Атыраулық Мәдина Есқайыр тоғызқұмалақтан әлем чемпионатының жүлдегері атанды

togyzqumaaq Спорт

​​Қазақстанда тұңғыш рет оқушылар арасында (U-15, U-17) тоғызқұмалақтан әлем чемпионаты өтті. Төрт күндік сайыс қорытындысында «рапид» және «блиц» бойынша ең мықтылар анықталды. Нәтижесінде Қазақстан командасы сегіз алтын медальмен жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды.

Ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен атыраулық Мәдина Есқайыр тоғызқұмалақтың «рапид» түрінен қола жүлдеге қол жеткізді. 15 жасқа дейінгі қыздар арасында қатысқан жерлесіміз 7 турда 5 ұпай жинады. Қола жүлде иегеріне 150 мың теңге қаржылай сертификат табысталды.

t 1

Бүгінде Атырау қаласындағы Б.Нысанбаев атындағы мектептің 9-сыныбында оқитын Мәдина – облыстық №1 мамандандырылған балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің тоғызқұмалақ бөлімінің тәрбиеленушісі. Тоғызқұмалақтан облыстың бас жаттықтырушысы Құрманбай Ашетов пен жүлдегердің жеке тренері Айнагүл Сүлейменовалардың үміті ақталды.

t 2

-Мәдинаның жүлдесі – бүкіл атыраулық тоғызқұмалақшылардың мерейі мен абыройы. Тоғызқұмалақтан әлемдік додада жеңіп алған Атырау тарихындағы тұңғыш жүлде кейінгі жастарға жұғысты болсын. Ұлттық ойынды насихаттау, жиі жарыс ұйымдастыру арқылы деңгейін көтере аламыз. Жеңісті күндеріміз болсын,- дейді бас жаттықтырушы Қ.Ашетов.

Айта кетейік, оқушылар арасындағы әлем біріншілігіне 17 елден 200-ден астам спортшы қатысты. Чехия, Моңғолия, Түркия, Бангладеш, Испания, Колумбия, Пәкістан, Венгрия, Өзбекстан және т.б. Жарыстың жалпы жүлде қоры 8 миллион теңгені құрады.

Қазбек АЙТҚАЛИЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз