МЕН ҮШІН ӘРБІР ҚЫЗМЕТКЕР ҚЫМБАТ

Елбасы Үкіметтің кеңейтілген отырысында алда тұрған келелі міндеттерді нақты саралап берді. Рас, Мемлекет басшысының «Нұрлы жол» бағдарламасын ұсынып, ауыртпалықты жеңілдетуге бағытталған алдын алу шаралары жұртшылық жүрегіне келешекке деген нық сенім де ұялатты.

Осы кеңесте Елбасының ерекше назар аударғаны – жұмыс орнының қысқаруына жол бермеу. Күнделікті ақпарат құралдарынан көріп отырмыз, әлемдегі алпауыт мемлекеттердің өзінде мыңдаған адам бір-ақ сәтте қызметінен қысқарып, жұмыссыздар қатарына қосылып жатыр.

Жұмыссыздық деген не? Ол – алдымен, адамның отбасын асырау мүмкіндігінен айырылуы. Қарапайым жұмысшы үшін ең бірінші мақсат – өндірісте өз орнын сақтап қалу. Адам сонда ғана өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінеді. Одан әрі, екі қолға бір күрек таба алмай, сенделіп текке жүрушілік соңы түрлі қылмысқа да соқтырады. Әсіресе, жастар бойындағы бұла күшін пайдалы іске жұмсай алмай, теріс қылыққа баруы да әбден мүмкін емес пе?

Қазір біздің корпорацияда 700  адам еңбек етуде. Көктемгі-күзгі науқандық шаралар кезінде олардың саны бір мыңнан асып жығылады. Солардың бірде-біреуін қысқартпауға бел байладым. Өйткені, олардың барлығы –жергілікті тұрғындар. Бәрін де танимын, отбасылық жағдайын да жақсы білемін. Кейбірі – тұтас шаңырақты жалғыз асырап отырған жандар. Оның үстіне, жақсы мамандар. Сондықтан, олардың әрқайсысы мен үшін қымбат.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында қандай қиындықтар болғанымен, Еуразиялық экономикалық одақтың қызмет істейтіндігі де атап айтылды. Бұл – біздің Елбасымыздың бастамасымен өмірге келген құрылым. Мұндай бірліктің қажеттігі бұдан жиырма жылдан аса уақыт бұрын айтылғанымен, биыл жұмысын бастады. Біраз дайындық шаралары жүзеге асырылды. Енді әлем көз тігіп отырған жаңа одақтың қызметін жарты жолда қалдыруға еш болмайды.

Құрманғазылық өзге кәсіпкерлер сияқты біз де көршілес Ресейдің іргелес Астрахан облысымен тығыз қарым-қатынастамыз. Олардың тауарларын тұтынып қана қоймай, өзіміздің де өнімдерімізді шығарамыз. Алыс-берісіміз бұрынғыдан да беки түсті. Бұған кедендік одақтың да көп ықпалы тиді. Енді мұндай игіліктен ажырап қалуға болмайды. Рас, қазір Ресей экономикасы біраз қиындықтарды бастан кешуде. Бірақ, Елбасымыз айтқандай, іргелі елдің мүмкіндіктері мол. Оның қазіргі ауыртпалықтан да шығатыны сөзсіз. Сол кезде бұрынғы қуаты да қалпына келеді. Тіпті, арта түсуі де мүмкін. Демек, біз өзіміздің әрі көп жылғы экономикалық әріптесіміздің, әрі дос мемлекетіміздің гүлденуіне де мүдделіміз.

Рас, бізде  Елбасымыз белгілеген шаралар өз  жемісін беруде. Отандық тауарлар алдыңғы кезекке шықты. Оған біз де үлес қосамыз. Әсіресе, алда қандай қиындықтар кездессе де, ынтымағымыз бұзылмауы тиіс. «Бірлік болмай, тірлік болмас» дегендей, ауыртпалықтар ауызбірлігімізге сына түсірмейді.

Әбдібек БИСЕНОВ,

«Құралай» корпорациясының президенті,

Құрманғазы ауданы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз