеден ауылдарындағы кездесуде тұрғындар «ілгеріректе қабылданған құжат неге уақытында жүзеге аспады?» немесе «біз білмегендіктен несиеге суда жүзетін қымбат техникаларды алып қойдық. Ендігі жағдайымыз не болады?» деген сұрақтарды көп қойды. Облыстан барған ақпараттық топ оларға барынша  нақты, тұжырымды жауап берді. Балық қорын қорғауға жауапты басшылардың өз міндеттерін тиісті талап деңге-йінде атқармағандығынан орталықтың қаулысы орындалмай, талап жүзеге аспай қалған.

Балық аулау кооперативтерінің басшылары заңның жаңа талаптарынан хабарсыз болды деуге ауыз бармайды. Оларға уақытында түсіндіріліп, жаңа жағдайдың ерекшеліктері жеткізілген. Өткен жылы әкімдіктің өкілдері аталған басшыларды банкротқа ұшыраған «Жайық–Балық» құрылымының қоймасына апарып, жаңа техникаларды көрсетіпті. Алайда, оңай жолмен ұпай түгендеп үйренген шаруашылықтар бүгінде жаңашылдыққа құлықты болмай тұр. Айтпақшы, кооперативтер бұдан бұрын балық аулайтын телімдерді 10 жылға бірден алған. Осы аралықта шөптің басын да сындырмай күндерін өткізіпті. «Облыс әкімі балық шаруашылықтарын аралағанда келеңсіз көрініс алдан шықты. Кооперативтер бәз-баяғы құрал-сайман, жабдықтарды сол күйінде қолдануда. Мемлекет олардың алаңсыз жұмыс жасауына мүмкіндік туғызғанымен, олар бұл қамқорлықты тиімді пайдаланбады» деді Сәлімжан Жұмаш-ұлы.

Соңында  облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақ-паев  журналистерге арнап брифинг өткізіп, сапарды қорытындылады.

бүгінгі күннің тақырыбына3

Сіз не дейсіз?

Сырым РЫСҚАЛИЕВ,

облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

«Казанканың» жүруіне тыйым салынады

– Балық аулауға тыйым салынған су айдындарында, телімдерінде су көлігі қозғалысының ережесі бар. Соған сәйкес, жекеменшік құқығындағы жеке тұлғалар үшін аспалы қоз-ғалтқыштардың қуаты 20 ат күшінен аспауы қажет. Осыған орай биылдан бастап ауызекі тілде «казанка» деп аталатын суда жүзу техникасының жүрісіне тыйым салынып отыр. Осыған дейін жол берілген тағы бір кемшілік балық шаруашылығын реттеуге қатысты. Заңның қатаюына байланысты табиғат қорын пайдаланушыларға талап күшейді. Биылдан бастап жергілікті балықшылар өз қайықтарымен балық аулайтын құрылымдарда жұмысқа тұра алады. Олар балық қорғау инс-пекциясында, одан соң мемлекеттік кірістер департаментінде тіркеледі. Мәселен, Жанбай ауылында «Амангелді», «Ракуша», «Абылайхан» өндірістік кооперативтері жұмыс жасауда. Соның негізінде жергілікті жұртшылықтың заңды түрде қызмет етуіне мүмкіндік туғызылуда.

Өткен жылы балық аулау кооперативтері 2400 билет алған. Осы мәселені жете зерттегенімізде біз келеңсіз жағдайға кезіктік. Байқасақ, шаруашылықтың қолында 500 қайық бар болып шықты. Яғни, билет алу үшін заңсыз істерге барғаны анықталды. Енді мұндай олқылықтың орын алмауына күш салуымыз керек.

 

Еркін ШПАНОВ,

облыстық  жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

Жұмыссызға жұмыс бар

– Облыста балық аулаумен нәпақасын айырып отырған біраз елді мекен бар. Мұндағы тұрғындарды жұмыспен қамту мақсатында кешенді шаралар жүзеге асуда. Мәселен, жуырда Дамбы ауылында жұмыссыздар жәрмеңкесін өткіздік. Оған «Іскер», «Сичим» секілді компаниялар да қатынасты. Соның нәтижесінде біраз адам тұрақты жұмысқа орналастырылуда.

Осындай жәрмеңкені жақын аралықта Жанбай, Зинеден ауылдарында да ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Жұмыспен қамтушылар өздеріне қажетті мамандарды ауылдықтар арасынан таңдап алатын болады. Егер қажетті мамандық иелері табылмаса, мемлекет олардың тегін кәсіптік білім алуына, біліктілігін тереңдетуге жағдай жасайды. Яғни, алдағы уақытта Атырау облысы бойынша екі мыңнан астам адам оқытылады. Оларға тегін тамақ ұсынылады. Жатақхана үшін 20 мың теңге беріледі. Бір сөзбен айтқанда, заман легінен қалмай, балықтан өзге де салада жұмыс жасау үшін мүмкіндік жасалады. Тағы бір тоқталғым келетіні, алдағы уақытта  міндетті сақтандыру жүйесі енгізілуіне байланысты ешбір жерде жұмысқа тұрмаған, тіркелмеген адамдар емханаға қаралуда қиындыққа ұшырауы мүмкін.

 

Сағатбай ХАПИЗОВ,

Исатай ауданының тұрғыны:

Балық сататын дүкен қажет

– Жергілікті мәселелерді айтпай тұра алмаймыз. Мәселен, теңіз жағалауындағы қамыстың ішінде қара балықтардың қырылатын кезі аз кездеспейді. Рәсуа болған дүниені алса, жергілікті тұрғын жауапкершілікке тартылады. Осы дұрыс па? Бізге тірі балық сататын дүкен қажет. Ол қалай ұйымдастырылады? Тағы бір айтайын дегенім, жергілікті басшыларды, құқық қорғау органдарының жетекшілерін көп көре бермейміз. Олар тұрғындармен жүйелі түрде жүздесіп отырса, туындаған сауалдарға уақытында жауап берілер еді.

Азамат БАЗАРБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз