«ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКА» ӨЗІМІЗДЕН БАСТАЛАДЫ

Атырау облысы әкімі аппаратының Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау, біліктілігін арттыру және тілдерді оқыту өңірлік орталығы облыстағы мемлекеттік қызметкерлер арасында «Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшу туралы тұжырымдамасы: экологиялық менеджменттің жаңа бағыттары» тақырыбында біліктілік арттыру семинарын ұйымдастырды. Мақсат – «Жасыл экономикаға көшу»  мәселелері бойынша мемлекет  саясатының негізгі бағыттарын айқындау және аталмыш тұжырымдаманың негізгі тәсілдерімен таныстыру.

 Семинар барысында Су ресурстарын пайдалануды реттеу мен қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының басшысы Б.Қуанов, «Жайық-Каспий» Орхус орталығының директоры Ш.Ізтілеуова,Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары О.Бисембиев және осы басқарманың бөлім басшылары Г.Төлеубаева мен А.Сарсалова,Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Б.Ерғалиев және өзге де дәріскерлер «Жасыл экономика» тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатындағы мемлекет, бизнес пен жұртшылықтың өзара әрекетін жетілдіру, халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру мәселелерін талқылады. «Жасыл экономика»  мәселелері бойынша мемлекет саясатының негізгі бағыттары туралы жан-жақты түсініктер берілді. Сонымен қатар, мамандар өз дәрістерін заманауи ақпараттық технологияларды қолдана отырып, тренинг, пікір алмасу түрінде нәтижелі өткізсе, өңірлік орталық қызметкерлері тыңдаушылар үшін тақырыпқа сай арнайы  көрме ұйымдастырып, әдістемелік құралдар мен үлестірмелі материалдар арқылы қатысушылардың мол ақпаратпен қамтамасыз етілуіне мүмкіндік жасады.

Семинар соңында қатысушылар Қазақстанның «жасыл экономикаға көшу» тұжырымдамасын іске асыруға барлық азаматтар өзіндік  үлесін қосып, ел болашағына жанашырлықпен қарай білуі керек деген пікірлерін білдірді. Өйткені, қоғамның әрбір мүшесі үшін табиғи қорларға, электр, жылу энергиясына ұқыпты қарау, экологиялық іс-шараларға белсенді қатысу – науқандық мәселе емес, өмірдің  қалыпты жағдайына айналуы тиіс.

Лаура ҒАЗИЗОВА,

Атырау облысы әкімі аппаратының Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау,

біліктілігін арттыру және тілдерді оқыту өңірлік орталығының бөлім меңгерушісі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз