Атырауда 103  бала онкологиялық науқастар есебінде тұр

sindrom kavasaki vpervye obnaruzhili u dvoikh detey v aktobe baigenews.kz 960x500 1 960x500 1 Жаңалықтар

15 ақпан – халықаралық балалар обырымен күрес күні. Иә, қоғамды соңғы жылдары оның жасарып бара жатқаны алаңдатады. Атаулы күнге орай атырау облыстық балалар ауруханасында науқас балалар, олардың ата-аналары және еріктілердің қатысуымен кездесу өтті.

Шарада аурухана директоры Нұрқабыл Айтмұхамбетов балалар онкологиясы туралы ақпаратпен бөлісіп, қатерлі кеселі бар науқастарды және олардың отбасыларын қолдау маңызды екеніне назар аударды.

– Жаман аурумен бетпе-бет келген әр адамға моральдық-психологиялық, материалдық қолдау ауадай қажет. Ал, ерте диагностика мен сапалы емделу науқастың ауруынан айығуына ықпал етеді. Құрметті балалар, сіздер нағыз батырсыздар! Өйткені, бұл оңай сынақ емес. Жылы қабақ пен көңіл науқасқа – қуаныш, ата-анасына – дем береді. Емделуге және оңалтуға сенім білдірген ата-аналарға рахмет, – деді аурухана басшысы.

Әрине, мұндай диагнозды есту кімге де оңай емес. Облыстың штаттан тыс бас гематолог-онкологы, аурухананың педиатриялық бөлімшесінің меңгерушісі Гүлжан Ілиясованың айтуынша, балалардағы ауру белгілері ересектердікінен өзгеше.

– Егер ересектерде онкологиялық аурулар жүре пайда болса, ал балалардың көбінің сырқаты туа біткен. Сондай-ақ, балалардағы қатерлі ісік тез дамиды. Бүгінде аурудың пайда болу белгілері ғана анықталған, оларға генетикалық бейімділік, канцерогендік әсерлер, қоршаған ортаның ластануы, ұрықтың дамуы кезіндегі патологиясы жатады. Онкологиялық аурулардың бұлайша таралу себебі әлі зерттеліп жатыр, – деп түсіндірді бас маман.

Біздің облыс бойынша 18 жасқа дейінгі 103 бала онкологиялық науқастардың есебінде тұр. Оның 48- іне жедел лейкемия диагнозы қойылса, қалған 55-і әртүрлі органдардың зақымдануымен ауырады.

– Олар Астанадағы Ана мен бала орталығында ем алады. Бұл химиотерапия, қажет болған жағдайда ота да жасалады. Содан кейін әр үш айда балалар бізге тексеруге келеді. Бес жыл бойы толық ремиссиядан кейін бала мүгедектіктен шығарылады, – дейді Гүлжан Сатылғанқызы.
Шара соңын да медицина қызметкерлері балаларға мереке ұйымдастырды. «Жаныңдамын!» волонтерлік ұйымы да белсенділік танытып, кішкентай пациенттерге сыйлық үлестіріп көңіл-күйлерін көтерді.

Майра СЕЙІТҚАЛИҚЫЗЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз