ОТАН ДЕП СОҚҚАН ЖҮРЕКПЕН…

Тәуелсіздік тірегі – ең алдымен, демографиялық ахуал десек, зобалаң жылдары елден кетуге мәжбүр болған қандастарымызды Отанға оралтудың мемлекет үшін маңыздылығын түсіну қиын емес. Елбасының осы бағыттағы саясатының нәтижесінде бүгінге дейін шет елдерден бір миллионға жуық отандасымыз республикаға қоныс аударды.

 

«Елге келіп, еңбегіміз жанды»

Біздің мұнайлы аймаққа шет мемлекеттен оралғандар бүгінгі күні Атырау қаласында Көкарна, Тасқала, Балауса, Жаңаталап елді мекендеріне орналасып, тұрмыс кешуде. Елге оралған олардың көңілдерінде зор қуаныш пен еңбекке деген ынта-жігер арта түспесе, азаяр емес. «Атажұртын аңсап оралғандарға жасалып жатқан жағдайдың бәрі тәуелсіздігіміздің нәтижесінде іске асты. Егемендік  елімізде қанатын қатайтып алған соң шеттегі қандастарына назар аударып, бізді де ұмыт қалдырмай, елге жинап жатқаны үшін Елбасымызға шексіз ризамыз», – дейді біз тілдескен  «Оралман-Жайық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Құдабай Қаржауов.

Ол Ташкентте темір жол байланысы мамандығын алып, осы салада тоғыз жыл еңбек еткен. Кейіннен өзбек елінде жеке кәсіп ашуды көздеп, жұмыстаныпты. Сөйтіп, қазақтың ұлттық киімдерін тігумен айналысатын тігін цехын қолға алды. Оған сұраныс жоғары болғандықтан, кәсібі де біршама дамыды және оны алушылар да өзіміздің қандастар болған екен. Жат жерде ұлттық құндылықтарды ұлықтай жүріп, Қазақстанға оралуды ниет еткен Қаржауовтар отбасы 2004 жылы Атырау қаласы маңындағы Көкарна елді мекенінде тұрақтайды. Өзінің қоғамдық жұмысқа ынтасының барлығын, қабілетінің жоғарылығын көрсете білген ол жергілікті билікпен тез тіл табысып кетті. Соның айғағындай, «Оралман-Жайық» қоғамдық бірлестігін құрды. Өзі сияқты тарихи Отанына көшуді мақсат еткен көптеген бауырластардың елге келуіне септігін тигізді. Олардың әлеуметтік, материалдық мәселелерін шешуге ықпал етті. Нәтижесінде Атырау қаласы маңындағы мөлтекаудандарға 13 мыңнан астам азамат қоныстанды. Бүгінде әлеуметтік мәселелері толық шешілген олар өздерін бақытты сезінеді. Бұл бағыттағы Елбасының салиқалы саясатына дән риза.

Бірлестік төрағасы кеше ғана кенже ұлы Рамазанды шекара қорғау қызметіне әскерге шығарып салғанын, елге келіп Отан алдындағы азаматтық борыштарын өтеуге қол жеткізгенін де  мақтаныш санайды.

Қарақалпақстаннан қоныс аударған қандасымыз – Жұмабаевтар отбасын да ерекше айтуға болады. Еңбектің дәмін ерте тартқан отанасы Қалбике елге келіп қол қусырып отырмады. Атырауда бұрын өңірді тігін ісімен қамтып тұрған үлкен цех болған. Ол тоқырау кезінде жабылып, ісін мүлдем тоқтатқан. 1992 жылдан бері іске қосылмай, сол күйі қалған тігінге арналған үлкен станокты іске қосқан да осы – Қалбике.

Қаңырап тұрған орынды жөндеуден өткізіп, қайта түлеткен оның бұл ісін еңбек қоғамындағы үлкен жаңалық десек, артық айтқандық емес. Міне, қазір сол станоктың арқасында біршама уақытты үнемдеп, қызметін кеңейте түсті. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде жыл сайын несие алып, бүгінде кәсібі өркендеуде. «Көрпе тігетін станоктармен қатар, ескі мақтаны жаңалайтын құрылғыға да қол жеткіздік.  Бүгінгі күні онға жуық адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Бұл жетістігіміз Ұлы көшті қолға алған Мемлекет басшысының сарабдал саясатының нәтижесі» – дейді Қалбике Мұқанова.

Бүгінде Атыраудағы қандастардың 80 пайызы шағын кәсіпкерлікке бет бұрған.

Жаңа  заңның жетістіктері  неде?

Деректер бойынша, қазір ТМД елдерінде 1,8 миллион адам және алыс шетелдерде 1,4 миллион қандасымыз тұрады. Кейбір мәліметтерде «шетелдердегі қазақтардың саны бес миллионға жуықтайды» делінген. Қалай десек те, шетелдегі қазақтардың тағдыры бізді ойлантпай қоймайды. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Атырау филиалының төрағасы Өтепберген Әлімгереевтің айтуынша, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан – қандастарымыздың ең көп орналасқан аймақтары. Бірақ, бұған дейін тек сол елдерден ғана емес, Иран, Түркия, Ресейден бірқатар бауырласымыз елге оралыпты.

Айта кету керек, көші-қон үдерістерін реттейтін «Халықтың көші-қоны туралы» Заң 1997 жылы қабылданып, ол сол кезде ТМД елдеріне үлгі тарихи құжат болды. Бірақ, кейінгі жылдары осы заңды жетілдіріп, орындалу тетіктерін жақсартуда мемлекеттік органдар тарапынан жүйелі шаралардың жеткіліксіздігі салдарынан этностық көші-қонды ұйымдастыруда орын алып келген проблемалар аз болмады. Әсіресе, көшіп-қонушыларды орналастыруды ұйымдастыру жағы кемшін болатын.

Терең сараптама, жан-жақты талдау жасалмай қабылданған заңнама шетелдерден келетін қандастарымыздың көші-қонын күрт баяулатып жіберді. Бұл жағдайға байланысты Елбасымыз өз уақытында тікелей тапсырма беріп, Үкіметтен этностық қазақтардың тарихи Отанына оралуын ынталандыруға бағытталған этностық көші-қон саясатын жетілдіруді талап етті. Нәтижесінде, қайтадан «Көші-қон туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, оған Елбасы жуырда қол қойды. Бұған дейін заң жобасы жан-жақты қаралып және осы саладағы қордаланған проблемалық мәселелерді шешу үшін 43 адамнан тұратын жұмыс тобы құрылды.

Бұл жұмыс тобының қатарында болып қайтқан атыраулық Құдабай Мұхамбетұлының айтуынша, ендігі уақытта этностық қазақтар, қоныстанған өңіріне қарамастан, оларға еліміздің азаматтығы тұрғылықты тұруға рұқсат алғаннан кейін бір жыл мерзімде, өтініш берген күннен бастап үш ай ішінде жеңілдетілген тәртіппен беріледі. Бұрын олар Қазақстанда төрт жыл тұрақты тұруға міндетті еді. Сол сияқты, елде тұрақты тұруға рұқсатнама алу үшін этностық қазақтардан өзінің төлем қабілетін растау да талап етілмейтін болады.

Жалпы, заңда ішкі көші-қон саласындағы ел аумағы бойынша халықтың орналасу диспропорциясы мәселесін шешу мүмкіндіктері қарастырылды. Ендігі уақытта  шетелдердегі қандастарымыз тарихи Отанына оралуға ынталанып, Ұлы көш қайта түлері анық.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз