ЖОСПАР БАР, ІС АЗ

«Нұр Отан» партиясы  облыстық филиалы жанындағы Жемқорлыққа қарсы іс-әрекет жөніндегі қоғамдық кеңес отырысында Исатай  ауданы бойынша жемқорлыққа қарсы жұмыстар туралы аудан әкімі Тұрарбек Сұлтанбеков ақпарат берді.

Қоғамдық кеңес төрағасы Сайын Қуанышев атап өткеніндей, ҚР «Жемқорлыққа қарсы әрекет туралы» Заң жобасы аталмыш «жегі құртқа» қарсы құқықтық базаны әрі қарай жетілдіруді мақсат етеді.  

Қалалық мәслихат депутаты, қоғамдық кеңес мүшесі Асқар Бопылдықов баяндағанындай, қоғамдық кеңестің мүшелерінен арнайы құрылған жұмысшы тобы  Исатай ауданында болып, мониторинг жүргізді. Сонымен қатар, осы сала бойынша жемқорлық фактілеріне қатысты тиісті құзырлы мемлекеттік органдардан анықтамалар алынды.

– Өткен жылы Исатай аудандық прокуратурасымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнамасының қолданылуына үш рет тексеру жүргізіліп, 11 заң бұзушылық фактісі анықталды. Үш заң бұзушылықты жою туралы ұсыныс енгізіліп, үш тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 11 мәрте заңға түсінік берілген. Аудан әкімі жанынан құрылған комиссияның жұмыс жоспары жасақталып, тоқсан сайын екі рет отырыс өткізілу жоспарланған. Алайда, өткен жылдың екінші тоқсанында ғана бір рет комиссия отырысы өткен, жоспардағы жеті отырыс мүлдем өтпеген. 2015 жылғы жоспар бойынша жылына сегіз отырыс жоспарланса да осы уақытқа дейін әлі бірде бірі өтпеген.

Жемқорлыққа қарсы іс-әрекет бойынша аудан әкімшілігінің, дербес бөлімдердің «Сенім телефондары» бар, жұмыс жасап тұр, алайда халықпен тікелей жұмыс жүргізетін жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімдерінде «Сенім жәшіктері» орнатылмаған, – деді баяндаған Асқар Төребайұлы. Ол Тәртіптік кеңес хатшылығы мен Исатай аудандық прокуратурасының мәліметтерінен мысалдар келтірді. Аудан бойынша жүргізілген тексерудің қорытындысымен  22  тұлғаға «ескерту», бір тұлғаға «сөгіс», ал бір тұлғаға «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түрінде тәртіптік жазалар берілген.

Өткен жылдың қазан айында Атырау облысының Тексеру комиссиясы мемлекеттік активтердің басқарылуына, тиісті нормативтердің дұрыс қолданылуына, коммуналдық меншіктегі мүліктердің пайдаланылуын бағалау мақсатында тексеру жүргізді. Тексеру барысында анықталған кемшіліктерге кінәлі тұлғаларға тиісті тәртіптік жаза қолданылды. Исатай аудандық прокуратурасының ұсынысымен 2014 жылы екі мемлекеттік қызметкер «Сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылық жасағаны үшін» тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

– Ауданда өңір әкімі төрағалық ететін «Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі аудандық комиссия» жұмыс жасайды. Өткен  жылдың маусым айында комиссия жұмысы облыс әкімі аппараты қызметкерлерімен тексеріліп, комиссия отырысы жоспарлы өтпегені анықталды. Бұл кемшілік бойынша комиссия хатшысына тәртіптік жаза қолданылды және комиссия қызметін жетілдіру шаралары белгіленді.

Кеңес отырысы барысында  баяндамашыларға сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылып, қаулы қабылданды.

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Суретті түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз