КӘСІПКЕРЛЕРГЕ – ЖАҢА МҮМКІНДІК

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық Коммуникациялар Қызметінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың, «Тамақ» ЖШС-нің директоры Гүлмира Конкашеваның және «Астана Флора Интер» жеке кәсіпкерлігінің директоры Гүлнәр Бөкебаеваның қатысуымен өткен брифингте шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың шаралары таныстырылды.

 

– «Даму» қорының қаржысын коммерциялық банктерге шартты орналастыру бағдарламасы бойынша 4705 кәсіпкер әйел жеңілдікпен несие алып отыр. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша кәсіпкер  әйелдер ұсынған 691 жобаның (21%) сыйақы ставкалары субсидияланса, 87 әйел (33%) несиелер бойынша кепілдікке ие болды. Яғни, «Даму» қорының кепілдігін алған әрбір үшінші несие кәсіпкер әйелдердің үлесіне бұйырып отыр, – дей келе, «Даму» КДҚ» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова Елбасы жариялаған мораторий шағын және орта бизнестің дамуына үлкен мүмкіндіктер беретіні туралы кеңінен айтып өтті.

Сонымен қатар, «Астана Флора Интер» ЖК директоры Гүлнәр Бөкебаева мен «Тамақ» ЖШС-нің директоры Гүлмира Конкашева шағын бизнес құру мәселелері бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті. Ландшафтық компанияның директоры Гүлнәр Бөкебаева бизнесті қалыптастыруға «Даму» қоры жүзеге асыратын бағдарламалар көп септігін тигізгенін атап өтсе, Гүлмира Конкашева ұлттық өнім – «Арзу» жаймасын шет елге экспортқа жіберуді жоспарлап отырғандығын жеткізді.

– Қазақстандық өнім шығарғандықтан, теңге бағамының өзгеруі тауар бағасына еш әсер етпеді. Бизнесіміздің өркендеуіне «Даму» қоры үлкен көмек тигізіп отыр. Мәселен, алған несиенің жартысын аталған қор жауып отыр. Бұған қоса, Үкімет тарапынан да кәсіпкерлерге үлкен қолдау сезілуде. Салық көлемінің төмендеуі – соның бір ғана дәлелі, – деді серіктестік директоры Г.Конкашева.

Сондай-ақ, брифингте Орталық Коммуникацияар Қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев әдеттегідей ағымдағы аптада Парламент желісі бойынша өтетін атаулы шаралармен таныстырып өтті.

АйгүлЕРТІЛЕУ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз