Оң өзгерістер халықтың жағдайын жақсартпақ

1515987918 sayas Саясат

Бүгінгі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында жаңа кезеңге қадам басқан Әділетті Қазақстанды құру жолындағы басты мақсатымыз бен қоғам игілігі жолындағы негізгі бағдарымыз толық қамтылған.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын ұстана отырып,  Жолдаудағы жаңа  бастамаларды іске асыру – бәрімізге ортақ міндет.

Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыратындығымыз белгілі.  

Көпшілікті қуантқан жағымды жаңалық – өскелең ұрпақтың болашағына бағытталған жаңа «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының іске қосылуы. Шет мемлекеттегідей біздің балаларымыздың да жеке есепшотына кәмелеттік жасқа толғанға дейін қаржы аударылатын болады. Жыл сайын Ұлттық қордың инвестициялық табысының тең жартысы осы мақсатқа бағытталады.

Ең төменгі жалақы көлемін көтеру, бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімі сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзарту – халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге бағытталып отыр.  

   Сонымен қатар, бүгінгі күні бәрімізді толғандыратын ауыл шаруашылығы саласында проблемалық мәселелер өте көп. Осы бағытта халықты азық-түлікпен қамту, ауыл шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен көлемін ұлғайту мәселелері де назардан тыс қалмаған. Еліміздің экономикасын дамытуға кедергі болып отырған су тапшылығы мәселесін шешу үшін су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеу тапсырылды.

Табысты ұлт болудың алғы шарттары – дені сау, білімді ұрпақ тәрбиелеу. Медицина саласы бойынша ұлттық жоба аясында 32 аудандық аурухана заманға сай жаңартылып, шалғай елді мекен тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетілетіндігі көңіл қуантады.

Білім беру жүйесінде жаңадан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске қосылады және біздің өңірімізде де өзекті болып отырған апатты жағдайдағы, үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешу көзделіп отыр.

Мелекетіміздің тұтастығына қауіп төндіріп, бейбіт күнде ел тыныштығын бұзған «қасіретті қаңтар оқиғасы» – әр қазақстандықтың есінде. Қаңтар оқиғасы қатысушыларына бір реттік рақымшылық жарияланып, көпшіліктің күткені болды деп ойлаймын.

 Ел мүддесі үшін, халықтың  әл-ауқатын жақсартуға бағытталған өзгерістер  – көпшіліктің көңілінен шығуда.

      Сондай ақ биылғы күзде Президент сайлауы, келесі жылы Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы өтетіндігі айтылды. Бұл халықтың өз мүдделері үшін сайлауға қатысып, өз таңдауларын жасауына және билікке толық сенім артуына септігін тигізеді. 

Мемлекет басшысының Жолдауындағы жаңашыл бастамалардың барлығы  – қоғамның барынша үйлесімді, әрі әділетті болуына ықпал ететіндігіне сенім білдіремін.

Ел бірлігі бекем, күніміз жарқын болсын!

Әлібек Нәутиев,

 Атырау облыстық мәслихатының хатшысы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз