ТОЛҒАҚТЫ ОЙЛАР ТОҒЫСҚАНДА

Төрткүл дүниенің көптеген мемлекеттеріндегі сияқты, біздің елімізде де шағын және орта бизнесті дамыту – экономикалық өрлеудің және әлеуметтік-саяси жаңғыртудың басты құралы ретінде ерекше маңызға ие. Демек, шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі артқан сайын еліміз көркейіп, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарады. Әсіресе, орта таптың қалыптасуының материалдық негізі болып саналатын шағын және орта кәсіпкерлік құрылымдарының аймақтың даму үрдісіне қосып отырған үлесі де айтарлықтай екендігі даусыз. Дегенмен, бұл салада шешімін күтер проблемалар мен ауылдағы ағайындарды толғандыратын мәселелер де жетерлік. Оны облыстық «Атырау» газеті редакциясының мұрындық болуымен Құрманғазы, Жылыой, Мақат, Қызылқоға аудандарында бұған дейін өткізілген көшпелі «дөңгелек үстел» жанындағы кездесулер барысында айқын аңғардық.

Бұл бағытта Елбасының Ұлт жоспарында белгіленген нақты міндеттерді орындаудағы ауыл фермерлері мен шағын және орта кәсіп иелері ауданда қандай жұмыстар атқаруда? Олар мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларды пайдаланып отыр ма? Несие беру, жер телімін бөлу, өнім өндіру мен оны ұқсатуда кәсібінен нәсібін тапқысы келетіндер нендей қиындықтармен бетпе-бет келуде?

 Міне, осы және басқа да мәселелер облыстық «Атырау» газеті редакциясының ұйымдастыруымен Индербордағы «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы ғимаратының мәжіліс залында өткен кезекті көшпелі «дөңгелек үстел» жанындағы пікір алысуының негізгі өзегіне айналды. 

Ауқымды жұмыс ақылдасудан бастау алады

«Дөңгелек үстел» жанындағы пікірлесуді «Атырау-Ақпарат» ЖШС директорының орынбасары, облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов ашып, жүргізіп отырды.

– Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болып қабылдауымен шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға кең жол ашылып, өрісін кеңейтуге мүмкіндік туып отыр. Ендеше, Елбасы тапсырмасын орындауда ауыл шаруашылығын дамытып, өңірдің азық-түлік қорын қалыптастыру, қазақстандық өнімді көбейту бағытында ауданда қандай шаралар қолға алынуда? Осыған байланысты қандай қиындықтар кездесуде? Соны ашық айтуға жиналып отырған жайымыз бар.

Күні кеше ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке дағдарыс жағдайында қалай жұмыс жасау қажеттігіне қатынасты бірқатар нақты тапсырмалар берді. Әлемдік дағдарысты ел болып еңсеру үшін ауыл фермері, дихан мен шағын кәсіп иесінің қосар үлесі қандай болмақ? Осының бәрі жинақталып келгенде қазіргі жағдайда жергілікті жердегі жауапкершілік пен тиімділіктің де маңызын нақтылай түседі. Өздеріңізбен кездесудегі мақсатымыз да осы төңіректе болмақ. Еркін отырып, Сіздердің құнды ұсыныс-пікірлеріңізді тыңдасақ, күрмеуі қиын мәселелерді шешу жолдарын бірлесіп қарастырайық.

Қайрат Нұрлыбаев, Индер ауданы әкімінің орынбасары:

– Егін және мал шаруашылығы қатар дамыған ауыл шаруашылықты өңір болғандықтан, ауданда 45 шаруа қожалығы, 7 егін шаруашылығымен айналысатын құрылым жұмыс істейді, бұлардан басқа халыққа әртүрлі қызмет көрсететін шағын және орта кәсіппен айналысатын 1913 тұлға тіркелген. Бұларда екі мыңнан астам адам жұмыс жасайды. Бүгінде ауыл шаруашылығы саласында, егін мен мал шаруашылығында атқарылған бірқатар жұмыстарымыз қорытындылануда. Осы жылы шаруа қожалықтары мен жеке секторда егін-бақша дақылдарының көлемі 1073 гектарға жеткізіліп, оған қажетті тұқым алуға әкімшілік тарапынан көптеген көмектер, қолдаулар көрсетілді.Қажетті ауыл шаруашылығы техникалары алынды.

Бүгінде ауданда егін шаруашылығындағы озық әдіс – тамшылатып суару көлемін ұлғайту бағыты ұсталынуда. Қазір егіншілердің бұл озық технологияның тиімділігіне көздері жетті. Себебі, егіс танаптарын арық-жылғалар арқылы суаратындардан тамшылатып суару әдісін енгізген дихандар өнімді 2-3 есеге артық жинайды. Еңбек өнімділігі де жоғары, өнімі сапалы, аз шығынмен мол өнім алады.

 «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы», «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламалары бойынша да көптеген жаңа бизнес жобалары жасақталып, жоғары орындарда қорғау істері жүйелі жүргізіледі. Дегенмен, кәсіпкерлеріміздің несие алуға келгенде кепілдікке қойылатын мүлкінің жеткілікті болмауынан едәуір қиындықтарға кезігіп жүргені де рас.

 

Кәсіпкерді қажытатын – қаржы

Өтепберген Оразғалиев, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

– Шынында да, кәсібін жаңадан бастауға ниеті барлар несие алу үшін екінші дәрежелі банктерден көбірек қыспақ көретіні жасырын емес. Өйткені, олар өз пайдасын ойлайды. Кепілге қойылатын жылжымайтын мүлік нысандарының тым арзанға бағалануы кәсіпкер ойлаған соманы алуға жетпей жатады. Екі арада сандалумен күн өткізеді, сөйтіп, тауы шағылып, ұнжырғасы түсіп кетеді. Ал, егер сол несие жергілікті органдардың сенім-кепілхатымен шаруа қожалығына Үкіметтен тікелей берілсе, мұндай әуре-сарсаңға түспес еді деп ойлаймын.

Мырзабек Тасыбаев, кәсіпкерлік палатасы аудандық бөлімшесінің директоры:

– Басқасын айтпағанда, «Жайлау» бағдарламасы бойынша қаржыландыруға келгенде әкімшілік кедергілерге жиі кездесіп жүрміз. Біздің ауданға көбіне несие шаруа қожалығына мал сатып алу үшін беріледі. Ал, оның өнімін ұқсату, дайындау орындарын ашуға келгенде несиеге қолымыз жетпейді. Ауданда бірде-бір кәсіпкерлік нысаны қаржыландырылған жоқ.

Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының (ГАСК) талабы өте жоғары болып тұр. Соңғы кезде кәсіпкерлікпен айналысамын дегендерге жер де берілмеді. Газ тарифі өте қымбат. «ҚазТрансГазАймақ» мекемесі газ жүргізу үшін алдын ала төлем талап етеді. Бұл кәсіпкер қалтасына ауыр соғады. Осындай түрлі шаруаларымен облыс орталығына барған шағын және орта кәсіп иелері әкімшілік кедергілерге де тап болып жүр.

Мәмбетқали Құсайынов, Көктоғай селолық округінің әкімі:

– Үкімет жұмыспен қамту бағдарламасы аясында жаңа кәсіп ашушыларды қолдау мақсатында берілетін 3 млн. несие қаражат бүгінде сол кәсіпкердің ашқан орнына газ желісін тарту құнына әзер жетеді. Сонда шаруасын жаңа бастап жатқандар қайтеді? Біздің ауылда наубайхана ашамын деп ісін бастаған жас кәсіпкер осындай қиындықты бастан кешті. Соңында әкесі тағы 1 млн. 800 мың теңге несие алып, ұлының шаруасына салуға мәжбүр болды. Кепілге қоятын мүліктердің техникалық құжаттары осыдан 15-20 жыл бұрын жасақталған. Онысы қазіргі заң талаптарына сай болмайды. Оны қайта жасақтауға тағы қаражат жұмсайды. Осыдан келіп, кәсіпкерлердің несие алуға көп ынтасы болмай шығады.

Тағы бір айтарым, егін салушыларға Төменгі-Жайық суландыру жүйесі басқармасы көктемде су алу үшін алдын ала төлем жасау талабы қойылады. Өзі несие алып шаруасын жаңа бастап жатқан кәсіпкерге бұл да кедергі. Сондықтан, азын-шоғын бақша егетін адамдарға осыны тегін берудің жолын немесе келісім-шартпен жиын-терім жұмыстарын аяқтаған соң есептесу жағын қарастыруға болмас па еді?

 

Асыл малдың – берері мол

Исатай Балмағамбетов:

– Халықты азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету, егін өсіру, жылыжай шаруашылығын жолға қою, көкөніс өнімдерін сақтау мен консервілеу, екінші нанымыз – картоп өсіру жайы аймақ басшысы тарапынан күн тәртібінде өткір қойылып отыр. Соңғы кезде облыста мал тұқымын асылдандыру бағытында атқарылған шаруалар жетерлік. Жайықтың қос бетін жағалай орналасқан ауылдарда кәсіпкерлікті дамытуға барлық жағдай бар ғой. Алдағы қыстаққа әзірліктің, малға қажетті жемшөп дайындаудың жайы қалай?

Қайрат Нұрлыбаев:

– «Агробизнес – 2020» бағдарламасы шеңберінде биыл «Аграрлық-НесиеКорпорациясы» АҚ облыстық филиалы арқылы «Алтын асық», «Құлан», «Сыбаға» бағдарламалары бойынша шаруа қожалықтары 1,5 мыңдай қой, 70 бастай жылқы сатып алды. «Нұрлыбек», «Арсен», «Асыл Агро», «Райымбек», «Аманжол», «Ізгілік» шаруа қожалықтарына аналық мал басын асылдандыру, асыл тұқымды аталық мал сатып алып, түрлендіру жұмыстары жүргізілді. Олар мемлекет тарапынан субсидияға қол жеткізді. «Алға-1»шаруа қожалығы шұбат пен қымыз өндіру жобасын табысты жүзеге асыруда.

Аудан бойынша қыстаққа түсетін төрт түлік малға қажетті азықтың көлемі 54 мың тонна, оның 4617 тоннасы былтырдан қалған. Қазір 55400 тоннадай ірі сабақты пішен дайындалды. Қожалықтар мал қыстақтары мен аула-қораларын жөндеуден өткізді.

Өтепберген Оразғалиев:

– Меніңше, шаруа қожалықтарындағы мал басының өсуін қамтамасыз етуде қауіпті дерттердің алдын алу маңызды. Қызылқоға ауданында, соңғы кезде бізде де бруцеллез ауруының бас көтеруі қатты алаңдатып отыр.

Оның мән-жайын лабораториялық түрде анықтауға келгенде аудан мен облыс арасында кідіріс болып қалып жатады. Бұның өзі жергілікті жерде ет, сүтті тапсыру, жинақтау жұмысына кедергі келтіреді. Сондай-ақ, төрт түлік малды сырғалау, бірдейлендіру, бірыңғай дерекқорға енгізу жұмыстары жүйелі жүргізіліп отырылмайды. Сондықтан, менің ұсынысым, осындай ауыл мен қала арасындағы байланысты жақсартып, мал мамандары дәрі-дәрмектерін кешіктірмей жеткізіп, сарып сияқты жұқпалы аурудың алдын алу шараларын өз дәрежесінде атқарғандары дұрыс.

Исатай Балмағамбетов:

– Мақат ауданында болған көшпелі «дөңгелек үстел» кездесуі барысында бір шаруа қожалығының иесі «мал дәрігерін бүкіл қыс бойы көргенім жоқ. Шақырсам өзімнен бензин сұрайды» деген еді. Соның кебі болып шықпасын дейсіз ғой.

           

Тұщы су жайы алаңдатады

Мәмбетқали Құсайынов:

– Облыс әкімінің тапсырмасына сай ауылдық округ аумағындағы дихан қауымы жылма-жыл егін көлемін ұлғайтып, картоп, көкөніс, бақша дақылдарын егеді. Бірақ, олар өздерінің ала жаздай маңдай терінің жемісін жинап, өткізуге келгенде қиындықтарға тап болады. Басқасын айтпағанда, осы салада 20 жыл істеген шаруагерлердің өздері биылғы кездескен қиындықтарын айтып, тауыса алмай жүр. Атыраудағы базарға өнімдерін алып барса, сауда орны басшылары сондағы өзбектер мен қарақалпақтарға көтерме бағамен тапсырып кете беруді ұсынатын көрінеді. Өздері сатса, орын ақыны көтеріп жібереді, не сатқызбай әуреге салады. Сонда бұл жергілікті тауар өндірушіні қолдау емес, қорлау болып шықпай ма?

Атыраудағы жер асты суларын анықтайтын гидрогеологиялық мекеме ауылдық округ аумағында қай жерде, қандай тереңдікте тұщы су көзі бар деген мәселені анықтап беруге көмектессе. Себебі, бізде жер асты суының тартылып кетуіне байланысты, мал каналдан 25-30 шақырымға ұзап барып жайылып, қайтып оралуға мәжбүр. Осыдан келіп мал оңалмайды, қыстаққа көтерем күйінде түседі. Сөйтіп, мал өлім-жітімге ұшырайды. Мұнымен мал басы қайтіп көбейсін? Осыны ескеріп, гидрогеологтар әуелі жайылымдықтағы жер асты су көздерін анықтап алып, содан соң кәсіпкерлермен жұмыс істесе, әлдеқайда тиімдірек болар еді. Әйтпесе, ақысын төлеңіздер деп отырғаннан жұмыс ілгері баспайды ғой.

Сағираш Аюпова, «Нұрлыбек» шаруа қожалығының есепшісі:

– Біздің қожалық Жайық бойынан қырық шақырым қашық жерде, жиек бойын мекендейді, бағымымызда ірі қара малы бар. Ал, оған су табудың өзі қиын болып отыр. Жерасты сулары тартылған. Өз күшімізбен құдық қазып алғанбыз, суы ащы болып шықты. Жаңағы Көктоғай селолық округі әкімінің ұсынысын қолдаймын. Мал-жанның тіршілік нәрі суы болмаса, шаруа оңа ма?

Бізді қинайтын тағы бір мәселе – электр қуатының жоқтығы. Осыны белгілі бір бағдарлама бойынша қаржыландырып, ток көзін тартуға болас па еді?

Сонымен қатар, жайылымда ит-құс, жыртқыштар көп. Ақ адал бағып отырған малың болған соң оның да басын сақтап, қорғамаса болмайды. Осы жұмыстардың бәріне де жолдасымның өзі жүреді. Білесіздер, аңшылыққа жанармай, оқ-дәрісіне қыруар қаражат керек. Осы жайттарды болашақта реттеудің мүмкіндігі қарастырылса дегім келеді.

Дауылғали Тәженов, «Жарсуат» өндірістік кооперативінің төрағасы:

– Өткен жылы қазан айында «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 380 бас қойға сұраныс беріп, биыл наурыз айында отарға қостық. Мал басын көбейту, оның тұқымын асылдандыру бағытындағы жұмыстарымызды жалғастыра береміз. Бізді қинайтыны, су мәселесі болып тұр. Су жинайтын котловандар әбден ескірген, тайыз. «Алғабас-Жорық каналы» күрделі жөндеу көрмегелі отыз жылдай болды. Соның салдарынан су жинақтауы өте төмен.

 

Өнімді өңдеп, сату – тиімді

Исатай Балмағамбетов:

– Егін, мал өнімдерін ұқсататын, өңдейтін шағын цехтар мен ет комбинаттарын салып, өнімін халыққа сату тиімді емес пе? Егін өнімдерін көкөніс қоймасында сақтап, қыста қолжетімді бағамен халыққа апта сайынғы жәрмеңкелер арқылы сату тәжірибесі қалада, бірқатар аудандарда бар ғой. Малды тек сойып, сатқаннан гөрі өңдеу жағын да ойластырған жөн.

Қайрат Нұрлыбаев:

– Екі мың тонналық қойма салу мәселесін қайта-қайта көтеріп жүргенімізге біраз болды. Осыған дейін ешбір кәсіпкер көкөніс қоймасын салу жөнінде ұсыныспен келген жоқ. Тек биыл аудан орталығынан 2 мың тонналық бақша өнімдерін сақтайтын қойма салу мәселесі бойынша бір кәсіпкердің дайындаған жобасына қолдау көрсетіліп, облысқа ұсынылды. Бірақ, қаржы мәселесі шешілмеуіне байланысты іске аспай келеді. Соның әсерінен егіншілеріміз өсіріп, өндірген көкөніс, картоп дақылдарын «Атырау» ӘКК арқылы тұрақтандыру қорынан қайтадан Индерге әкеліп сатуға мәжбүрміз. Типтік жобамен салынған мал сою пункті жоқ. Шұжық, ет консервісін өндіретін шағын цехтың бизнес жоспары дайын, бірақ, оның да қаржыландыру мәселесі шешілмей тұр. Былтыр барлық талапқа жауап беретін он сегіз орындық ет-сүт сататын павиьонын ашып қойдық. Үш-төрт адам ғана өз өнімін сатады. Жалпы, шаруа қожалықтарында енжарлық басым, өнімдерін біреулерге көтертіп кеткенді тәуір көреді.

 «Алғабас-Жорық» каналына күрделі жөндеу жұмыстарына жобалау-сметалық құжаттары жасақталды, миллиондаған қаржы қажет. Осы басқосуда әңгіме болған жер асты су көздерін анықтау жұмыстары бойынша да тиісті орынмен байланыс орнатылды. Олар бірнеше жерде зерделеу жұмыстарын жүргізді, бірақ, бұл жұмыстарды қаржыландыруға кәсіпкерді тартуға келгенде қиындық басым.

Есентай Дәуітбаев, «Бірлік» шаруа қожалығының төрағасы:

– Жоғарыда сөз болып жатқан несиелерді бір ортадан, бір қолдан алу үшін «Агробанк» ашылуы керек. Сонда ғана шаруа адамы қала мен ауылдың ортасына жүгіруден құтылады. Өз басым сонау 90-шы жылдары қожалыққа қажетті несиені сол банктен тиісті құжатпен ғана алдым. Ал, бүгінде оның бірі де жоқ. Осы мәселені жоғары жаққа қайта көтеруді ұсынамын.

Жанай Амантурлин, аудандық мәслихаттың депутаты:

– Көктоғай округінің әкімі өте дұрыс айтып отыр. Азық-түлік дайындап, базарға апарған шаруагерге базар басшысының орын бермеуі, не болмаса, арзан бағаға беріп кет деуі шаруагердің конституциялық құқығын бұзушылық деп есептеймін. Бұл Елбасының тапсырмасына кереғар емес пе? Екіншіден, бұрын қаракөл елтірісін Біріккен Араб Әмірлігі біздің елімізден сатып алатын еді. Енді бүгін сол елтіріден жасалған сәнді киім үлгілері қайтадан тұрмысымызға, нарыққа еніп, әлемдік сұранысқа ие болуда. ДСҰ-ға мүше болғандықтан, қаракөл елтірісін өңдеп, бағалы киім-кешектер тігуді ойластырса, келешек үшін пайдалы болмас па?

Үшіншіден, неге несие беруші орындар электрондық үкімет порталымен жұмыс істемейді. Ауылдықтарды әрлі-берлі жүгірткенше барлық құжатын солай алып, тек қолын қоюға неге шақырмасқа. Елбасының өзі «электрондық үкімет» желісін тиімді пайдалануды ұсынып отырған жоқ па? Осында да белгілі біреулердің жеке мүддесі жатқан жоқ па екен деген ой келеді.

Исатай Балмағамбетов:

– Бүгінгі «дөңгелек үстел» барысында айталған жайттардың көпшілігі өзге аудандағылармен ұқсас, біртектес болып отыр. Бұның өзі осы бағыттағы жұмыстардың шешімі де ортақ болатындығын көрсетеді. Біз осы ортада айтқан ұсыныс-тілектеріңізді, қиындықтарыңызды салмақтап, жинақтап жария етумен қатар, тиісті орындарға шарасын алу үшін жолдайтын боламыз.

Сондай-ақ, кәсіпкерлерді толғандырған түрлі мәселелері біздің газеттің «Бизнесмен» қосымшасында қозғалады. Сол қосымшаға өзекті жайттарды жолдап, тәжірибе алмасып, сұрақтар қойып, жауап алуға болатындығын қаперлегім келеді. Ортақ жұмыста ақпараттың қашан да маңызы жоғары екендігін білесіздер. Газет ауылдағы шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлерге әрдайым да қолдау көрсетіп отыруға дайын. 

Түйіндеп айтқанда

«Дөңгелек үстел» жанындағы әңгімеге қатысушылар мемлекеттік кіріс департаментінің салық басқармасына жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, ал, жарық, жылу, су, газбен жабдықтайтын монополист мекеме-кәсіпорындарға тиісті төлем жасауға келгенде жеке кәсіпкердің заңды тұлғаға айналып, есеп айырысудағы жағдайларды да қарастырудың мән-жайын нақтылай түсуді ұсынды.

Басқосу барысында шалғайдағы малшы ауылдардың әлеуметтік жағдайларына оң қабақ таныту, жарықпен, тұщы сумен қамту, егін және мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу, азық-түлік қауіпсіздігі мен жеткілікті қорын жасақтау, қаржыландыру институттарының жұмысын ауылдағы ағайындарға көбірек бұрып, мұң-мұқтаждарын ескеретін кез де келді.

Ауданда «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасы шеңберінде Индердің табиғи байлығын кешенді игеру үшін ірі инвесторлар тарту, Индер тұзды көлінің шипалық қасиетін пайдалануға жол ашу да бизнес өкілдерін ойлантуы тиіс. Ауыл кәсіпкерлері тек өнімдерін өндірумен шектеліп қалмай, оны өңдеп, бәсекеге қабілетті өнімдер дайындаудың тиімді жағын қарастыруы қажет-ақ.

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытпай ауылдың өсіп-өркендеуі екіталай. «Елде болса – ерінге тиеді» демекші, ауыл шаруашылығын дамытуға көрсетіліп жатқан қолдауларды ескере отырып, кәсібімді ашамын дейтін жандардың еркін қам-қарекет жасауларына әбден болады.

Бақытжан ЖҰМАТ.

Суреттерді түсірген Сүйеу ХАЛЫҚОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз